Алматылық жігіт Петропавлдағы туысының үйіне барып, бүкіл отбасын қырып салған
Алматылық жігіт Петропавлдағы туысының үйіне барып, бүкіл отбасын қырып салған
76
оқылды

30 жастағы азамат алматылық екен. Ол сол күні Петропавлдағы туысының үйіне қонаққа барған. Сол жерде әйелді пышақтап өлтірген. Ал зейнеткер әже мен оның немересі жансақтау бөліміне түскен. Бұл жайында Astana TV хабарлады.

Олардың айтуынша, суық қарудан қаза болған әйел 48 жаста екен. Күдікті оған 20 рет пышақ салған. Ауыр жарақаттың салдарынан әйел ота үстінде көз жұмған.

«Өкінішке қарай, анасынан айырылып қалдық. Ал ұлы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Қазір интенсивті терапия өтуде»,– дейді Петропавл көпсалалы ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Виталий Шилкин.

Бүгінде қылмыстың себебі анықталуда. Расталмаған ақпарат бойынша, ер-азамат туысынан ақша сұраған. Олардың бермейтінін білгенде ашуланып, пышақ ала жүгірген. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тағы бірі қаза тапса күдікті өмір бойына темірторға қамалады.

«Полиция қызметкерлері туысына қонаққа келген Алматы қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Тұтқындау кезінде ол мас күйде болған. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу тізіліміне енгізілген»,– дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкері Жанар Байғазина.