Нұротандықтар қымбат емге мұқтаж балаға көмек көрсетті

Нұротандықтар қымбат емге мұқтаж балаға көмек көрсетті

Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тумасы, кішкентай ғана бүлдіршін Эмир Шахмаровтың жағдайы қайырымды жандарды елең еткізбей қоймады. Екі жасқа толмаған балақай арқа бұлшық еті атрофиясымен ауырады. Айығып кетуге мүмкіндік бар. Алайда баланың дертіне шипа болатын препараттың құны өте қымбат. Тіпті ол әлемдегі ең қымбат дәрі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Бұған дейін Эмирдің ата-анасы емге қаржылай көмек сұраған еді. Жағдайға бей-жай қарамаған мыңдаған қазақстандық қол ұшын созды.  Нұротандықтар да бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. Партиялықтар Оралда арнайы қайырымдылық спартакиадасын ұйымдастырды. Бес асық, тоғызқұмалақ, аударыспақ, қазақ күресі, ләңгі, қол күресі, арқан тартыс сияқты және тағы да басқа ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, оған қатысушылар жарыстың тек қана бір түрі бойынша бақ сынады. Негізгі талап – балақайдың еміне қажетті қаражатты жинау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара Эмирдің еміне қажетті қаражатты жинаумен қатар, дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеуді де мақсат еткен.

«Көрісу мерекесімен қатар, ұлттық спорт түрлері бойынша спартакиада өткізу өте құптарлық шешім. Сонымен қатар бұл ақсайлық Эмир Шахмаровқа көмек көрсетуге де жақсы мүмкіндік»,– деді облыстық мәслихат депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісов.
Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Серік Мұқашев та осы игі іске өз үлесін қосты. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген 22 жастағы С.Мұқашев науқас балаға 1 млн. теңге аударды.
«Біздің отбасымызға көмек қолын созғандарға және ұлымыздың емделуіне қаражат бөлген спартакиада ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғысымызды білдіреміз. Бізге облыс тұрғындары ғана емес, Nur Otan  партиясы да қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Ақша жинаудың аяқталуына бір ай уақыт қалды. Қазірдің өзінде қажетті қаражаттың 50%-тен астамы, яғни 576 млн теңге жиналды. Біз қажетті соманы жинап үлгеретінімізге және Эмирдің сауығып кететініне сенеміз», – деді баланың әкесі Талех Шахмаров.
Нұротандықтар спартакиададан бөлек облыс белсенділері мен кәсіпкерлерімен бірлесіп «Эмир Живи» қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, онда жиналған барлық қаражат баланың еміне берілді. Айта кетейік, арқа бұлшық еті атрофиясы – генетикалық ауру. Бұл дененің барлық бұлшықеттерінің, оның ішінде жүректің біртіндеп істен шығуына әкелуі мүмкін. Енді ғана 1 жас 10 айға толған Эмир отырып, тұра алмайды. Оны емдеу үшін 2,2 миллион доллар тұратын (бір миллиард теңгеге жуық) «Золгенсма» дәрісін бір рет егу қажет.   Көмек көрсету үшін реквизиттер: Kaspi Bank АҚ Карта нөмірі: 5169 4971 4460 6583 8 771 483 75 55 Сабина Сағынғалиқызы Д. (Эмирдің анасы) «Сбербанк Қазақстан» АҚ Карта нөмірі: 4263 4333 3483 6340 8 771 483 75 55 Сабина Сағынғалиқызы Д. «Банк ЦентрКредит» АҚ Карта нөмірі: 4899 9333 3355 9357 «Халық Банкі» АҚ Карта нөмірі: 4405 6397 1084 2392 8 705 328 06 63 Шахмаров Талех И. (Эмирдің әкесі)