Сынақты бірге еңсердік
Сынақты бірге еңсердік
119
оқылды

Былтыр наурызда Қазақстан жаһанда жылдам тарай бас­таған коронавирус пандемиясымен  бетпе-бет келген болатын. Сөйтіп, пандемиямен жалпыхалықтың күресі басталған. Еліміз өз тарихында алғаш рет мемлекет аумағын тұтас қамтыған төтенше жағдай, кезең-кезеңімен локдаун, індеттен қайтыс болғандар үшін қаралы күн жариялауға да мәжбүр болды. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен пандемия салдары бәсеңдеп, қиындық артта қалды. Еңсеміз қайта тіктелді.

«Осыдан тура бір жыл бұрын ДДСҰ коронавирус таралуына байланысты жаһандық пандемия жариялаған болатын. Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан кешірді. Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдады. Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмектер берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті ең­сердік. Бірақ дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Сондықтан да барша отандастарымды сақтанып, өзіне де, айналасындағыларға да мұқият болуға шақырамын». Бұл 11 наурыз күні Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Тwitter-дегі жазбасы. Расында да, қиын жылдан қиналмай шыға алдық. Қазір вакцинация кезеңі мен қалпына келу үрдісін бастан өткерудеміз. Бұл жолда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі зор болғанын ерекше атап өткеніміз жөн болар.

Көппен бірге көргенмен, «той» емес

Дабыры дүниежүзіне желтоқсан айында-ақ тарай бастаған індеттің Қазақстанды да айналып өтпесі анық еді. Сондықтан да ел басшылығы зауалға қарсы күреске ертерек қамданды. Есік-тереземізді қымтауға қанша тырысқанымызбен, былтыр наурызда атышулы вирусты жұқтырғандар тіркелген-ді. Сол сәттен бастап-ақ Президент бірден шұғыл шаралар қабылдады. Шамасы, кәнігі дипло­мат, дүние тынысын сезіне біл­ген саясаткер коронавирус пандемиясының қандай зардап әкелерін көре білді ме қайдам, әйтеуір 12 наурыз күні ДДСҰ жа­һандық пандемия жариялаған күннің ертесіне Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен кеңес өткізіп, Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға вирустың елімізге енуіне және таралуына жол бермеу шараларын қатаңдату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ал 13 наурызда елімізде алғаш­­қы коронавирус дерегі тіркелгенде, Президент Жарлығымен 16 наурыз­дан бастап 1 айлық төтенше жағ­дай жарияланды. Осы орайда, Мем­лекет басшысы Қазақстан хал­қы­на телевизиялық Үндеу жолдады. «Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыс­тан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирус­тың таралмауына атсалысуы қажет. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сөйтіп, қазақстандықтар жаһан жұртшылығымен бірген пандемия­мен күрес майданына кірген болатын.

Қорғаныс шараларын үнемі бақылауда ұстады

Пандемия басталған сәттен-ақ әбжіл қимылдаған Қазақстан билігі халықты пандемиядан сақтандыру мен қорғау бағытында кешенді шараларға барды. Президент жанынан Премьер-Министр басқаратын мемлекеттік комиссия құрылып, елде карантин жарияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел Үкіметі барлық қажетті алдын алу шараларын қолға алып, қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға көшті. Қалалардың ішіндегі қандай да бір қозғалысқа шектеу қойылып, қоғамдық жолаушылар көлігі тоқтатылды. Адамдар көп баратын барлық көпшілік және сауда, ойын-сауық орындары жабылып, азық-түлік дүкендері және базарлар ғана ашық қалды. Бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды. Ауруханаларда орын саны көбейтіліп, көшелерге дезинфекциялау жұмыс­тары жүргізілді. Жоғары оқу орындары қашықтан оқыту әдісіне көшіріліп, мектептер 16 наурыздан бастап көктемгі каникулға жіберілді. Қалалардың кіреберісіне блок-бекеттер орнатылды. Тек қалаларға ғана емес, ел аумағына да кіруге және шығуға шектеу қойылды. Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді. Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест сынамаларын және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Қысқа мерзімде модульді ауруханалар бой көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздік­сіз қамтамасыз ету мәселесін ерек­ше атап өтіп, шектеу шараларынан шағын және орта бизнестің зардап шекпеуі тиіс екенін баса айтты. Тіршілікке жауапты маңызды мекемелерден басқа жұмыс орындары онлайн форматқа көшірілді. Осы­лайша, өмір салтымыздың ажы­рамас бөлшегіне айналған оқ­шау­лану атты жаңа кезең басталды. Бұл коронавирустың аса қар­қынды бірінші толқынында көп зардап шекпеуге мүмкіндік туғызды.

Экономиканы құлдыратпау да өзекті болатын

Әйтсе де, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, мұндай оқшаулану талаптары экономикаға кері әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан екі айға жуық созылған төтенше жағдай мамырдың 11-інен бастап сәл босаңсыған болатын. Бұл санитарлық ахуалды ушықтырып жіберді де, эпидемия белең алып кетті. Шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бірақ бұл уақытша қиындық еді. Ел басшылығы туындаған жағдайға жедел ден қойып, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында бір жарым айға шектеу шаралары қайта күшейтілді. Осылайша, вирустың жұғу тізбегін тағы да үзіп, респуб­ликадағы эпидемиологиялық жағ­дайды тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Содан бері біртіндеп қана босаңсыған карантин талаптары, экономиканы тұншықтырып алмау және коронавирустың жұғу қарқынын ырыққа көндіру амалын жасаумен келеді. Әуелгіде қалаішілік қоғамдық көліктер қайта жанданса, кейіннен блок-бекеттер алынып, қалааралық қатынасқа да рұқсат берілді. Шекаралар мен халықаралық рейстер қайта ашылды. Кейбір қала құраушы мекемелердің жұмыс режимі оффлайнға көшсе, шағын кәсіпкерлік нысандарының мейрамханалардан басқасына жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Сонымен қатар бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарына жұмысын бастауға және баяғыдай кең көлемдегі қоғамдық іс-шараларға әлі де болса рұқсат жоқ. Дегенмен еліміз коронавирусқа дейінгі өмір ағымына біртіндеп оралып келеді. Бүгінде жағдайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өз қадағалауында ұстап отыр. Карантин манипуляцияларының (реттеу тетіктерінің) қай-қайсысы да Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асуда. Арагідік Президенттің өзі де «қолмен басқару» режиміне кірісіп кетіп жатқан кездері аз емес. Жалпы, ел билігіндегі біржылдық қызметі әлемдік пандемиямен күрестің шиеленіскен шағына тұспа-тұс келген Қасым-Жомарт Кемелұлына «қолмен басқару» стилі тән екенін көзіміз көріп, көңіліміз түйіп келеді. Оған Арыс оқиғасы, Мақтааралдағы су тасқыны және тағы да басқа жағдайлар дәлел. Бұл саясаттану ғылымында «әрекет иесінің жауапкершілікті тікелей өз мойнына алуға дайын жан» екенін білдіреді. Ал ондай қасиеттің төтенше жағдайда бірінші кезекте аса ерекше мәнге ие екені белгілі.

«Алғы шепті» бақылауда ұстады

Пандемияға қарсы шараларды ұдайы өз қадағалауында ұстаған Мемлекет басшысы тиісті жерінде сынап та, мақтап та келеді. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте аянбай қызмет етіп жүрген медицина, полиция және тағы да басқа сала қызметкерлеріне алғыс айтудан жалыққан емес. Өзі төра­ғалық етіп, көптеген кеңес, селекторлық жиын, мемлекеттік комиссия отырысын өткізумен қатар, атқарылып жатқан шаралардың барысымен тікелей барып та танысып жүр. Мәселен, 2020 жылдың 19 наурызында Нұр-Сұлтан қаласының кіреберісіндегі Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барды. Қазақстан Президенті қала әкімдігінің, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының, Қорғаныс минис­трлігі мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің дайындығына оң баға берді. Ал 21 наурыз күні коронавируспен күрес жұмыстарын үйлестіру және мониторинг жасау жөніндегі шұғыл әрекет ету орталығына барып, жұмысымен танысты. Осы орталықта Президент індеттің таралуына байланысты қауесеттер мен дүрбелеңге тосқауыл қою үшін Үкіметке азаматтарды шұғыл әрі шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Осы кездесуде Президент елімізде медициналық бетперделердің тапшы екенін айтып, халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді талап етті. Елі­міздің барлық азаматын үнемі антисептиктерді пайдаланып, бетперде тағып жүруге шақырды. Одан соң да жыл бойына карантин нысандарын аралаған ол Нұр-Сұлтан қаласында қысқа мерзімде салынған модульді жұқпалы аурулар ауруханасында, Алматы қаласына сапарлары барысында коронавирус індетін анықтауға арналған жаңа мобильді скрининг орталығы мен «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін. Әлеуметтік қызмет көрсету үйінде, И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалында болған еді. Одан бөлек, Қазақстан халқына Жолдауында да, БҰҰ форумдарына, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарына қатысқанда да, құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізгенде де, Үкімет басшысының есебін тыңдағанда да, Мемлекет басшысы сындарлы тұстарды ашып көрсетіп, қателіктермен күресудің маңызын айтып келеді. Айталық, былтыр 10 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ол пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген барлық медицина қызметкерінің ерлікке пара-пар еңбегін жоғары бағалап, оларға төленетін барлық қосымша төлемдерді уақытылы жүргізуді тапсырды. Одан бөлек, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылып, 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалған азаматтарды қолдау мәселесі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік жәрдемақы алуға 1,7 миллион азамат өтініш білдірген екен. – Әлеуметтік көмек көрсету механизмдерінің дайындығы өз деңгейінде емес екенін мойындауымыз керек. Мен араласқаннан кейін ғана тиісті ведомство жедел шешімдер қабылдай бастады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін бермеді. Бұл халық­тың мәселені әртүрлі қабылдап, азаматтар арасында түсінбеушіліктерге және жергілікті жерлерде шатасуларға әкеп соқтырды. Адам­дар өз басын тәуекелге тігіп, банк­терден есеп ашу және бірыңғай әлеуметтік төлем төлеу үшін кезекте тұруға мәжбүр, – деп сынға алды Қ.Тоқаев. Президент азаматтар карантин режиміне көшіп, мектептер мен университеттер қашықтан оқыта бастағаннан кейін интернет жүйесі сыр бергенін, яғни стресс-тесттен өтпегенін айтты. – Білім министрлігі теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр. Жарнамасы жер жарған E-Learning жүйесінің жұрт айтып жүргендей, үні шықпай қалды. Сонымен қатар E-Gov жүйесінде де ақаулар бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта осы вирус кезіндегі жағдайлардан сабақ алып, талдаулар жасап, мынандай тосын жағдайларға дайын болуымыз керек. Ең бастысы, шын мәніндегі цифрлы мемлекетке айналу үшін IT саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындау қажет. Елімізде келесі жыл тиімді цифрландыру аясында өтуі тиіс. Дағдарыс барлық кемшілігімізді көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз осыны пайдалануымыз керек. Реформаларды дайындау жұмыстарын қазірден бастау қажет, – деген еді Мемлекет басшысы. Осылайша, ол ел тынысын дөп басатынын, қоғамдағы оқиғалардан хабардар екенін байқатты. Бұл Президенттің халықтың жанашыры екенін көрсетеді. Әрине, тізе берсе, дүниені дүрбелеңге бөлеген пандемия кезінде Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағдайын құлдыратпауға, экономикалық дамуды төмендетпеуге бағытталған сансыз қадамын атауға болады. Бұқараның көңіл-күйін түсірмеу жағын да назардан тыс қалдырған емес. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойлары атаусыз қалған жоқ. Тәуелсіздік мерейтойы тойланар жыл кіргенде де ұлт рухын көтеретін біршама бастама көтерді. Ұлт қайраткерлерінің мерейтойларын атап өтуді тапсырумен қатар, халықтың жадында жүрген, арқасына аяздай бататын мәселелерді де шешуге тапсырма берді. Соның бірі – кеше ғана өз бастамасымен Мәжіліске жолдаған заң жобасы. Онда Президент жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де түбегейлі тыйым салатын бастама көтергенін айтқан. Бұл ел басшылығын пандемия ықтыра алмағанын, мемлекеттің алға қойған мақсаттарға жету жолында ештеңеден тартынбайтынын байқатады. Пандемия халықты біраз әбігерге салғанымен, Президент пен бұқараның арасына сына қаға алған жоқ. Керісінше, билік пен халық осы қиындықтардан тізе қоса отырып, құтылып келеді.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ