Есенбектің туыстары әділдіктен үмітті

Есенбектің туыстары әділдіктен үмітті

Атырауда грэпплингтен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовты атып өлтіргендерге қатысты сот отырысы жүріп жатыр.

Болашағынан зор үміт күттірген чемпион Есенбек Сиғуатов өткен жылы 9 тамызға қараған түні қала ма­ңындағы Амангелді және Құрман­ғазы ауылдарының жасөспірім­дері­мен төбелес кезінде атыс қаруынан атылған оқтан қаза тапқан еді. Есенбек Сиғуатовтың  туыстары оның өліміне қатысты тергеудің ұзақ­қа созылуына күдіктілердің по­лицияда қызмет атқарғаны себеп болуы мүмкін деген пайымдарын айтқаны белгілі. Полиция департаменті 18 жаста­ғы Есенбек Сиғуатовтың өліміне қа­тысты сотқа дейінгі тергеу жұмы­сын жүргізіп, нәтижесінде екі күдікті ұсталған. Тергеу амалдары бойынша  сауал жолдаған әріптесіміз Ф.Әбіл­овке  Полиция департаментінің бас­тығы Қамза Үмбетқалиев «Олар по­ли­цияда жұмыс істеген жоқ. Біреуі 2020 жылы 22 маусымда М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына дайындық курсына жіберілді. Алайда 2020 жылдың 25 маусымында өз еркімен шығарылды. Екінші сотталу­шы су полициясының кезекші бө­лімін­де жұмыс істеді, бірақ ол да 2020 жылдың 12 тамызында жұмыстан бо­са­тылды», – деп жауап берген. Қылмыстық іс Атырау облысы­ның қылмыстық істер жөніндегі ма­ман­дандырылған ауданаралық сотында  қаралып жатыр. Сотталушылар орындығында ҚК 99-бабының (адам өлтіру) 2-бөлігінің 6 және 9-тармақтары бойынша 1994 жылғы және  ҚК 432-бабы бойынша (қылмысты жасыру)1997 жылғы күдіктілер отыр. Ертең алтыншы сот отырысы өтеді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы