Түркістан облысында жаңадан тағы бір аудан – Сауран ауданы құрылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жарлық мәтіні: Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес Қаулы етемін:- Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
- Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Шорнақ оқиғасы туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ Түркістанда полицейлер жетпей жатқанын да хабарлаған едік.