500 рет жол жабылды
500 рет жол жабылды

Биылғы қыс жолдарға үлкен ауыртпалық түсіріпті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Мәселен, Қазақстандағы жолдар жыл басынан бері 500-ден көп рет жабылған екен.

2021 жылдың екі айында ауа райының бұзылуына байланыс­ты республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына 539 шектеу енгізілді. 500-ге жуық көлік қар құр­сауы­нан шығарылды. Егер тарата айтсақ, боран мен қатты жел кезінде жолда көрудің нашарлауы себебінен жол учаскелері 329 рет жабылыпты. Шектеулер 78 рет – көктайғақ, 34 рет – ауа температурасының төмендеуі, 98 рет – көршілес өңірлердегі қозғалыстың шектелуіне байланысты енгізілген екен. Жалпы, жол учаскелерінде жүруге тыйым салу жөнінен Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда биылғы жылдың екі айын­да жолдар 111 рет жабылды. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы тұр: шектеулер 66 рет енгізілді. Жыл басынан бері жолаушылар мен полицейлер қар құр­сауында қалған барлығы 500-ге жуық көлікке көмек көрсетті. Оның 109-ы жылы бокстерге орналастырылды. Ал 800-ден астам адам «ҚазақАвтоЖол» ЖШС жылыту пункттеріне орналастырылды. Салыстыра айтсақ, 2020 жыл басындағы 2 айда ел жолдары 676 рет жабылыпты. Автокө­­­ліктер­дің жүруін шектеу – мәж­­бүрлі, бірақ жол қауіпсіздігін қам­­тамасыз ететін қажетті шара саналады.

Елдос СЕНБАЙ