Президент тапсырмасы бойынша тағайындалған көмекті бас пайдасына жаратқандардың әлегі қарапайым отбасыларды әуреге салып қойды. Басындағы баспанасы мен меншігіндегі мүлкін жасырып, мемлекеттен қаржы алғандар енді бұған дейін алып қойған ақшасын қайтаруда. Алайда шырмауықша шырмалған мәселенің байыбына бармай, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылғандар да қосақ арасында кетуі атаулы көмектің жақсылығын жуып-шаюда. Халық игілігіне арналған қаражаттық қолдаудың нақты иелеріне жетпеуі халық қалаулыларының да назарынан тыс қалмады. Атырау қалалық мәслихатының депутаты, кәсіподақ саласы қызметкері, заңгер Салтанат Рахимова қала тұрғындарымен кездесуінде облыс бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға байланысты мәселе туындап отырғанын айтып отыр. Халық тарапынан айтылған шағымдар негізінде Салтанат Асқарқызы облыс басшысы мен өңірден сайланған Сенат және Мәжіліс депутаттарына атаулы әлеуметтік көмектің кері қайтарылуы жағдайын баяндап, ұсыныстарын жолдапты.
– Облыс тұрғындары өздеріне төленген атаулы әлеуметтік көмекті қайтару туралы хабарландырулардың беріліп отырғанына шағымдануда. Атаулы әлеуметтік көмекті қайтару туралы хабарламаларда табыс көзінің асып кеткені туралы көрсетілгенімен, көпбалалы аналардың түсіндіруінше, оқиға басқаша бетбұрыс алып отыр. Басты себеп – олардың немесе жұбайларының, тіптен ата-енелерінің жұмыс орнынан қосымша зейнетақы жарналарының аударылуы немесе атына жеке кәсіпкерліктің тіркелуі, үйдің, автокөліктің болуы атаулы әлеуметтік көмектен айырып отыр. Аз қамтылған отбасыларды асырап отырған әйелдер және көпбалалы аналардың айтуынша, олар ең алғаш атаулы әлеуметтік көмекті алуға тілек білдіріп құжат тапсырған кезде отбасындағы ешбір табысты немесе мүлікті жасырмаған, комиссия сұратқан барлық құжаттарды толықтай тапсырған. Сонымен қатар жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі комиссияларымен өтініш беруші ұсынған құжаттар зерттелді, олар мемлекеттік органдардың дерекқоры арқылы тексерілді, – дейді Салтанат Рахимова.Заңгер депутаттың айтуынша, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның талаптары бойынша учаскелік комиссиялар уәкілетті органдарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі қызметте жәрдемдеседі, отбасылардың материалдық жағдайы туралы қорытынды дайындайды.Заң талабына сай атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасының жиынтық табысын айқындау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылған өтініштің және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі. Сонда «арнаулы комиссиямен тағайындалып, мемлекеттік органмен төленген атаулы әлеуметтік көмекті алып, балаларын асырап-бағу үшін отбасы қажетіне жұмсаған бұл аналардың қандай кінәсі бар?!» деген сұрақтың жауабын ешкім айтпады. Бүгінгі күні көпбалалы, кейбір мүгедек балалары бар аналардан атаулы көмекті кері қайтару талап етілуде. Тіпті, 5-6 баласы бар аналар осы атаулы әлеуметтік көмекті банктерден несие алып, қайтарғандарын айтып отыр. Бұл – олар сол жәрдемақы көлемін банктерге сыйақысымен қосып, кемінде екі еселеп кері төлейді деген сөз. Бір анығы, мемлекеттен атаулы көмекке бөлінген қазына қаржысына көз алартушылардың кесірінен қарапайым отбасылар қиындық көріп отыр. Адамнан келер аярлықтың шегі бола ма?...