Ол жай етікші емес...
Ол жай етікші емес...

Шымкент қаласындағы «Қырғы базар» аумағында Әлі­шер Ходжыметов есімді өз ісінің шебері атанған етік­ші бар. Әлішер аға Шым­­­­кенттің тұрғындарына ғана қызмет көрсетпейді.  Оған арысы Нұр-Сұлтан, Ал­маты қалалары мен елі­міздің барлық облыстарынан және өзге ел азаматтары да келеді.  

Иә, етікші көп. Бірақ маман аз. Ол кез келген жарамсыз бо­лып қалған аяқкиімнің өзін жай­натып жібереді. Біз осындай қасиетін естіген соң аяқкиім шеберханасына бас сұқтық. Шынында, келушілер легі то­ластар емес. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Құдды аяқкиім дүкені дерсіз. Шебер тұрғындардың негізінен күзде және қыстыгүні көп келетінін айтады. Дәл осы уақытта аяқкиімде ақау бола бастайды. Су кіріп, табаны ашылады, бояуы сырылады. Осыдан 2 күн бұрын тастап кеткен аяқкиімін алып тұрған келіншек таңданысын жасыра алмады. «Мұны жарамайды ғой деп қоқысқа тастаған едім. Шыны керек, қимай қайта ал­дым. Сізге әкелгенім қандай жақсы болған. Бірнеше етікшіге көрсеткенімде жаңа аяқкиім сатып алуымды, мынаны тастай салуымды айтқан еді» деп жыл­тырап,  жаңарып қалған аяқ­киімін қуана алып жатты. Ал есіктен кірген апай 30 ша­­қырым қашықтықтағы Лен­гер қаласынан келіпті. Қолында бірнеше аяқкиім бар. Таза был­ғарыдан жасалған аяқкиімнің табанын ауыстыру керек екен. «Ауылда етікшілер көп. Бірақ олардың қызметіне көңілім толмайды. Тоғыз жылдан бері өз ісінің нағыз шебері Әлішерге сеніп тапсырамын», – дейді ол. Базарда күзетші болып жұмыс істейтін ер адам жыртылып, тесілген жарамсыз етікті алып келді. Көзінде «жарамайтын шы­­ғар» деген солғындық бар. Бірақ Әлішер Октамұлы аяқ­киімді ары-бері ұстап көрді де білдірмей, ізін де қалдырмай жамаудың тәсілін түсіндірді. Осы кезде ер адам жүзінен ерек­ше қуаныш байқалды. Ертесіне алып кететін болып шы­ғып кет­ті. Етікшінің бізбен әңгіме құ­руға уақыты жоқ. Бірі келіп, бірі кетіп жатқан тұтынушылардан босамайды екен. Жұмыс істей отырып, етікші мамандығының аса қажет екенін айтқан ол жас­тар­дың бұл маман­дық­ты таң­дамай­тынына қын­жыла­тынын да жасырмады. Иә, үлкен шыдам­дылық пен еңбек­қор­лық­ты, табандылықты қажет ететін бұл мамандықтың өзіндік қиын­дықтары көп. Дегенмен жұмыс­тың көзін біліп істесең, қыруар пайда табуға  болады. Сондықтан баласы Шахзатты осы іске баулып жүр. «Әр адам­ның кем дегенде екі-үш жұп аяқ­киімі бар, жақсы шебер еш­қашан жұмыс­сыз қалмайды. Одан кейін біл­ме­геніңді сұрау ешқашан ұят емес. Аяқкиім шебері Тұрсынқұл Мамановтан көп тәлім алдым. Жұмыс­сыз­дықтан гөрі жұмыстан шаршаған дұрыс», – дейді ол бізбен әң­гімесінде. Ол аяқкиімді тігеді, желімдейді, шегемен қағады. Тыным таппайды, тіпті қажет болса, түнде де, демалыс күндері де жұмыс істейді. Әйел­дер сөм­кесін де жөнге келтіріп беретіні бар. «Етікшіні балға мен бізі асырайды» деген сөз бар. Клиент­терімнің алдында ұятқа қалмайтындай жөндеп беруге тырысамын. Сонымен бірге адам­ның аяқкиіміне қарап, өзі­нің қандай екенін білуге болады. Негізі, аяқкиімді күтіп киюге кеңес беремін», – дейді ол. Әлі­шер аға аяқты қысатын аяқкиімді де кеңейтіп берудің тәсілін тап­қан. Мұнда жылдар бойы сақтал­ған аяқкиімдер де бар екен. Кей­біреулер жарамсыз аяқкиімі қалпына келмейтін шығар деген күдікпен келмей де қояды. Бірақ айлар өткен соң да іздеп келіп, жаңарып қалған аяқкиімдерін танымай қалған кездер болған. Күніне 20-30 клиентті шығарып салатын етікшінің еңбегіне береке берсін деп тіледік.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы