Гаджет бала тіліне «тұсау» ма?
Гаджет бала тіліне «тұсау» ма?

Бүгінде балалардың тілі кеш шыға­тын жағдай жиі кездеседі. Бұған қа­тыс­ты екіұдай пікір бар. Кей ата-ана баласының дамуын үнемі қадағалап отырса, енді бірі жаман сөйлеп, бәле шақырмағанды жөн көреді. Соның ішінде балабақша жасына келсе де, екі сөздің басын құрай алмаса, мұны қалыпты жағдайға балап, «мектепке барғанша сөйлеп кетеді, кезінде әке­сі­нің тілі де кеш шыққан» дегендей се­беп­термен мән бермейтіндер бар. Осы ретте соңғы кездері белең алған мә­селені талдап көрмекшіміз. Мамандар не дейді? Ел арасында кең та­ныл­ған «гаджеттер – баланың жауы» деген түсінік рас па?

Тілдің кеш шығуының себептері неде?

Аталған проблеманы зерттеген ғалым да көп, тиісінше жасалған зерттеу жұмысы да аз емес. Бірнеше жылын сарп етіп, бала­лардың сөйлеу қабілетінде ақау болуының себептерін жан-жақты талдағандардың пікірін ортаға салып көрелік. Біз басында атап өткен мәселенің, яғни тілі кеш шыға­тын балалардың көбейгенін ғалымдар рас­тап отыр. Яғни, бұл тұрмыста жиі кездесетіні байқалған дүние ғана емес. Баласының сөйлем тұрмақ, сөздерді айта алмағанына алаңдаған ата-аналар алдымен педиатрға барып, мәселесін жайып салады. Олар шешімін іздеп, түрлі ұсыныс айтады. Психолог, логопед мамандарға жолдайды. Десе де, бірлі-жарым балада ғана емес, көп баланың сөйлеу қабілетінің кеш дамуына не себеп? Бұл сауалға бас қатырған америка­лық ғалымдар жан-жақты зерттеу жасайды. Баланың қандай отбасында тәрбиеленіп жатқаны, қан­дай жағдайда өмірге келгені – бәрін тізбектей келе, басты үш се­бепті атап өткен. Оның алғашқысы анасының жүктілігі ауыр өтуіне байланысты. Негізі, балада қандай да бір мәселе туа қалса, бірінші ке­зек­те анасының жүктілік тарихын тексеріп, қопарып шығатыны белгілі. Өйткені проб­лема біткеннің басы осыдан болуы әбден мүмкін. Анасының жатырында жатқан кезде бала өзін қалай сезінгені оның өмірге келгеннен кейінгі сәттеріне тікелей әсер етеді. Бұл анық. Дәрігерлердің жүкті кезде барынша күйзелістен қашық болуға үндей­тіні де сол себепті. Бала бойға біткен бойда жаман ой, зиян заттар мен тамақ, әдет пен қылықтың бәрінен арылған әйелге де, сә­биге де пайдасын тигізеді. Ал енді екінші себеп ретінде балалардың гаджеттерге шектен тыс құмар болуы айты­лып отыр. Мұны енді ғалымдар ғана емес, күнделікті әңгіме-дүкен барысында да жиі себеп қыламыз. Демек, бұл сөздің әбден негізі бар. Заманауи технологияларға бала­ны ерте кезден жақын ету арқылы оның бо­ла­шағына оң әсер етеміз деген ниетпен беретін ата-аналар бар. Әйтсе де, компью­тер, планшет, ноутбук не смартфон сынды құрылғылар ересектердің өмірін жеңіл­детуге арналғанын ұмытпаған абзал. Ға­лым­дардың айтуынша, бұл гаджеттер ба­ла­ның пси­хология­лық және физикалық дамуына кері әсер береді екен. Әрі бір ба­тырманы басса, демде сайрай кететін құ­ралмен дос болам деп шынайы әлемнен алыстап кететінін де қосыңыз. Бала тілінің кеш шығуына тағы бір себеп – ақпараттың тым көп болуы. Осы­дан жар­ты ғасырдай уақыт бұрын балалар үшін ақ­парат беретін басты дереккөз әке-шеше, ата-әже болатын. Ал қазір заман өзгерді. Бү­гінде отбасы мүшелерінің сөзіне қоса, сериал, мультфильм кейіпкерлері қосылды. Сөйтіп, кімді тыңдарын білмеген балада ақ­парат шамадан тыс көбейіп кетеді. Кімге елік­теп, кімді қайталау ке­регінен де шата­сады. Былай қарасаңыз, шы­ғып жатқан дауыс көп. Ал одан шы­ғатын нәтиже өте аз.

Әр жастың өз мәселесі бар

Логопед-практик Майра Болатбекқызы он жылға жуық уақыттан бері осы салада қызмет етіп келеді. Айтуынша, 2019 жыл­мен салыстырғанда 2020 жылы тілінің мүкісі бар балалар саны 20 пайызға көбей­ген. Маман әр жастағы балалардың сөйлеу қабілеті дамуында қандай мәселелер туындайтынын жіктеп берді. «Бүгінде қабылдауға түрлі жастағы балалар келеді. Мәселен, екі жастағы баласы бар ата-аналардың қандай мәселемен келетініне тоқталайық. Олар «балам «мама, папа» дегеннен басқа сөз айтпайды, өзіне керегін саусақпен ғана көрсетеді, ымдаумен шек­теледі», – дейді. Ал 3-4 жастағы балалар сөздерді бай­ланыс­тырып сөйлей алмайды деген мәселемен келеді. «Су ішкім келіп тұр» деп толық айтпай, «су» дей салады дегендей. Ондай балаларға сурет көр­сетсеңіз, толық сөйлем­мен сипаттай ал­май­ды. 5-6 жастағыларда кездесетін проб­лема – дыбыстарды дұрыс айта алмау. Он шақты дыбысты жөнді айта алмауы мүмкін. Яғни, әр жас үшін мәселе әртүрлі болады. Олармен жеке-жеке жұмыс істелуі керек», – дейді логопед.  width= Майра Болатбекқызынан смартфон­ның тілдің шығуына әсері жайлы сұрадық. Ол гаджеттерге шектеу қоюдың жолдарын бөлісті. «Әлбетте, қазір ата-аналардың өзі телефоннан бас алмайды. Оны көрген бала мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Сон­дықтан түбегейлі ұстатпау қиын. Оның орнына шектеу енгізуге болады. Яғни, аз ғана уақытқа беріп, кейін қолынан алғанда ойын басқаға бөлетін шаруамен алмастыру қажет. Егер жұлып алатын болсаңыз, одан оң әсер болмайды. Міндетті түрде өтемі жасалуға тиіс. Смартфонның тағы бір әсерін айтайын. Маған бірде қабылдауға онға дейін қытайша санап беретін бала келді. Сөйтсе, ата-анасы қазақша ғана сөйлесе де, көретін контенті қытай тілінде екен. Бір қарасақ, тіл үйрену сынды жақсы жағын да атап өтпесе болмай­ды. Бастысы, бақылау болуы, бетімен жібермеу ғана», – дейді практик маман.

Ата-ана өзі-ақ логопед бола ала ма?

Баламен жұмыстың маңызы зор. Олай дейтініміз, тілдің шығуына әсер ететін фак­­­торларды оятуға арналған жаттығу­лардың әсері дәлелденген. Дефектолог Айжан Ахметжанова артикуляциялық жаттығу­ларды үйде әр ата-ана жасаса да болатынын айтады. «Қолыңызға ойыншық мысықты алыңыз да, баланың көзінше оған жаттығу­лар жасап көрсетіңіз. Мысық бейнебір сүтті үрлеп жатқанын, тілімен жалағанын, есіне­генін, тышқан көріп қалып таңғалғанын, өз-өзіне риза бол­ға­нын көрсеткендей арти­куляциямен жұмыс істеп көрсетіңіз. Сол сияқты тіс жуу про­цесін де ойынға айнал­дыруға болады. Тіс жуардан бұрын күлімдеп, аузымызды ашамыз. Тілімізбен астыңғы және үстіңгі тістерді тазалаймыз. Осы сынды жаттығу­ларды жиірек жасау арқылы бала­ның тілі шығуына көмектесуге болады», – дейді маман. Сонымен қатар Айжан Ахмет­жанова­ның айтуынша, баламен тілдес­кенде де есте ұстау керек жайттар бар. «Айталық, айғайласаңыз, балалар ересек­терге қарағанда интонацияға баса мән береді. Сондықтан барынша жай, сыбыр­лап қана келісімге келген жөн. «Жоқ» деп кесіп айтсаңыз, ол бірден ашуланып, жер тепкілеп шыға келуі мүмкін. Ол сөздің орнына «мүм­кін» дегенмен алмастырып көріңіз. Бала далаға шыққысы келсе, «алдымен ойын­шық­тарды жинастырып қойсаң, шығуымыз мүмкін» дегендей сөздер жақсырақ әсер етеді».

Аутизмнен айырмашылығы қандай?

Тілінің кеш шығуына қатысты дабыл­дың астарында жаман айтпай жақсы жоқ демекші, кейде аутизм жатады. Дегенмен сөйлемей жүрген баланың бәрінде аутистік спектр бұзылған деуге болмайды. Қалыпты бала құшақтау, күлімсіреу сияқты реакция­ларды жиі жасайды, ересектерге еліктеп, қимылдарын қайталайды. Заттардан гөрі адамдарды бақылағанды жақсы көреді, жалғыз қалса, тез іші пысып кетеді. Яғни, аутистік спектр бұзылысы мен тілінің кеш шығуының аражігін ажырату аса қиын емес.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР