Ақмолада ер адам көңілдесін жертөлеге қамап тастады
Ақмолада ер адам көңілдесін жертөлеге қамап тастады
94
оқылды
Ақмолада көңілдесін көкала қойдай етіп ұрып, жертөлеге қамап тастаған ер адам ұсталды,– деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Учаскелік полиция инспекторына жүгінген әйел өзінің 41 жастағы қызының ұзақ уақыттан бері телефон көтермейтінін хабарлаған. Ал бұл уақытта әйел өзінің азаматтық некедегі күйеуінде болғаны анықталды.

«Дәл сол күні азаматтық некедегі жұбайлар арасында қызғаныштан жанжал туып, ақыры 39 жастағы ер адам мас күйінде әйелге дене жарақаттарын салған. Мұнымен қоймай әйелін сүйреп апарып жертөлеге қамап тастапты. Бұл жағдайды үйге кездейсоқ қонақ болып кіріп қалған көршісі көріп қалған. Өз қылмысын жасырмақ болған жігіт дереу қашып үлгерген. Оны ауылдағы учаскелік инспектор іздеп тапты»,– дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Полицейлердің айтуынша, әйел жертөледе бір сағатқа жуық уақыт болған.

«Сот-медициналық сараптамасының нәтижелері бойынша зардап шеккен әйелдің қолы мен қабырғалары сынған. Бұл денсаулыққа орташа зақым келтірген болып табылады. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша бірден қылмыстық кодекстің 107-бабы «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зақым келтіру» және 126-баптың 1-тармағы «Заңсыз бостандығынан айыру» бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалды»,– деп толықтырды ведомстводан.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы