Шекара астым, не көрдім?
Шекара астым, не көрдім?
124
оқылды

Жуырда Ташкент бағытына жолға шыққанбыз. Жолсапар барысында  шекарада болып жатқан біраз келең­сіз жайттарды көріп, тиісті ведом­ство­лық органдарға наразы болған едік.

Әлемде болып жатқан пандемия өмір сүру салтымызға едәуір өзгеріс енгізгені белгілі. Шекара бекітіліп, шетелге шығу шектелді. Тіпті, кейбір мемлекетпен бай­ланыс мүлдем үзілді.  Қазір карантин шек­теулері біртіндеп жеңілдеп жатыр. Соған қарамастан қазірдің өзінде маңызды бір шаруалар не аса қажеттілік болмаса, ешкім ел асып жүрмейді.  Шетелдіктерге де толы­ғымен есікті айқара аша қойған жоқпыз.

Ақша төле де, өте бер

Сонымен, Түркістан облысына қарас­ты «Жібек жолы» кеден бекетінен Өзбек­станға еш кедергісіз, көп уақытты да ал­мас­тан жеңіл өттік. Қазақстан аумағынан бар-жоғы жарты сағатта Өзбекстан Рес­публикасында болдық.  Бұрынғыдай ығы-жығы халық жоқ. Шекара тып-тыныш. Арғы бетке жарты-ақ сағатта табан тіреуі­мізге жолаушының аздығы да үлкен себеп болып тұр.  Өзбекстандық  кеден бекетінде санитарлық талаптарды толық орындап тұм­­шаланған медицина қызметкерлері бір­неше арнайы терезелер арқылы жолау­шы­ларға қызмет көрсетіп отыр. Олар COVID-19-ға экспресс тест қабылдайды. Ар­найы касса жұмыс істеп тұр. 150 мың сум (6000 теңге) төлеп, тест тапсыруға өте­сіз. Нәтиже 20 минуттың көлемінде дайын болып, ары қарай еркін өтіп кете бересіз. Әр елдің талабы бөлек, ондағылар сіздің мұндағы тапсырған тест нәтижеңізді қа­был­дамайды. Соған қарамастан ақша тө­ле­сек те, кедергісіз өткенімізге риза болып кете бардық. Қиындық өз елімізге кері оралғанда бас­­тал­ды.  Шекара қызметінен еш кедер­гісіз өткенімізбен, кеден бекетіне келгенде тұ­­тылып қалдық. Иә, Қазақстанға шетел­ден келетін жолаушыларда вирустың бел­гілері жоғын растайтын ПТР анықтамасы болуы шарт. Алайда біз мұндай анықтаманы өзбекстандықтар сияқты сол мезетте тап­сы­рамыз деп ойлағандықтан шығар, ол жақ­тан анықтама алмадық. Кеден беке­тінің қызметкерлері қолымызда ПТР анық­тама болмағаны үшін Қапланбектегі карантин стационарына алып баратынын жет­кізді. Арнайы көлікпен алып кетеді екен. Әп-сәтте біздің күйімізді кешкен 30 шақты адам жиналып қалды. Көпшілігі мұн­дай талаптан бейхабар.

Жемқорлыққа жол ашар тәсіл емес пе?

Алайда мемлекеттік бас санитар дәрі­гердің қаулысына сәйкес, халыққа бет­перде, бірреттік қолғап киіп, қызмет көр­сетілуі тиіс. Онда қоғамдық көлік жүр­гізуші­лері, әуежай, вокзал, фитнес залы, сауда орындарының қызметкерлері және басқасы міндетті түрде бетперде мен меди­циналық қолғап киюі тиіс екені айтылған. Дегенмен кеден қызметкерлері  меди­циналық бетперде таққанымен, бірреттік қол­ғапты кимеген. Одан бөлек, мұнда каран­тин талаптарына сай адамдарды шоғырландырып жинамау, арақашықтық сақтау сынды талаптың барлығы да орын­далып жатқан жоқ. Осындай олқылықтар әрбір минуты қымбат болып тұрған жолау­шылардың одан сайын ашуын туғызды. Шыдамы таусылған жүргіншілер арасында «Анық карантин талаптарына бағынар болса, неге өздері тиісті талаптарды орын­дамайды?» деген сарында айқай шыға бас­тады. 1 сағатқа жуық уақыттан соң кө­лік келіп, алғашқы 15 адамды жүк тие­гендей топырлатып мінгізіп, 15 шақты ша­қы­рым аймақтағы Қапланбек карантин стационарына алып кетті. Байқағанымыз, осы тұрғыда кеден қызметкерлері арасында да жоғары жаққа деген реніші білінеді. Себебі тәулік бойы шекарадан өтетін әрбір аза­маттан еститін балағат сөздер әбден мезі қылған көрінеді. Одан бөлек,  әрбір жо­лаушының ауыр қол сөмкесін көтеріп, көлікке мінгізіп жіберуге дейінгі  қызметті атқарады. Осы кезде ғана жолаушының паспортын қолдарына ұстатады екен. Жолаушылар көлік жүргізушінің де сани­тар­лық талапты орындамай отырғанын, ешқандай қорғаныс құралының жоқтығын сынады. Ал тасымалдаушы көлік жолау­шыларды Қапланбектегі стационарға тас­тайды екен де, әрі қарай тағы адам әкелуге кетеді. Сонда дейміз-ау, Құдай бетін ары қылсын, жолаушылардың бірінен корона­вирус белгісі анықталса, әлгі жүргізушінің өзі тасымалдаушы болмай ма? Сонда санитарлық-эпидемиологиялық мекеме қаулы шығарумен ғана айналыса ма?

Жүйе жолаушыларды қашып кетуге мәжбүрлейді

Сонымен не керек, Қапланбектегі ста­цио­нар бізге жылышырай таныта  қойған жоқ. Есікті бірнеше мәрте  қаққан кезде барып ашқан жан біз кірер кірместен: «Кел­діңіздер ме, енді біз сияқты жатасыз­дар. Кеше кешке келгенімізде «2 000 теңге берсеңіздер, тез шығарамыз» деген еді. Қыр­сығып бермегеніміздің зардабын тар­тып жатырмыз. Қорытындымыз әлі дайын емес» деп сөйлей жөнелді. Артынша жет­кен медициналық қызметкер бізді қабыл­дап, ПТР-тест тапсыруға жолдады. Онда­ғы­лар қорытындының қашан дайын бола­тынын білмейтінін,  оған дейін жайға­сып жатып демала беруімізді ескертті. Ар­найы төсек-орындары бар кереуеттер қо­йылыпты. Тест қорытындысы тез арада дайын болатын шығар деген үмітпен кір­ген көпшілік үшін бұл жауап  төбеден біреу су құйып жібергендей әсер қалдырды. Дә­ліз­де ерсілі-қарсылы жүрген жолаушы­лар тағы айқай шығара бастады. Біреулері­нің ұшаққа, пойызға билеті бар, енді бірі жақынының жаназасына асығып келеді, тағы біреуінің айы-күні жақындап қалған, аяғы ауыр екен. Осындағы қызметкерлердің айтуынша, жуырда аяғы ауыр келіншек толғатып, жедел жәрдем көлігімен пер­зент­ханаға жөнелтілген. Әрине, босануына бірер уақыт болса да, мынадай ашу-ызаны тудыратын жағдай толғақты жақындата­тыны сөзсіз. Айтқандай, екінші рейспен кел­ген жолаушылардың жартысы, яғни 8-і көз алдымызда қашып кетті. Қолдарында төлқұжаттары бар жолаушылар көліктен түскен соң стационарға кірместен кетіп қалған. Орталық іші азан-қазан болды да қалды. Учаскелік полицей келіп, талапқа бағынбағандар заңмен қудаланатынын, айыппұл төлейтінін ескертіп кетті.

Медицина қызметкерлері биліктен көмек сұрайды

Қапланбек балалар ауруханасы 15 ақ­пан­нан бері стационарға ауыстырылыпты. Бұдан бөлек, дәл осындай 100 адамға арналған стационар Сарыағашта да бар екен. Мұндағы  40 төсектік стационарда 10 ме­ди­циналық қызметкер, оның 2-уі  дәрігер қызмет көрсетеді. Дәрігер Шахло Ешимова ашылғалы бір апта көлемінде 302 адам қабылдағанын, әлі ешқайсысынан қауіпті дерттің белгісі байқалмағанын жет­кіз­ді. «Конституцияға сай жеке адамның төлқұжатын ұстап отыруға құқымыз жоқ. Дегенмен карантин талаптарына бағынбай қа­шып кететіндер бар. Жалпы, бізде проб­лема көп болып тұр. Келгендердің барлығы да айқай шығарады. Естімеген сөзіміз қалмайды. Небір былапыт сөздермен жүйкемізге тиеді. Жергілікті әкімдіктен, «Nur Otan» партиясынан және полициядан комиссия құрылып кеден бекетінде немесе осында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ба­қылап отырса дұрыс болар еді деген өтінішіміз бар», – дейді дәрігер. Көптен күткен тесттің қорытындысы 8 сағаттан соң дайын болып, түрмеден шық­қандай мәре-сәре болдық. Осы ара­лықта баласы жылаған әйел, қарны ашып ерсілі-қарсылы ашуға булығып жүрген талай жанды көрдік. Обалы не керек, тал­ғажу қылар бір ыстық тамақты береді екен. ПТР-тесті де, жатар орны мен та­ма­ғы да тегін болғанымен, қаншама адам­ның жүйкесін тоздырып, кеден және медицина қызметкерлерінің  талай бейә­деп сөздерін естуіне жол ашқан мынандай жүйені басқаша реттеуге болмас па екен деген ой келді. Мейлі, талапқа бағындық дейік, бірақ осы талапты әрбір өтіп жатқан жүргіншіге көрінетіндей жерге жазып қоюына, тіпті бір қызметкерді арнайы бөліп, қайтар жолда қандай тест тапсырып келу керегін түсіндіріп, бағыттап жіберуге мүм­кіндік жасауға болмас па екен? Не бол­маса өзбекстандықтар сияқты ПТР-тестті тапсыратын карантин стационарын сол аумақтан ашуға не кедергі? Қазір ста­ционарға, медперсоналдарға, тасымалдауға қыруар қаржы кетіп жатыр. Тіпті, дәл осын­дай жолда жолаушылар ақылы түрдегі қыз­метке де көнуге әзір. Себебі әрбір адам шарасыздықтан жол жүреді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы