Жамбылда есірткі саудасы азаймады
Жамбылда есірткі саудасы азаймады
153
оқылды

Былтырдан бері  Жамбыл облысында  есірткі бизнесімен күрес ерекше қарқын алды. Бұрнағы жылы бұқара бұл бағыт­тағы жұмыстарға күмәнмен қараса, қазір Есірткі қыл­мысына қарсы іс-қи­мыл басқар­масының мамандары естен тандырар шөбімен танылған Шу ауданы­ның тұрғындарын үйме-үй тінтуде. Осын­дай жіті тексерістің нәтижесінде был­тыр  есірткіге қатысты  815  қыл­мыс­тың жолы кесіліп отыр.

Облыстық Полиция департаменті Есірт­­кі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қар­масының бастығы  Асқар Жұма­бековтің айтуынша, былтыр тіркелген 815 деректің 220-ы қылмыс болса, 595-і қылмыстық теріс қылықтар екен. – Өткен жылы мамандарымыз жұмысы­ның нәтижесінде есірткі бизнесінің көп­теген жолы кесілді. Атап айтсақ,  120  есірт­кі затын сату,  68 есірткі затын аса ірі мөл­шерде сақтау, 26  құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру, 733  үй қабырға­ларына граффити жазбаларды жазу арқылы есірткі затын насихаттау және 3  есірткіні  жарнамалау фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 3 тонна 277 келі  әр­­түрлі есірткі заты тәркіленді.  2019  жыл­мен салыстырғанда бұл  284 келіге жоғары. Тәр­кілен­ген есірткінің  3 тонна 199 келісі мари­хуана болса, 1 келіден астамы героин, 75 келісі гашиш және 2 келісі  синтетикалық есірткі заты. Былтыр Білім беру, Денсаулық сақтау, Ту­ризм және спорт басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, орта білім беру орындарының оқушылары арасында наша­қорлықтың алдын алуға бағытталған 481  іс-шара өткіздік. Бұдан бөлек, есірткі саудасын насихаттайтын граф­фити жазуларын жою бағытында «Жа­сыл ел-Тараз» мекемесімен бірлесе  1 000-нан астам қабырға жазбасының кө­зін жой­­дық. Сондай-ақ  59  интернет-сайт бұ­ға­тталды, – дейді басқарма бастығы Асқар Абдуаханұлы. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалға­сып жатыр. Жыл басынан бергі 2 айының өзінде мамандар 155 құқықбұзушылықты анықтап отыр. Оның 34 дерегі есірткіні сату болса, 17-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау, 2-і  есірткі құралдарының контра­бандасы, 1-і  есірткі құралдарымен, пси­хотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу  және 101-і  қылмыс­тық теріс қылық болып отыр. есірткі Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу ба­рысында заңсыз айналымнан 97 келі  есірткі заты шығарылса, оның ішінде 570 грамм ге­ро­ин, 60 келіден астам гашиш, 35 келі  мари­хуана және 10 грамнан жоғары  синтетикалық есірткі тәркіленген. Биыл да жоғары және орта білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу бойынша 36 шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар 85 орта мектепте  «Есірткінің зияны және олар­ды қолданудың салдары»,  «Синте­тикалық есірткінің жаңа түрлері» та­қыры­бында онлайн режимде  интерактивті сабақтар өткізіліп, есірткіге қарсы бейне­роликтер көрсетілген. Бұдан бөлек, ғалам­тор кеңістігінде синтетикалық есірткі зат­тарын таратумен айналысатын 8 интернет-сайт  бұ­ғат­талған. Биыл айрықша атап өтер жайт – есірткі бизнесімен күрес мамандары 14 дәріхана, 18 қойма, 4 емдеу мекемесі мен 1 кәсіп­орынды тексеріп, 16 келіден астам әртүрлі есірткі затын тәркілеген. Оның 6 келісі гашиш болса, 8 келі 182 грамы марихуана, 1 960 данасы адам ағзасына зиян келтіретін дәрілер (трамадол, дигоксин, самнол, прозерин), 220 данасы морфин және 5 келі  770 грамы   күкірт қыш­қылды прекурсорлар. Былтыр сала мамандары облыс аума­ғында есірткі шөбі өсетін 251 гектар жерді жыртып, шауып, өртеп, гербицидтеу ар­қы­лы 50 тонна­дан астам жабайы қарасораны жойса, биыл да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру жос­парланып отыр. Естеріңізде болса, былтыр Шу ауда­нында қарасорадан дәрі шығаратын зауыт  салу туралы бастама көтерілген болатын. Бұл жобаға  Zhana Zhol Holding limited ЖШС қызығушылық танытқан. Серіктестік дирек­торы Александр Ким тіпті Жамбыл облысының географиялық орналасуы мен климаты атал­ған жобаны жүзеге асыруға таптырмайтын орын екенін айтқан. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты­ларға жобаны созбалаңға салмауды тапсыр­ған еді. Алайда арада жарты жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге кәсіп­орын­ның қазы­ғы қағылған жоқ. Шу ауда­ны­ның әкімі Нұржан Календеровтың айтуынша, жоба­ны жүзеге асыру үшін ең алдымен заң­на­маға өзгеріс енгізу керек екен. Одан бөлек, өңірде жабайы қарасора өсетін 100 мың гек­тарға жуық   жер  болса, соның басым бөлігі Мер­­кі ауданына тиесілі. Сондықтан аталған зауыт Меркі ауданынан бой кө­теруі де бек мүмкін. Қалай дегенде де, есірткі қылмысымен күрес мамандарының кейінгі жылдары қар­­қын­­ды жұмыс істеуі  осы өндіріс орны­ның құрылысымен тікелей байланысты секілді. Себебі қарасораны өндіріске енгізу үшін ең алдымен оның заңсыз тасымалының жолын кесу керек. Бұл тұрғыда сала ма­мандары өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруда. Енді тек көтерілген бастама ай­тылған жерінде қа­лып кетпесе болғаны...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы