Алда маңызды міндеттер тұр
Алда маңызды міндеттер тұр
117
оқылды

«Nur Otan» партиясы – уақыт талабына сәйкес өмірлік маңызды реформалар жүргізіп отырған еліміздегі жетекші саяси күшке айналған партия.

Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев: «Nur Otan» партиясы әрқашан негізгі үш қағиданы басшылыққа алады және оны берік ұстанады. Бұл – жауапкершілік, бірлік және ортақ мақсатқа деген адалдық» деп атап көрсеткен болатын. Әлемді дүр сілкіндірген пандемиямен ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекет және партия басшылығының дұрыс қадам жасауы өте маңызды. Партия халықтың қажеттіліктеріне үнемі қолдау білдіріп, әлеуметтік ортаның ең әлсіз тұстарына көбірек мән береді. Ал «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелер жүйелі түрде өз шешімін табуы тиіс. Мұндағы ең басты мақсаттың бірі – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру болып саналады. Сонымен қатар халықтың артқан сенімін ақтап, Қазақстанды қуатты елге айналдыру үшін еңбек етіп, партия съезінің қабылданған шешімдерін жүзеге асыру міндеті де жүктелген. Осы бағытта партияның «Өзгеріс­тер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаға халықтан жиналған 20 мыңға жуық талап-тілек енген. Маңызды мақсатқа Үкімет тарапынан қомақты қаражат бөлінді. Сайлаудан кейін өткен Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының отырысына «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев қатысып, жиында сөз сөйлеп, Парламенттегі ең үлкен фракция ретінде басты жауапкершілік жүктелгені жөнінде айтты. Сонымен қатар фракцияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін бірнеше міндет жүктеді. – Біріншіден, депутаттар Үкіметпен бірлесе отырып, жұртшылық тарапынан қолдау тапқан партияның сайлауалды бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыруын қамтамасыз ету керек. Екіншіден, депутаттар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуі тиіс. Үшіншіден, барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты нығайтқан абзал. Депутаттар тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп, азаматтарды қо­ғамдық қабылдауда қабылдап отыруы қажет, – деді Н.Назарбаев. Сондықтан да «Nur Otan» пар­тиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағ­дарламасы бүгінде үлкен маңызға ие. Осы бағытта республика өңірлерінде «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағ­дарлама негізінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жол картасы әзірленді. Жол картасы – партияның ең маңызды құжаттарының бірі. Себебі онда тұрғындарды алаңдатқан мәселелер түгел енгізіліп отыр. Осы Жол картасы арқылы халықтың тұрмыс-жағдайы жақсаратыны айтылуда. Атап айтқанда, Жол картасында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың жалпы жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жоспар жасалды. Мысалы, Ақтөбе облысында әзірленген Жол картасында облыста жүзеге асырылатын жобалар қамтамасыз етілген. Оның ішінде алдағы бес жылда «Ақтөбе цемент» цемент өндіру зауыты, Қарғалы ауданында 48 мВТ жел электр стансасы, Мәртөк ауданында 2,8 мың бас ірі қара малын өсіруге арналған сүтті-тауарлы фермалар, облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынады. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, медициналық мекемелер салу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, кәсіпкерлерді қаржылай қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба енген. Жалпы, өңірлердегі қабылданған Жол картасының негізгі бағыттары: экономикалық тұрақты аймақ, жайлы, әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ, аймақтың тарихы мен мәдениетін дамыту, ашық және есеп беретін жергілікті органдар. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағ­дарламасы әр өңір, қала және аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды талдау негізінде жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра отырып жасақталды. Алдағы бес жылда партиямыздың негізін қалаушы Н.Назарбаев халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық жоспардың орындалуын тапсырды. Партия фракциясының отырысында Мәжіліс Төрағасы «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин берілген тапсырмаларды орындау бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізілуі тиіс екеніне назар аударды. Ол өз сөзінде: – Бұл Жол картасы – әр облысты, әр ау­данды, әр ауылды және барлық ха­лықты қамтиды. Ол алға қойыл­ған міндеттерді ашық, сапалы тиім­­ді орындауға кең жол аша­ды, – деді. Палата Спикері Жол карта­сы партияның нақты мақсаттарына бағытталғаны жөнінде атап өтті. Елбасының тапсырмасына сәйкес жұртшылық тарапынан қолдау тапқан партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып, азаматтардың өтініштерін сапалы қарауды жетілдіре түсу қажет. Сонымен қатар алдымызға қойған мақсатты орындау, сайлау­шыларымыздың сенімін ақтау, «Nur Otan» партиясы нақты істер партиясы екенін дәлелдеу – біздің басты міндетіміздің бірі. Сондай-ақ еліміздің заңнама жүйесін жетілдіре отырып, сайлаушыларымыздың сұрақтарын, сұраныс­тарын басшылыққа алып сараптап, сапалы заңдар қабылдау маңызды міндеті тұр. Уақыт жұмыс жоспарына пандемияға байланысты жаңа шарттар қойып отыр. Қазақстан бұл қиындықтарды толықтай жеңеді. Кез келген қиын сәттерде тек берік ұйымдасқан және өзара түсіністік орната алған елдер жеңіс тұғырын бағындыра алады. Маңызды міндетті әрі үлкен жауапкершілікті ақтау үшін әр фракция депутаты өз үлестерін қосады деп сенемін.

Аманғали БЕРДАЛИН, Мәжіліс депутаты