Қарызы барлар көлігінен айрылды
Қарызы барлар көлігінен айрылды

22 қаңтардан бастап Қызылорда облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы, қалалық прокуратура және жеке сот орындаушылары бірлесіп, «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Аталған шараның мақсаты - әкімшілік құқықбұзушылықтарға салынған айыппұлдарды төлемей жалтарып жүрген борышкерлерден айыппұл өндіру. Бүгінгі күнге дейін 7 млн. 200 мың теңге көлемінде айыппұлдары бар борышкерлердің 10 автокөлігі  айып алаңына қойылды. Сонымен қатар, шара барысында сақтандыру полисі жоқ және жалған мемлекеттік белгі тағып, көлік құралын басқару деректері де анықталды. Анықталған әрбір құқықбұзушылық бойынша көлік жүргізушілеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қолданылуда. Мұнан бөлек, Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық шара барысында жол қозғалысы ережесін бұзудың 1153 дерегін анықтады. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары бар көлiк құралдарын басқарудың 70 дерегі, заңсыз қайта жабдықтаудың 16 дерегі, қарсы бағытқа шығудың – 5, бағдаршамның тыйым салынған түсінен өтудің 28 және соқтығысу сәтін туғызудың 16 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, ұялы телефонмен сөйлескен – 85, белгіленген жылдамдық мөлшерін арттырған – 221, қауіпсіздік белдігін  тақпаған 211 және жаяу жүргіншіге жол бермеген  66 жүргізуші анықталып,  тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 85 автокөлік айып тұрағына қойылып, 36 автокөліктің қозғалысын шектеу мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері алынды. «Мас жүргізуші қоғамға қауіпті. Ішімдікке тойып алған жүргізуші өз өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.  Масаң күйде көлік басқарған тұлғалар жасаған әрекеттерінің артында адамның тағдыры тұрғанын ұмытпаған жөн», – дейді тәртіп сақшылары.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы