Оралда жүк пойызы ер адамды қағып кетті

Оралда жүк пойызы ер адамды қағып кетті

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 12 наурыз күні кешкісін локомотив депосының Орал стансасына кіреберіс тұсында болды. Сағат 19:05-те Орал стансасы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүк пойызының адам қағуына байланысты шұғыл тежеудің қолданылғаны жөнінде хабар түсті.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігі, яғни теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. «Оқиға орнына Орал стансасындағы желілік полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шықты. Тексеру барысында Орал қаласының тұрғыны екені анықталды. Азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 559-бабы 5-бөлігімен, яғни белгіленбеген жерлерде теміржол арқылы өту бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетілді»,– деп хабарлады ведомстводан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, мас күйінде болған 1968 жылғы ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы қанағаттанарлық, сол аяғы көгерген.