Бокс – қыруар табыс көзі
Бокс – қыруар табыс көзі
250
оқылды

Кәсіпқой бокс ақша табу­дың қайнар көзіне айнал­ғалы қашан. Оны дәулетті спортшылардың қатарында боксшылардың алдыңғы лекте жүргенінен-ақ білуге болады. Сол боксшылар бір кеште үлкен та­бысқа кенеліп, ақша­ның астында қалады. Бұл «атақ­ты болсаң, ақша да са­ған үйір болады» деген сөз­ге саяды.

Жалпы, кәсіпқой бокс та­рихында бір кездесуде ең көп табыс тапқан боксшылардың бірі – Оскар Де Ла Хойа (53 млн АҚШ доллары). Оскар алты салмақ дәрежесінде өнер көр­сетіп, 10 титулға ие болған. Cон­дықтан оны көпшілік «ақылды кәсіпкер» деп атап кеткен. Темір Тайсонмен өткен екінші жекпе-жегінде жеңіске жеткен Эвандер Холифилд те өз уақытында та­бы­сы көп боксшылардың бірі атан­ған. Гонорары жоғары бокс­шы­лардың арасында Флойд Мей­везер (кішісі) мен Владимир Клич­коның да аты қатар ата­лады. Олар да бір кездесудің өзін­де 32 млн АҚШ доллар көле­мінде пайда тапқан. Елімізде боксшылардың бір жекпе-жектен алатын гонорары, жылдық табысы жайлы айтыл­ған­да Головкинге қатысты ақ­парат­тар жарияланып отырады. Өйткені кәсіпқой бокс әлеміне аяқ басқан жылдардан бері Ген­надийдің қол жеткізген табысы ауыз толтырып айтарлықтай. Қалған отандық боксшылардың табысын есептеу әзірге мүмкін болмай тұр. Осы ретте Геннадий Головкин осыдан екі жыл бұрын ESPN телеарнасының атақты 100 спортшысының тізіміне енге­нін де айта кеткен жөн. Бұл рейтингті құруда спортшы­лардың жарнамалық табысы есепке алынған. Яғни, отан­дасымыз жекпе-жектен түсетін гонорарынан бөлек, жарнама арқылы да жақсы табыс тауып отыр. Атап айтқанда, GGG жарнамадан жылына шамамен 2 миллион доллар пайда табады. Ал оның бітіспес қарсыласы Аль­варес жарнамадан жылына 2,5 миллион доллар алады. Осы­дан-ақ Генаның үздік боксшы­лардың алғы шебінде екенін аңғаруға болады. Біздің боксшы­лар мен Генаның табысы туралы спорт журналисі Бек Төлеу былайша пайым жасады. – Кәсіпқой бокс, аралас жекпе-жек секілді спорт түрлері бизнеске айналып кеткені әлде­қашан. Сондықтан спортшы жек­пе-жекке шығар алдында тәуекелге бел буатын тұста алды­мен гонорар мен чемпион­дық белбеуге қарайды. Мысалы, Қанат Ислам Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырып жүр. Егер Қанат Исламмен кездесуден мексикалық боксшыға көп қар­жы түсетін болса, Канело бас тарт­пас еді. Ал Головкинмен жек­пе-жек екеуіне де қаржылық жағынан тиімді болды. Сондық­тан олар бір емес, екі рет жұды­рық­тасты. Әрі қос боксшының бокс әлемінде біраз атақ-даңқы бар. Головкин өзінің спорттық карьерасындағы ең көп табысты осы Канеломен кездесуде алды. Бір қызығы, сол кезде Генада бір­неше титул болды, ал қарсы­ласында ештеңе болмады. Соған қарамастан жалпы бюджеттің 60 пайызы мексикалыққа тиесілі болды. Өйткені маркетинг жағы­нан Канелоның мысы басым. Тағы бір мысал келтіре кетейін, Дағыс­танның атын шығарып жүрген Хабибтің жылдық табы­сы 16,5 млн долларды құрайды екен. Қазақстанда ондай табыс табатын бірде-бір спортшы жоқ. Жалғыз Головкин ғана. Қалған­дары әзірге бір жекпе-жек­тері­нен ары кетсе Нұр-Сұлтандағы бір бөлмелі пәтердің  құнындай ғана табыс тауып жүр, – дейді Бек. Сондықтан да шығар, кейінгі 5-6 жылдың ішінде қазақстандық боксшылардың көпшілігі кәсіп­қой боксқа ауысты. Бүгінде олар­дың бірқатары 10-15-тен аса кез­десу өткізіп, әр жекпе-жек са­йын жеңісті жолынан жаңыл­май келеді. Алдағы екі-үш жыл­дықта бірқатар отандық былғары қолғап шеберлері чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізіп, үздіктердің қатарына қосылуға әрекет жасап жатыр. Қалай дегенмен де кәсіпқой бокстың бір атауы бизнес екенін әлем жұртшылығы әлдеқашан мойындап қойған. Бұл мәселе төңірегінде әйгілі боксшы Васи­лий Жировтың: «Кәсіпқой бо­кста бірін­ші ке­зекте көрерменге, про­моутер­лерге, телевидениеге ұнай­тын шоу жасау керек» деген сөзі еске түседі. – Жасы келсе де қомақты қар­жы үшін жұдырықтасып жүр­ген боксшылар әлемде өте көп. Олардың барлығы кәсіпқой бо­кс­­қа бизнес деп қарайды.  Мы­­салы, таяуда ғана ел ағасы­ның жасы 50-ден асқан Майк Тайсон мен Рой Джонс жұ­дырық­тасып, әрқайсысы 1 млн доллардан табыс тапты.  Мэни Пакьяо 40 жастан асқан ша­ғында, 2019 жылы тағы бір рет әлем чем­пионы атанды. Филип­пиндік боксшы бүгінде әр жек­пе-же­гінен кем дегенде 10-15 млн дол­лар ақша табады. Осы секілді мы­салдар өте көп. Жа­қында ауыр сал­мақ өкілі ресейлік Александр Поветкин 40 жасында қайта чемпион атанып, әлемді бір шулатты. Қазақ боксшы­ларының ішінен бәлкім Голов­кинді осы тізімнен көріп қалар­мыз. Әзірге Генаны егде бо­ксшылардың қатарына жат­қызу­ға келмес. Чемпион­дары­мыз көп болған сайын, ата­ғы мен абыройы арта түссе, кейін жек­пе-жектері бағалы бола түседі, – дейді PR-менед­жер, спорт журналисі Серік Ноян. Жекпе-жектің ішінде, әсіре­се чемпиондық кездесулерді ұйым­дастыру қымбатқа түседі. Атал­ған айқастарды ұйымдас­тырудың қаншалықты қымбат болатыны кездесуде қанша бел­беу сарапқа салынатынына да байланысты. Әрі әр ұйымның нақты белгілеп қойған бағасы бар. Одан бөлек, жекпе-жекті ұйымдастырудың құны боксшы­лар­дың сыйақыларына да тіке­лей қатысты. Оның да бірнеше категориясы бар: 100 мың дол­лардан басталып, 500 мың дол­ларға дейін және 500 мың дол­лардан көп жарна төленеді. Голов­киннің жекпе-жегін ұйым­дастыру үшін де көлемді қаржы жұмсалады. Өйткені қазақстан­дық боксшының айқас үшін ала­тын сыйақысы жоғары. Се­бебі DAZN стримингілік сер­висімен келісімшартқа қол қой­ғалы бері Гена жақсы табыс та­буға мүмкіндік алды. Мысал үшін айта кетейік, GGG Аль­варес­­пен қарымта кездесуде тө­ре­шілердің шешімімен жеңі­ліп қалған болатын. Дегенмен ол сол жеңіліске ұшыраған кез­десуінде 40 млн доллар алды. Ал мек­сикалық боксшы 50 млн дол­­лар табыс тапты. Енді Голов­кин алдағы өткізетін жек­пе-жек­те бұл табысын арттыруға әрекет жасары анық. Әзірге оның басты мақсаты Кенеломен үшінші жекпе-жек өткізіп, же­ңіске жету екені түсінікті. Егер отандасы­мыздың бұл жоспары жүзеге асар болса Генаның спорт­тық манса­бындағы ең көп пайда тапқан жекпе-жегі әрі айтулы жеңіс­терінің бірі болары анық. Қалай дегенмен қос бо­кс­шы арасын­да­ғы трилогияны бокс жанкүйер­лері асыға күтеді. Ал аталмыш кездесу DAZN стриминг сервисі үшін барлық жағынан тиімді болғалы тұр.

Абылайхан ЖҰМАШ