Әдебиеттегі әйел теңдігі
Әдебиеттегі әйел теңдігі
1,561
оқылды

ХХ ғасыр басында Спандияр Көбеев «Қалың мал», Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнәсі», Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек», Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал», Мұхтар Әуезов «Қорғансыздың күнін» жазды. Бәрінде кемдік көрген, теңдік аңсаған қазақ әйелінің мұң-зары. Зұлмат пен зобалаңға толы ХХ ғасырдың қазақ халқына бергені де бар, «алғаны» да бар. Халқымыздың тең жартысынан астамы қолдан ұйым­дастырылған аштық пен қуғын-сүргін құрбаны болды. Бұл нәубет қазақ әйел­дерін айналып кеткен жоқ. КарЛАГ пен АЛЖИР қасіреті соған куә. Әйтсе де, ХХ ғасырда «теңдік» ұранымен жаулығының ұшына арманы мен зарын түйген әйелдердің еңсесі көтерілгені рас. «Раушан – коммунист» секілді белсенген әйелдер де шықты. Ғылым мен білім саласына дендеп мойын бұрып, ағартушылық бағытта жемісті еңбек еткен жандар да аз емес. Тіпті, трактор руліне отырып, еркектерден кем түспегендері де бар...

Қазақ әйелі кемдік көрсе, заманнан көрді

Әрине, ол заман мен бұл заман­ды те­ңес­тіре алмаспыз. Қазақ әйел­дерінің ер-азаматтардан қалыспай тірлік жасауына не түрткі болды? Әуелі осыған зер салып кө­рейікші. Атам заманнан отбасы, ошақ қасы­нан ұзап шықпай, негізгі ісі – ұлт бе­сі­гін тербету болған әйелдердің еркектен бетер жаппай шаруа­шылық ісіне ара­ласуына себеп бол­ған нәрсе не еді? Аштық пен қуғын-сүргіннен, одан кейінгі соғыста қына­дай қырылған қазақ отбасы­ларын асырайтын адам да қалмады емес пе? Бала­сын арқасына байлап, қолына кетпені мен күрегін ұстап, егін еккен, шөп шапқан, мал бақ­қан да қазақ әйелі емес пе? Тылда жү­ріп, қолына «қара қағаз» алып, еңіре­генде екі етегі жасқа малшынған бейбақ жандар жоқтау айтып отыра берсе, шиеттей бала-ша­ғасын кім жеткізер еді?! Еркектің бар мін­детін мойнына алған әйелдерді тек кем­дік пен теңдік үшін арпалысты десек, қатты қателескен болар едік. Қазақ әйелі кемдік көрсе, заман­нан көр­ді. Солақай саясаттың салқыны соған әкелді. Ал қазір ше? Бүгінгі тәуелсіз қоғам­да олар неден таршылық көруде?  Әйел тең­дігі деген ұғым бүгін көтерілмеуі тиіс еді. Әлде, біз қателесеміз бе? Сыншы Ардақ Нұрғазының ойын­ша, бұл қалыпты құбылыс се­кілді. «Батыстық мә­­дениет сынама­лап кіріп жатқаны жа­сырын емес. Бірақ біз ол мәдениеттің қай жағын қабылдаймыз? Қайсысын қабылдай алмаймыз. Мәселе – осында. Бірақ та­рихқа қарасақ, әйел заты ер-аза­мат­тардан төмен болды деп айта ал­мас едім. Кез келген лиро-эпос­тық жырларды, батырлар жырын  алып қарайықшы. «Ер Тарғын», «Қобыланды» және тағы басқа жыр­лар­дағы әйел кейіпкерлердің бей­несі өте мық­ты болған. Мәселен, «Қо­былан­ды» жы­рын­дағы Құртқа. Құрт­қа бейнесін ең дана әйел об­разында қабылдауға болады. Тай­бурылдың мықтылығын ең бірінші аңғар­ған – Құртқа.  Жұртқа көрсет­пей, жасырын бағады. Тайбурылдың 43 күндік кемдігі барын да Қобы­ландыға айтатын  дана әйел.  Кейін Құртқа жау қолына түсіп, қазық қа­ғып, қазық түбіне тамақ қалды­рып, көміп ке­теді. Еліне қайтып келе жатқанында Тайбурыл тайып жығылады. Оның тайып жығылған жері Құртқаның қағып кеткен қазы­ғы екен. Көрдіңіз бе, Қобыландының батырлығы бір бөлек те, Құртқаның дана­лығы бір бөлек. Сол секілді кез келген батырлар жырын алсаңыз да, осындай дана әйелдердің образы бар. Жалпы, көшпен­ділер­де бала тәрбиесінде ерекшелік бар. Олар ұл мен қызды тең тәрбиелеген. Өте ер­кін, ерке өсірген. Ол еркелік шек­тен шығу деген сөз емес», – дейді сыншы. Барлығы уақытқа қарай өзгеріп отыр­ды. Мәселен, батырлар жы­рын­дағы әйел образдары басқа да, Кеңес дәуірі басталған кездегі көр­кем шығармалардағы әйел образы мүлдем бір бөлек. «Бейімбет Май­лин «Раушан–коммунисті» тегін жазған жоқ. Бұл кезеңдегі көзқарас басқаша қа­лып­тасты. Кеңес әйелі­нің образын жасау керек болды. Яғни, қоғамда саясат өзгерген сайын кейіпкердің де бейнесі өзгереді. ХХІ ғасырда Раушан коммунист сияқты кейіп­керлерді жаза алмаймыз ғой. Бұл заманның кейіпкері мүлдем басқа.  Қазір Си­рия­ға ке­тіп жатқан әйелдер де бар. Олардың бейнесін әдебиетте қалай жасаймыз? Тең­сіздік көргеннен кейін Сирияға кетті деп айта аламыз ба?», – дейді Ардақ Нұрғазы.

Қоғамды рухани есейтетін шығармалар қажет

Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орын­басары Әлмира Қали  тек әйелге қатысты емес, жалпы адамды білек күшімен, тепкі­мен бағындыру әрекеті күш көрсетушінің рухани әлсіздігін көрсететінін айтады.  «Жұдырық жұмсаудың арғы жағын­да зор­лық­шыл адам өзінің тұлғалық қауқарсыз­дығын жасыруға тыры­сады. Сонда әлім­жеттік жасаушы дегеніңіз, шын мәнінде жеке ойын жүйелі сөзбен жеткізе алмай­тын, өзгенің пікірімен санасуға өресі жетпейтін бейшара болып шыға келеді. Сали­қалы қарым-қатынас жасау тұрғы­сындағы олқылықтар қазақ қоғамында ғана емес, барлық елдерде бар. Тек адам құқығы жайлы түсінік пен таным әрқилы. От­басын­дағы ата-ана мен бала, ер мен әйел қарым-қатынасында сөзді күш­пен өткізу деген осы туыстық жақындық, бауырмал­дық, мейірім атаулыны жоққа шығарып жіберуі мүмкін. Жақынның жатқа, тіпті дұшпанға айналуы тез-ақ», – дейді әде­биеттанушы. Рас, тарихта әйел теңдігі туралы жазыл­ған шығарма өте көп екенін жоғарыда мысалға келтірдік. Бұл туралы әдебиет­танушы: «Ғасыр бұ­рын тасқа басылған Ж.Аймауы­тов­тың «Ақбілек», М.Әуезовтің «Қор­ған­сыз­дың күні», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» сынды шы­ғар­ма­ларын жоққа шығара алмай­мыз. Бұл туын­дылардағы ситуация­лар әр алуан. Бірі – саяси тақырыпқа ойысса, екіншісінде діни-философ­иялық контекст басым. Енді бірінде қорғансыздық мәселесі жалпы әлеу­меттік проблемалармен ұшта­сып зер­де­ленеді. Қалай дегенмен, олардың ортақ тұсы – жапа шеккен әйел тағдырын арқау еткені. Өмірге әйел затының көзімен қарауға ты­рысу, қоғам қайшылықтарын әйел мүддесі тұрғысынан пайымдау ниеті айқын аңғарылады» деп қо­рытады. Жаңа заманауи әдебиет ше? Бү­гінгі кейіпкерлер қандай? Әйел бей­­несі заман­ауи әдебиетте қалай бейнеленіп жүр? Бұл сауалымызға Әлмира Қали: «Бүгінгі қоғам­дағы әйел болмысындағы транфор­мация­лардың өзіндік себеп-сал­дары бар. Әйел әуел бастағы отбасы, ошақ қасындағы функция­ларымен қоса, қоғамның, мемле­кеттің тыныс-тіршілігіне араласып кетті. Шаңырақтағы, қызметтегі, қоғам­дағы әйел орны мен рөлі өзгерді. Бәріне кеңестік дәуірді кінәлай берудің қажеті жоқ. Тоқы­рау жыл­дарындағы тұрмыс тауқыметі де нә­зік жандылардың психология­сына айтар­лықтай іс қалдырды. Әйел болмысын­дағы рухани құ­былыстарды тілге тиек ет­кен заман­ауи шығармалар да баршылық. Осы орайда, Роза Мұқанова («Мәңгілік бала бейне», «Тұл»), Серік Асыл­бекұлы («Күзгі романс»), Айгүл Кемел­бай («Мұ­нара»), Мәдина Омарова («Ана-ғұмыр») кейіпкер­лері еске түседі. Әйел жан-дүние­сінің көзден таса ішкі иірімдерін, әлем­сезіну қасиетін өрнектеудегі суреткерлік таным айрықша. Бүгінгі әдебиет «әйел теңдігі» мәселесінің деңгейінен жоғары болуы керек деп ойлаймын. Қоғамды рухани есей­тетін, тұлғаны өзіне сыни көзбен қа­рауға жетелейтін туындылар қа­жет» деген пікірді алға тартады.

Гүлзина БЕКТАС