«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Жамбыл облысында іссапармен болды.
Іссапар аясында Нұржан Арғынұлы «Nur Otan» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутат болып сайланған жастармен жүздесті. Кездесуде партия ықпалымен жоғары заң шығарушы және жергілікті атқарушы органдардағы жас депутаттардың үлесі артқаны сөз болды. Жаңадан жасақталған Жамбыл облыстық мәслихаттың VII шақырылымындағы депутаттардың орташа жасы 60 жастан 48 жасқа дейін төмендеген. Өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттарда қазір 30 жас депутат бар. Ендігі кезекте «Nur Otan» партиясының «Жастар – Отанға!» деп аталатын бағдарламасын іске асыру жас депутаттар корпусының еншісінде. Сондай-ақ оларға өңірдегі «Nur Otan» партиясының жанынан жаңадан құрылған жастарды қолдау жөніндегі кеңестің жұмысын үйлестіру міндетін мүлтіксіз атқару жүктелген. Кездесу барысында жас депутаттар «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жергілікті жерде жастар саясатын жүзеге асырудағы өзекті мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Өз кезегінде Нұржан Арғынұлы кездесу барысында көтерілген бірқатар мәселелерді шешудің тетіктері «Жастар–Отанға!» бағдарламасында қарастырылғанын жеткізді. Сапар аясында «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде студенттермен жүздесті.Әбілмансұр ЖАСАН