Қазақстанда із-түзсіз жоғалғандар қатары артып келеді
Қазақстанда із-түзсіз жоғалғандар қатары артып келеді
388
оқылды
Хабар-ошарсыз кеткен жандардың ішінде қарттар мен балалардың өміріне ерекше қауіп төнеді. Жақындарынан жыраққа кететіндер табыс тауып, жұмысқа орналасуды көздейді. Бірақ еңбекке жарамды адамдардың құжатынан айырылып, белгісіз біреулер құлдықта ұстауы жиі кездеседі. 2020 жылдағы 12 айдың көрсеткіші бойынша елімізде  із-түзсіз жоғалып, тіркеуде тұрғандар саны –3202 адам. Оның – 975 әйелдер екен. Кәмелеттік жасқа толмағандар – 286. Із-түзсіз жоғалып, қайтыс болғандардың саны –17. Республика бойынша Алматы қаласы және Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды ​​облыстарында адамдардың із-түзсіз жоғалуы жиі тіркеледі. Айта кетерлігі былтыр 1200 адам үйінен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазақстанның 15 азаматы шетелге сатылған.  Із-түзсіз жоғалатындарың көбі – ер адамдар. Қызметтік іссапарға шыққандар, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кеткендер, автокөлік айдайтын жеткізушілер, жүк тасымалдаушылар жиі жоғалады. Ал әйелдер ішімдік кесірінен үйінен кетеді екен. Жеткіншектердің көбі тұрмысы тұрақсыз отбасынан қашады. 100 оқиғаның 80-інде жоғалған адамдар табылып, туысқандарына қайтарылады. Қазақстанда Адам саудасының құрбандары Былтырғы көрсеткіште адам саудасы бойынша Қазақстан әлем бойынша екінші рейтингте тұр. Былтыр адам саудасымен айналысқаны үшін 26 адам сотталды. Жыл сайын елімізде және шетелде адам саудасының құрбаны болған 80-ге жуық отандасымыз анықталып, шашамен 180 іс қозғалады. Адам саудасына байланысты қылмыстар былтырғы карантин уақытында да байқалған.   Мамандардың айтуынша, көбінесе ер адамдар жоғалатын көрінеді. Бұл жағдай ерлердің өзге аймақтарға іссапарға, уақытша, маусымдық жұмыстарға, түрлі рейстерге (көлік айдап әкелу, жүк тасымалдау және т.б.) жиі сапарлап тұруымен байланысты болып келеді. Әйелдер мен жасөспірімдер арасында жеңіл жүрісті қыздар мен әлеуметтік жайсыз отбасылардың балалары жиі жоғалады. Тұрмыс деңгейі төмен отбасылардағы жасөспірімдер ата-анасымен ренжісіп, олардың жиі ішімдік ішуіне байланысты бірге тұрғысы келмейтіндіктен, өз бетінше өмір сүруді қалап үйден кетеді. Статистика қандай? Айта кетерлігі, 2008 жылдан бастап 2010 жылға дейін елде жоғалғандар саны азая бастаған. Бірақ 2011 жылдан бастап көрсеткіштің қайта өскенін көреміз. Мәселен, 2008 жылы іздеуде жүрген 3365 адам болса, 2009 жылы – 2595 адам, 2010 жылы – 2202 адам, 2011 жылы – 2473 адам хабар-ошарсыз кеткен. Ал 2012 жылы жоғалған адамдардың жалпы саны 2838 адамға дейін өсті. Жоғалғандар саны 2015 жылы рекордтық межеге жеткен. Бұл жылы жоғалған үш мыңға жуық адамның 448-і табылмады, ал 253-і өлі күйінде табылды. 2019 жылы 2 361 адам жоғалды. Оның 251-і табылмады, 176-сы қайтыс болды. Жалпы, статистикаға сәйкес 2015 жылдан 2019 жылға дейін 13 085 адам іздеуде болды, оның 1066-сы қайтыс болды. Қазақстанда Өңірлердегі жағдай... Былтыр СҚО полицейлері із-түзсіз жоғалған 67 адамды іздеп тапты. Тәртіп сақшылары адамдардың хабар-ошарсыз кетуінің себебі жауапсыздық, сондай-ақ алкогольді асыра пайдалану екенін жасырмайды. Бұл тек ер адамдарға ғана қатысты емес. Мәселен, полицейлер Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғынының өтініші бойынша отбасын тастап, Қостанай облысына кетіп қалған 27 жастағы келіншегінің жүрген жерін анықтаған. Әйел бұрын алкоголь ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.  «Тағы бір жиі кездесетін сценарий – адамдар жақындарына ескертпей, нәпақа табуға кетеді. Жоғалған адамды іздеуге жедел уәкілдер, еріктілер тартылады, – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов. Ал былтыр Павлодар облысының полицейлері із-түзсіз жоғалған 184 адамды іздеп тапқан. Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, тұрғындар жақындарымен ренжісіп үйден кету жағдайы жиі кездеседі. Мәселен, Екібастұз қаласының 51 жастағы тұрғыны 2020 жылғы 2 қарашада әйелімен ұрсысып, үйінен кетіп қалған. Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен, алкогольдік ішімдікке жақын азамат бұрын да үйінен кетіп қалып жүрген. Сол күні полиция қызметкерлері оны басқа да мас ер адамдармен бірге облыс ауылдарының бірінен тапқан. Жоғалған адамдардың уақыт өте келе өлі күйінде табылуы жиі кездеседі. Мысалы, жақында Қостанайда кәрізде 3 жыл жатқан мәйіт табылды. Бұл адамның бұған дейін іздестіруде болғаны анықталған. Тəртіп сақшылары із-түзсіз жоғалғандардың тізімін тексеріп, 2017 жылдың қарашасынан бері хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қала тұрғынының киімі табылған мəйіттегі киім қалдықтары және ер адамның жоғалғандағы сипаттамасына сәйкес келетінін анықтапты. Адам жоғалған кезде қандай әрекет жасау керек? Адам жоғалып кеткен жағдайда, "102" нөміріне қоңырау шалып, полицияға немесе жақын жердегі бөлімшеге хабарлауыңыз қажет. Полицияға ұсыну маңызды болатын ақпарат, келесілер:
  • жоғалған адамның жеке деректері: аты, тегі, әкесінің аты, жасы, шаш түсі, мең, тыртық, сияқты ерекше белгілері;
  • адам жоғалған кездегі жағдайлар туралы мәліметтер.
Егер әңгіме бала туралы болса, онда полицияға мүмкіндігінше тезірек хабарлау керек.  Адам жоғалып кеткен сәттен бастап 3 күн өткеннен кейін ғана жүгінуге болады деп ойлау қате. Осы уақытта өзіндік   шағын-тергеу жүргізуді бастау керек. Достарына, әріптестеріне хабарласу, адамның жақсы көретін орындарына бару,   жоғалған адам күн сайын пайдаланған маршрутпен жүріп өту және т. б. Егер іс кәмелетке толмаған балаларға қатысты болса, онда келесі ережелерді ұстану керек:
  • әрқашан баланың қайда баратынын білу;
  • ұялы телефонға "жылдам теру" опциясын орнату;
  • балаларды жиі суретке түсіру;
  • балалар үйден шыққанда киген киімін есте сақтау;
  • балаға өзі туралы мәліметті және мекенжайын үйрету;
  • баламен жеке қауіпсіздік шараларын сақтау туралы үнемі әңгіме өткізу;
  • кәмелетке толмаған бала форс-мажор жағдайында көмек алу үшін кімге жүгінетінін айту;
  • егер мобильді құрылғы мүмкіндігі мүмкін болса, оның иесінің орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін арнайы қосымшаны орнату қажет.
Қарттар үшін ережелер келесідей:
  • үйлер егде адамның денсаулық жағдайына және олар қабылдайтын препараттарға қатысты медициналық құжаттардың көшірмелері болуы тиіс;
  • зейнеткер баратын барлық орындардан хабардар болған жөн.