Қазақстан мен Қырғыз Республикасының шекарашылары Жамбыл облысындағы жағдайдан кейін екі елдің шекарасында не болып жатқанын айтты. Әлеуметтік желілерде Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін көрші қырғыз еліне қашып жатқан адамдардың көбейгені туралы видеолар тарала бастады. Қазақстан мен Қырғыз Республикасының шекара қызметі осы мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан . Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің мәліметіне сәйкес, Қордай жақтағы шекарашылар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда түнгі оқиғалардан кейін қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынған. https://www.youtube.com/watch?time_continue=1&v=NfDH7u77Vt0&feature=emb_logo
"Адамдардың шекарадан жаппай өтуі байқалып отырған жоқ. Күшейтілген режим де енгізілген жоқ. Алайда Қордай ауданындағы оқиғалардан кейін қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Атап айтқанда, шекарашылар ішкі істер органдарының бағыттамасы бойынша жұмыс істейді. Негізі, демалыс күндері жолаушылар легі көбейеді. Алайда жаппай кету деген жоқ. Шекара бекеттері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деді шекара қызметіндегілер Sputnik Қазақстан тілшісіне.Ал Қырғыз Республикасының шекара қызметі түнгі уақыттан бастап жолаушылар легінің көбейгенін хабарлады.
"Қазақ-қырғыз шекарасында түнгі уақыттан бастап әдеттегі адамдар санымен салыстырғанда жолаушылар легінің артқаны байқалады. Басым бөлігі - әйелдер мен балалар. Олар "Кен-Булун — автожол" және "Токмок — автожол" бақылау өткізу бекеттері арқылы Қазақстаннан Қырғызстанға келіп жатыр. ", - деп хабарлады қырғыз шекара қызметі.