Қызылордада қала ортасында орналасқан 64 пәтерлік жатақхананың баспалдағы опырылып, келіншек екі баласымен жертөлеге құлап кеткен.
Тұрғындардың айтуынша, салынғанына қырық жылдан асқан ғимарат сыздан күн өткен сайын мүжілуде. Іргетасы шөгіп, кесектері үгітіліп жатқан үй тұрғындары жайлы «Астана» арнасы хабарлады. Әсем Мырзаханова кешкісін балаларын балабақшадан алып келе жатқан. Баспалдақтың қалай опырылып түскенін әйелдің өзі де түсінбей қалған. «Қас-қағым сәтте жертөлеге құлап кеттім» дейді ол. Жанындағы 1 мен 2 жастағы екі баласының періштесі қақты деп отыр. Алайда бойындағы үрейі әлі басылмаған.«Бірінші өзім құладым, артынан үстіме екі цемент түсті. Одан кейін үстіме екі балам құлады. Біреуінің басы цементке тиді. Оны апарып тексерттім, миы шайқалған дейді. Өзімнің денсаулығым да жарамайды. Аяғым ісіп, ішімнің бәрін тіліп кеткен»,– деді Әсем Мырзаханова.