Күрделі кезеңнен сүрінбей өттік

Күрделі кезеңнен сүрінбей өттік

Алматы облысында «Nur Otan» партиясы  2020 жылдағы елді алаңдатқан күрделі жағдайға қарамастан, үлкен жұмыс атқарды.  Қауіпті індет көптеген  мәселеге көңіл аудару қажетін алға тартты. Адам өмірі мен денсаулығы ең басты құндылықтар екені ескеріліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен күрделі кезеңнен сүрінбей өттік.

Былтыр көктемде елімізде COVID-19 пандемиясы тарап, Президенттің Жарлығымен төтенше жағдай жаряланған-ды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысының Үндеуіне сәйкес елімізде «Nur Otan» партиясы «Кедергісіз келешек», «Ба­қытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Жастар – Отанға!» жобалары негізінде BIZ BIRGEMIZ атты республикалық акция ұйымдас­тыр­ған болатын. Акция аясында Алматы облысы бойынша 29 607 мұқтаж жанға 318 889 601 теңгенің көмегі көрсетілді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасы, жалғызбасты қарттар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға азық-түлік себеттері мен антисептикалық құралдар таратылды. Халыққа көмек көрсетуде Іле, Панфилов, Алакөл, Талды­қорған, Кербұлақ, Талғар, Қарасай аумақтық партия филиалдары жақсы жақтарынан көрінді. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде облыста Birgemiz Jetisy атты аймақтық қор құрылды. Республикалық BIRGEMIZ қорынан аймақтық қорға 2 223 550 000 теңге көлемінде қаражат аударылып, 44 471 жанға 50 000 теңгеден берілді. «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі А.Баталовтың бастамасымен «Бақытты отбасы», «Жастар – Отанға!» жобасы аясында Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында арнайы штаб құрылып, Алматы облысының аудан, қалалық партия филиалдарынан қаржы және қажетті тұрмыстық заттар жиналды. Көлемі 14 жүк көлігіне тиелген 200 тоннадан астам азық-түлік, құ­ры­лыс материалдары мұқтаж жандарға жеткізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 17 тамыз бен 3 қазан аралығында респуб­ликалық партияішілік сайлау ауқымында праймериз өткізілді. «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі болып саналған праймеризге қатысуға 1 108 адам тіркеліп, өңірде 1 орынға 3,8 үміткерден айналып, үлкен бәсекелес­тік болды. Олардың 36,4%-ы әйелдер, 25%-ы жастар еді. Соны­мен бірге көпбалалы аналар, мүгедек жандар, қандастар да қатысты. Қатысушылардың 60 пайыздан астамы немесе 785 үміткер праймеризге қатысуға өзін-өзі ұсынса, 323 үміткер бастауыш партия ұйымы атынан сынға түсті. Үміткерлер қатарында дәрігерлер, ұстаздар, дала еңбеккерлері, кәсіпкерлер және қоғам өмірінде көзге түсіп жүрген белсенді жастар бар. Қазақстан Парламенті Мәжілісіне 26, облыстық мәслихаттағы депутаттық мандат­қа 132, ал аудан, қалалық мәсли­хаттарға 950 үміткер тіркелді. Үміткерлер 137 113 адамның қа­тысуымен 2 781 кездесу өткізіп, 15 768 ақпараттық насихаттық парақ­шалар таратып, өңірдегі барлық аудан, қала, ауылдарды қамтыды. Парламент Мә­жілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде 2020 жылдың 21 қазанынан ағымдағы жылдың 24 қаң­тар аралығында партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының желілік кестелеріне сәйкес 6 628 іс-шара ұйымдастырылып, 452 816 адам қатысты. Оның ішінде 3 895 іс-шара онлайн түрде 270 201­ адамның қатысуымен өтті. Сайлау нәтижесі бойынша «Nur Otan» партиясы­нан облыстық мәслихатқа 37 мандат, аудандық, қалалық мәслихатқа 267 мандат берілді. Сонымен қатар облыс бойынша саяси партияларға 56 мандат бұйырды. 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап Сайлауалды бағдарламада көзделген іс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында өңірлік Жол картасы әзірленді. Онда Алматы облысы бо­йын­ша 1 910 көрсеткіш пен 6 256 іс-шара бекітілген. 2021 жылы сайлауалды бағдарлама 20,1%-ға, 2022 жылы – 40,4%-ға, 2023 жылы – 61,2%-ға, 2024 жылы – 80,6%-ға және 2025 жылы 100%-ға орындалады деген батыл болжам бар. Атап айтқанда, биыл 72 медициналық нысанның 20-сы, 81 мектептің 10-ы, жастарға арналған 8 жатақхананың 3-еуі, 65 мәдениет нысанының 4-еуі, 18 спорт нысанының 2-еуі салынады. 2025 жылға дейін 134 мың жұмыс орны ашылып, 188,7 ша­қырым жергілікті маңызы бар автожолдар, 11,9 шақырым жылумен жабдықтау желілері салынып, қайта құрастырылады, 99 елді мекенге газ таратылады. Жол картасына республикалық бюджеттен алдағы 5 жылда 428,0 млрд, жергілікті бюджеттен 523,3 млрд теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар жеке қаражат есе­бінен 1,7 трлн теңге бөлінуі қа­рас­тырылған. Қаржының мақсатты игерілуі мен міндеттердің орындалуы аудандық және қалалық партия филиалдары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бақылауында болмақ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғын мерекелеуге орай арнайы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес аймақтық және аумақтық партия филиалдарының ұйымдас­тыруымен 12 бағыттан тұратын 700-ден астам іс-шара өткізу жос­парланған. Іс-шаралар онлайн және офлайн форматта болады. Партияның «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Жастар – Отанға!» жобалары аясында жоспарға сәйкес іс-шаралар қолға алынады. «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, облыс әкімі, Алматы облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталов бекіткен болатын. Аталған құжатта отбасы және балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, отбасындағы балалар құқығын қорғауды қамтамасыз ету, отбасы институтын нығайту бағыттары бойынша 10 міндет және 41 шара қамтылған. Осы орайда, 2021 жылға арналған арнайы жұмыс жоспары бекітілді.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары