Қызылордада Nur Otan партиясының жаңа ғимараты ашылды
Қызылордада Nur Otan партиясының жаңа ғимараты ашылды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Nur Otan партиясы Қызылорда қалалық филиалының жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыстық, қалалық қоғамдық кеңестің,  ардагерлер кеңесінің төрағалары, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты. Қызылорда Қала орталығынан бой көтеріп, шаһарымыздың сәулеттік келбетіне көрік қосқан жаңа нысанның құрылысына «Дәнекер» ЖШС қолдау білдіріп, демеушілік  көрсеткен. 2 қабатты жаңа нысан заманауи талаптарға сай, озық сәулет үлгісінде салынған. Ғимараттың бірінші қабатында 100 адамға арналған конференция залы мен  өтініш-тілегін жетекші партияның назарына жеткізуге ниетті азаматтарды қабылдауға арналған «Қоғамдық қабылдау» бөлмесі бар. Екінші қабатта қызметкерлердің жұмыс кабинеттері орналасқан. Қызылорда Нысанның ашылуында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Ендігі жерде нұротандықтар халық пен билік арасын жақындатып, тұрғындарға сапалы қызмет етіп, Елбасы мен Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын нәтижелі орындап, мемлекеттік саясатты сәтті жүзеге асыра беретіндігіне сенім мол», – деп, Nur Otan партиясы Қызылорда қалалық филиалының жұмысына сәттілік тіледі. Айта кетейік, партияның қалалық филиалы 36 бастауыш партия ұйымы мен 261 партиялық топтан құралған. Құрамында 8 674 партия мүшесі бар қаламыздың саяси жетекші күші.

Н.ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы