Қош бол, Октябрь!
Қош бол, Октябрь!
117
оқылды

Қарағанды қаласында екі аудан бар. Бірі – Қазыбек бидің атын алса, екіншісі – Октябрь ауданы. Осы ауданды Алаш арысы Әлихан Бөкейханның атына ауыстыру жайлы ақпарат бір ай бұрын шықты. Ал  кеше қоғамдық талқылау өтті.

Жергілікті әкімдік халықтық тыңдалымды эпидемиялық жағ­дайға байланысты, бір жерде көп шоғырланбауын ескере отырып, қаланың 15 нысанында өткізді. Октябрь ауданы Қараған­ды­ның құрамындағы әкімшілік-ау­мақтық бөлік деп саналады. Ха­лық саны 250 мыңға жуықтайды (2018 жылғы есеп бойынша). Аудан 1938 жылы құрылған. 1961 жылға дейін Сталин ауданы деп аталып келген. Оған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы сөз айтылып келе жатқа­нына да 10 жылға жуықтады. Ол уақытта бұл ұсынысты ғалым Нұр­лан Дулатбеков айтқан бола­тын. Жергілікті халық, қоғам бел­сенділері, зиялы қауым өкілдері бұл мәселені жыл сайын облыстық және республикалық деңгейде көтеріп келе жатыр. Оны өзгертуге бастамашыл топтар мен оларды қолдаған жергілікті халықтың ғана ниеті болмаса, биліктілер тарапынан кейде құрғақ уәде, кейде қызыл сөз, кейде мардымды жауап та болмай келген еді. «Ақ­жолтайлап» сүйіншілеткен ха­­барды естіген халықтың қарасы қалың. Жиынға 685 адам қатысты. Өз ойларын ортаға салғандар «Әлихандай ұлы тұлғаны ұлық­тасақ, ұтылмаймыз» деп тарасты. Қарағанды қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұл­танов: «Қоғамдық талқы­лауға келген халық Октябрь ауданының Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атына өзгертуді 100 пайыз қол­дады», – деді. Айта кету керек, Қазақстанда 2021 жылғы 1 мамырдан бастап ауыл, аудан, көше аттарын ауыс­­тыруға тыйым салатын мора­торий күшіне енеді. Мора­торий 31 жел­тоқсанға дейін созылмақ. Сон­дықтан аудан атауы ауысса, онда әкімдік құжаттарды 1 мамырға дейін реттеп үлгеруі керек...

Қарағандылық үлгі

Кеншілер қаласы атанған Қарағандыда қоғамдық тыңдау өткізу бірінші рет ұйымдас­­ты­рылып отырған жоқ. 2020 жылы да осылай Қарағанды қа­ласында өткен қоғамдық тың­дауға 1 000-нан астам тұрғын келіп қатысқан еді. Сол уақытта үлкен залға сый­маған халыққа шенеуніктер екін­ші залды ашты. Қоғамдық тың­дауда 10 көшенің атын өзгер­туді ұсынды. Өзгертуге қойылған кө­шелердің басым бөлігі – тарихи ма­­­­ғынасы жағынан ескірген орыс тіліндегі атаулар. Қаланың ор­талық көше­­сінің бірі Ленинге Абай есімін беру, Защитная көшесіне Потанин, Кувская кө­шесін Қазыбек Нұр­­жанов, При­­канальная көше­­сіне Сары­арқа атауларын беру тәрізді 10 көшенің атауын өзгертуге дауыс берілді. Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай көшесі деп атал­сын» деп ұрандап, «Көше атау­ларын өзгертудің уақыты келді» деп шулады. Бес-алты қала тұр­ғыны Ленинге араша түсті. «Ле­нин – біздің тарихымыз. Сон­дықтан оның аты қалсын» деп сөз алған қала тұрғыны Нина Се­рованың сөзін халық шулап, аяқ­татпай қойған болатын. Ал Ержан Рыспаев деген азаматтың көше атауын өзгертуге мол қаржы кетеді деген уәжіне кәсіпкер Ерлан Әшімов: «Кәсіпкер ретінде қан­ша­ма қаражатты салыққа төлеп отырған адаммын, егер қажет бол­­са осы көше атауларына кете­тін қаражатты мен төлеп берейін» деп ұсыныс тастаған еді. Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойын­ша жиналған жұрттың барлығы дерлік көше атын өзгертуді құптап дауыс берген-ді. Сөйтіп, сол кез­дегі қоғамдық тыңдауда көше атаулары өзгерді. Ал осы жолғы тыңдауда аудан атауын ауыстыруға ашық қарсылық танытқандар аз болды.

 Ескі де жаңа бастама

Негізі, Қарағандыдағы Ок­тябрь ауданының атын өзгерту туралы ұсыныс соңғы 5 жылдан бері ұдайы көтеріліп келеді. Ұсы­ныс баспасөз бен әлеуметтік же­лілерде ғана емес, облыс бас­шы­­ларымен кездесулерде де ай­тылып жүрді. Мәселен, 2017 жылы қара­ғандылық белсенді Айтқожа Фа­­зы­­­лов сол кездегі облыс әкімі Нұр­­­мұхамед Әбді­бековтің халық­пен кездесуі ке­зінде аудан атауы­ның неге ауыс­тырылмағанын сұраған еді. Ал 2018 жылы сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қощанов халыққа есеп беру кездесуі кезінде бұл мәсе­ленің бұйрықпен шешіл­мейтінін айтқан-ды. «Бұл әкімнің бұй­рығымен шешілетін мәселе емес. Сол ауданда 250 мыңнан аса адам тұрады. Сол халықтың пікі­рімен санасып, әуелі аудан көле­­мінде, қала көлемінде тыңдау өт­кі­­­зіп, солай жасау керек» деген еді. Ал облыстың қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбек те аудан атауын өзгерту үшін қоғамдық тыңдауды жақ­­тайтынын бай­қатқан. Шамасы облыс басшы­лығы қаладағы көше атауларын ауыстырып, қоғамдық пікірге әсер ету тәсілдерін қолдана отырып, аудан атауын ауыстыруға тұрғын­­­дарды біршама даярлау тәсіліне жүгінгенге ұқсайды. Өйт­­кені әр жылдары түрлі ақпарат тарап, белсенді азаматтар мә­­селені кө­теріп тұратыны бар. Биыл ақ­пан­­ның басында әлеу­меттік желі­лерде аудан атауын өзгертуді Пре­зидент Қасым-Жомарт То­қаевтың да қолдағаны жайлы әң­гіме тараған еді. Дәлірек айтқанда, бұл ақпа­ратты Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Пе­­руа­­­­­шев Telegram каналында тарат­­қан еді. Оның сөзіне қара­ғанда мұндай деректі облыс әкімі пар­тияның жергілікті филиа­­­­­лының басшысымен кез­десу ке­зінде айтқан көрінеді. Бірақ Мем­лекет басшысының баспасөз қыз­меті бұл ақпаратты жоққа шы­ғар­мады. Растаған да жоқ. Сөйтіп, бір­те-бірте қоғамның ішкі даяр­лығы, азаматтардың белсен­ділігі қажет деңгейге жет­кен кезде атау­ды өзгерту туралы қоғамдық тың­дау өткізілді. Бұл да тиімді тәсіл болғанға ұқсайды. Өйт­кені енді атау өзгертуге қарсы топтың қо­ғамдық тыңдау ұйым­дастыру бас­тамасын көтеруге мүмкіндігі қал­майды. Әрі бас­таманы биліктің де қолдап отыр­ғанын жұрт сезіп, білді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы