Келешектің кілті – кемел білімде
Келешектің кілті – кемел білімде
155
оқылды
ХХІ ғасыр – адамзат өркениетіндегі шұғыл өзгерістерге толы кезең болып отыр. Бұл еліміздегі білім беру саласын жетілдіру мен оңтайландыру мәселелеріне де тікелей ықпал етуде. Әлеуметтік зерттеушілердің сараптамасына сүйенсек, ХХІ ғасырдың соңына дейін адамзат баласы өзінің осы күнге дейінгі даму үдерісін мыңдаған есе жылдамдықпен басып озады екен. Осы уақыт аралығында білім беру мен оқыту саласында да адам сенгісіз жаңалықтар болатыны болжануда. Олардың ішінен электронды мектептердің жұмыс істей бастауы (2024 ж.), әріптерді танитын, дұрыс жазуды өзі бақылайтын қаламсаптардың жасалуы (2027 ж.), жеке дыбыс қалыптастыратын ғаламдық сервердің адамзаттың табиғи дыбысының орнына қолданыла бастауы (2033 ж.), БҰҰ тілінің (жасанды тіл) жалпыұлттық тіл болып саналуы (2087 ж.), білімді тікелей санаға енгізу (2096 ж.) сияқты болжамдар бүгінгі білім беру үдерісін жоспарлау мен жобалаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Осындай еліміз үшін маңызды мәселелердің оң шешім табуы жолында еліміздегі іргелі жоғары оқу орнының бірі ретінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті де барынша үлес қосып келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті –  еліміздегі педагог мамандар даярлау ісінде 80 жылға жуық сапалы еңбек етіп келе жатқан бірегей жоғары оқу орны. Өйткені, ҚазҰҚПУ –  Шығыс Еуропа мен Орта Азия елдерінде тек қана қыздарды педагогикалық мамандыққа оқытатын бірден бір университет. Университет қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағытында 40-тан аса білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлап, еліміздегі ұстаздық кәсіптің сапалы болуына ерекше үлес қосып келеді. Ұрпақ тәрбиесі – білім берудің негізгі нәтижесі. «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен тең» деген ұлағатты сөздің шындығы халқымыздың дүниетанымында айқын көрініс тапқан. Ежелден-ақ ұрпақ тәрбиесі аналардың функциясы саналғаны белгілі. Сондықтан да білімді анадан өнегелі ұрпақ өрбиді деген сенім бар. Оны өмірдің өзі де дәлелдеп отыр. Оқу орнының білім беру мен тәрбиені қатар жүргізудегі қол жеткізген табыстары оның әлемдік білім беру кеңістігіндегі мәртебелі орын алуына мүмкіндік берді. Бұл жетістіктерге жету жолында университеттің құрамдас бөліктері айтарлықтай еңбек етуде. Осы ретте биылғы оқу жылында құрылымы қайта жаңғыртылған Филология институты, осы институт құрамындағы Қазақ әдебиеті, Қазақ тіл білімі мен оқыту әдістемесі және де Орыс тілі мен әдебиеті кафедраларының профессор-оқытушылар құрамының еңбегі де өз жемісін беруде. Қазақ әдебиеті кафедрасы –  Қыздар университеті ашылған күннен бастап жұмыс істеп келе жатқан байырғы кафедра. Кафедраның қызметі оқу орнының басты мақсатына сүйенетіні белгілі. Дегенмен, өзінің ерекшеліктеріне қарай қазақ әдебиеті кафедрасы университеттің қоғамдық мәселелермен байланысына тікелей араласатын көпірі іспеттес. Қоғамда болып жатқан барлық үдерістер кафедраның рухани өмірімен тығыз байланысты. Сергек көзқарас, байыпты тұжырым, терең пайымдаулар кафедра ұжымының еліміз бен әлемде болып жатқан барлық жаңалықтарға дер кезінде үн қосып, өзіндік позициясы мен функциясын айқындауына мүмкіндік береді. Өткен жыл қорытындысы бойынша ғылыми әлеуеті мен оқу-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру жетістігі бағытында университетте бірінші орынға шыққан филология институты мен қазақ әдебиеті кафедрасы өзінің стратегиялық жоспарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты қалыптастырып отыр. Университет қабырғасында алған білімін қоғам игілігіне жұмсай білетін интеллектуалды маман даярлау –  кафедраның басты стратегиялық мақсаты. Әлемдік және отандық білім беру үдерісінің соны жаңалықтары мен озық жетістіктерін практикаға енгізу тәжірибесі білім беру бағдарламасының мазмұнында жан-жақты қамтылады. Өйткені заман талабына сай кәсіби құзыреттілігі толық қалыптасқан, бәсекеге қабілетті маман даярлаудағы атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыты бір-бірімен тығыз байланыста кіріктірілген пәндерді оқыту арқылы нәтижелі білім беру болып табылады. Бұл үрдістің жүзеге асуы білім беру бағдарламасының сапасы мен оның іс жүзінде толық орындалуына тікелей байланысты. Сондықтан да кафедраның профессор-оқытушылар құрамы заманауи білім беру үдерісіндегі жаңалықтарды жіті бақылап, кәсіби біліктерін үздіксіз жетілдіріп отырады. Оқыту мен білім беру саласындағы озық тәжірибелермен танысып, еліміз бен шетелдерде танымал мамандардың семинар-дәрістеріне қатысудың нәтижесінде оқытушылар жаңа форматта білім беруді ұйымдастыруда біршама жетістіктерге жетті. Білім нәтижесінің практикада қолданылуының ең оңтайлы жолдарын іздестіру оқыту теориясының дәстүрлі ұстанымдарын бүгінгі озық технология мен ұлттық таныммен интеграциялау арқылы іске асырылып келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор м.а. Н.Аршабековтің оқу орнынын алдағы уақыттағы стратегиялық даму бағыттарын айқындай келіп, негізгі басымдық берілетін салаларға педагогтердің кәсіби дамуын, университеттің ғылыми әлеуетін дамытуды және академиялық артықшылықты дамытуды жатқызғаны бірегей оқу орнының алдағы уақыттағы даму жоспарының айқын екенін көрсетеді. Университеттегі ғылыми әлеуеті ең жоғары, профессор-оқытушыларының кәсіби біліктілігі білім нәтижесінде танылған қазақ әдебиеті кафедрасының ұжымы еліміздегі жоғары мектептегі білім беру үдерісінің жаңа қарқынмен дамуына, болашақ педагог мамандарды даярлау ісіне өз үлестерін қоса бермек. Келешек жастардың қолында. Ал ертеңгі елдің келешегі – бүгінгі жастарға кемел білім беру біздің басты парызымыз.

Юсуп Пархат Қорабайұлы, Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.