Оқытушылар жалақысы көтеріле ме?
Оқытушылар жалақысы көтеріле ме?
150
оқылды

Жоғары оқу орындары педагогтерінің жалақысы өте төмен екенін Білім және ғылым министрі баса назар аудара отырып айтты. Бұл мәселе қалай шешілуге тиіс? Асхат Аймағамбетов бұл жұмысты барлық ректордың алдында тұрған негізгі мәселе деді.

«Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беруде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тап­сырыс көлемі жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осының алдында мемлекеттік гранттың құны 340-440 мың теңге болған. Алдыңғы жылы Мемлекет басшының қолдауының арқасында осы мемлекеттік гранттың көлемін 1 млн теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл өз кезегінде университеттерге материалдық-техникалық жағ­дайын жақсартуға, сондай-ақ педагогтердің, оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. 2019 жылы қыркүйекте министрлікке қарасты университет педагогтерінің жалақысын 20 пайызға көтерсе, 2020 жылы қыр­күйек айында тағы 20 пайызға көтер­ді», – деді А. Аймағамбетов. Осы орайда, министр бұл жұмысты әлі де жалғастыру қажет екенін айтты.«Бүгінде жоғары оқу орындары педагогтерінің жалақысы өте төмен. Мектептермен, кол­ледждермен салыстырған күннің өзінде бұл көрсеткіш бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыру – барлық ректордың алдында тұрған негізгі жұмыстардың бірі», – деді ведомство басшысы. Өткен аптада Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындарында білікті мамандарды даярлау мәселесіне қатысты Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдаған болатын. Сол кезде сенатор жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеру туралы ұсыныс айтқан еді.

А. ЕРСҰЛТАН