158 млн теңгеге екі көлікті иемденіп алған экс-полицей 5 жылға сотталды

158 млн теңгеге екі көлікті иемденіп алған экс-полицей 5 жылға сотталды

Жалпы құны 158 млн. теңге болатын екі көлікті алаяқтық жолмен иемденген Түркістан облыстың Полиция департаментінің бұрынғы бөлім бастығы 5 жылға сотталды, - деп хабарлады ҚазАқпарат. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлағандай, Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы жеке адамға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің бұрынғы бастығы Р.Дүйсембиевке жалпы сомасы 158 млн. теңге болатын «Toyota Camry» және «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөліктерді алаяқтық жолмен иемденіп, сенімге қиянат жасады деген айып тағылған. Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының биылғы 10 наурыздағы үкімімен Р.Дүйсембиев кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, оның қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым иеленуге өмір бойына тыйым салынды. Бұдан бөлек, осы іс бойынша жеке нотариус Ж.Абдурахман ҚР ҚК 251-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылды.