Науқас әкесін қолдан жасалған шанамен сүйреп, жедел жәрдем көлігіне жеткізген

Науқас әкесін қолдан жасалған шанамен сүйреп, жедел жәрдем көлігіне жеткізген

Қостанай облысында 46 жастағы ер адам су орнына аккумулятор сұйықтығын ішіп уланып қалған. Ауыл ішіне кіретін жолдың қалың қары күрелмегендіктен, жедел жәрдем бригадасы науқастың үйіне жете алмаған, деп хабаралайды sputnik.kz. Фельдшер Мейірманов көлік капотын шана ретінде қолданып, оған арқан байлаған. Осылайша, қолдан жасалған "шананың" көмегімен науқасты 200 метр сүйреп көлікке жеткізген. Фельдшердің тапқыр шешімінің арқасында науқасқа дер кезінде көмек көрсетілді. "46 жастағы ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Ол бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатты. Беті бері қараған соң оны терапия бөліміне ауыстырдық. Асқазан мен ішек жолдарын тексеру үшін жаңа анализдер тапсырады. Уақытында ауруханаға жеткізбегенде мұның салдары тым ауыр болар еді", – дейді Арқалық ауруханасының бас дәрігері Құралбай Асанов. Облыс аумағында көп ауыл қар құрсауында қалып отыр. Көлікпен үйге жету мүмкін емес. Өткен аптада жедел жәрдемнің тиісті мекенжайға жете алмауынан әйел көз жұмған болатын.