Тәуелсіздік тағылымы: әкімдер эволюциясы
Тәуелсіздік тағылымы: әкімдер эволюциясы

Қазір ғой, «әкімдік» деген термин құлаққа сіңісті. Ал «акимат» сөзі алғаш енгізілгенде оны «әкімият» деп аударып, қолданып жүрдік. Тіпті, 2007 жылы Уикипедияда «Әкімият не әкімшілік?» деген бет түзіліп, онда қайтадан «әкімшілік» терминіне оралу ұсынылыпты. Соның алдында әр облыс пен қаланың басшылығы «әкімшілік-администрация» деп жазылатын. Ақыр соңында бұл ұғым тек «Президент Әкімшілігінде» қалды да, аймақ басшылығы тегіс әкімдікке айналды.

Азаттықтың нығаюы аймақтан басталады

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қайта құрып шықты. Бірақ жасыратыны жоқ, еліміз азаттыққа қол жеткізген тұста орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынас өте күрделі еді. Сол кездегі астанамыз Алматыда aқабылданып жатқан тағдыршешті шешімдер мен бетбұрыс­тарды кейбір өңір қабылдағысы келмеді, үреймен қабылдады. Мәселен, еліміздің, әсіресе солтүстік, шығыс, батыс өңірлерінде сепаратистік пиғылдар өршіп тұрды. 1990 жылғы 25 қазанда XII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тарихи құжатты – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдағаны мәлім. Бұл әлі тәуелсіздік болмағанымен, азаттыққа апаратын қадам, құқықтық негіз болатын. Ал осы маңызды құжат талқыланып жатқан шақта, 1990 жылдың 4 қыркүйегінде Орал қалалық кеңесі «Орал қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» қаулы қабылдайды. Онда Орал қаласында барлық іс-қағаз бұдан былай тек орыс тілінде жүргізілетіні қарастырылды және жергілікті ресми тіл ретінде орыс тілі жарияланды. Ол кезде жергілікті өкілетті билік органында қазақ өкілдері жоққа тән еді. Бұл жаңалық белгілі болысымен, Орал облыстық және қалалық «Қазақ тілі» ұйымдары оған қарсы шықты, бұған жол бермеу үшін зиялыларды біріктіруге күш салды. Мемлекеттілік ұстынын шайқалтар қарау ниеттер іске аспады. Тәуелсіздікпен бірге еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік тіл өркен жая бастады. Еліміздің ауқатты, мұнайлы, қаржылы өңірлері өз байлығын өзге аймақтармен бөліскісі келмей, Үкі­метпен ашық қарсыласқанына Министрлер кабинетінің отырыстарында журналист ретінде өзіміз де куә болып жүрдік. Донор болуға халі жететін дәулетті аймақтардың табысын тартып алу – дотациялық аймақтарды сақтап қалудың амалы екенін түсінбейтін, түсінгісі келмейтін әкімдер болды. Әрине, федералды емес, унитарлы мемлекет үшін мұндай көріністер қауіпті еді. Сондықтан ел басшылығы мемлекетшіл емес, жершіл әкімқараларды ығыстырып, әкімдердің жаңа формациясын қалыптастыруға мән берді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылғы 1 наурызда еліміздің көшбасшы партиясы құрылғанда, ол өңірлерде әкімдердің ашық қарсылығына ұшырағанын еске алғаны бар. Себебі ауыл-аймақтарда «шағын князьдарға» айналып кеткен өңір басшылары «қуатты партия жергілікті жерде өзіне бәсекелес болады» деп қорықты. Білікті саясаткер ретінде Елбасы бұл тұйықтан шығарар жолды тапты: республикада жаңа тәжірибе енгізілді де, облыс-қала әкімдері бірден көшбасшы партияның жергілікті филиалының басшысы болып сайланды. Бұл тәсіл елдің тұтастығын нығайтуда едәуір үлес қосты. Тәуелсіздік толыққанды қалыптасып, мемлекеттілік нығайған соң бертінде «Nur Otan» бұл тәжірибеден бас тартқаны мәлім.

Өңірлерді кадр көтереді

Кеңес Одағы күйрегеннен кейін Қазақстан мемлекеттік басқару жүйе­сін реформалау проблемасына маңдай соқты. Өйткені біріншіден, республика үшін нарықтық қаты­нас­тарға неғұрлым тез көшу стра­тегия­лық сипаттағы міндетке айналды. Ал кеңес заманында тек жо­ғарыдан түсірілген директиваларды ғана орындаумен шектелген аймақ басшылары жаңаша ой ойлау­ға, өзгеріс­терге қатысты өз өңіріне лайық тың бастамалар көтеруге кө­біне қауқарсыз еді. Екіншіден, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу мәселесі де өткір тұрды. КСРО бүкіл әлемде бар билікті үш тармаққа ажырату қағидатын идеологиялық себептер бойынша о баста қабылдамай тастаған болатын. Салдарынан еліміз тәуелсіздік алған тұста орталық және жергілікті билік органдары бірінің функциясын бірі қайталайтын. Ақыр соңында нақты бір салаға жауап беретін тұлға мен мекеме табылмайтын. Үшіншіден, сол кезде өңірлерде мемлекеттік қызметшілердің көп­шілігінің кәсіби деңгейі төмен болды. Елде эмиграция процестері қарқын алып, жергілікті мамандар өзге елдерге кетіп жатты. Мысалы, КСРО құлағаннан 2010 жылға дейінгі аралықта жалпы саны 4 миллион 150 мыңнан астам адам шетелге көшіп кетіпті. Елдегі билік органдарын күшейт­пей, мемлекеттілікті сақтап қалу қиын болатын. Сол себепті 1990 жылғы 20 қарашада «Қазақ КСР-інде мемлекеттік билік және басқару құрылымдарын жетілдіру және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Аты айтып тұрғандай, заң мембасқару жүйесін және құрылымын өзгертті. Бұл ретте, негізінен биліктің атқарушы тармағы қайта құры­лымдау­ға ұшырады. Құжатқа сәйкес, атқарушы биліктің басшысы болып Президент танылды. Оған Министрлер кабинетін құру өкілеттігі берілді. Қазақ КСР Президентінің аппараты мен Қазақ КСР Министрлер кабинетінің аппараты бір органға – Қазақстан Президентінің аппаратына (1995 жылдан бері – Президент Әкімшілігі) бірікті. Бұл билік құралдардың Мемлекет басшысы қолында шоғырлануына және мемлекет экономикасын реформалауға қатысты Н.Назарбаев тапсырмаларының тиімді әрі тез орындалуына септесті. Осылайша, Тәуелсіздіктің тірегіне айналған мықты Президенттік институт қалыптаса бастады. Жоғарғы Кеңестің 1992 жылғы 29 маусымдағы «ҚР Министрлер кабинетінің Қазақстандағы экономикалық реформалардың барысы туралы баяндамасы жайында» деп аталатын қаулысында орталық және жергілікті атқарушы билікті одан ары жетілдіру қажеттілігі баса айтылған. Бұл ретте басым шаралар ретінде біріншіден, атқарушы биліктің басы бі­рікпеу­шілігін жою, екіншіден, атқарушы биліктің бірін-бірі қайталайтын, қосарлама буындарын жою, орталық және жергілікті кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру жұмысын мақсатты түрде жүргізу, соның ішінде оларды шетелде оқытуға жіберу міндеттері белгіленді. Нәтижесінде, 1993 жылғы 5 қарашада Тұңғыш Президент Н. Назарбаев қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды.

Ел іргесін идеология қымтайды

1992 жылғы 13 қаңтарда Жоғарғы Кеңес «Жергілікті өзін-өзі басқару және жергілікті Қазақ КСР халық депутаттарының кеңестері туралы» заңға өтпелі кезең түзетулерін енгізетін заң қабылдады. Оған сәйкес, елімізде «жергілікті әкімшілік басшысы» (глава местной администрации) лауазымы енгізілді. Енді аймақ басшыларын Президент тағайындайды. Олар тиісінше, Мемлекет басшысына есеп береді. Ал халық депутаттарының кеңестері (қазіргі мәслихат) олардың үстінен бақылау жүргізетін болып белгіленді. Нәтижесінде, алғаш рет жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілетті органдарға бағынудан әкетілді. 1991-1993 жылдары Үкімет құрамында Баспа және бұқаралық ақпарат министрі, ал 1993-1994 жылдары Премьер Сергей Терещенконың орынбасары болған, Үкіметте әлеуметтік, идеологиялық салаға жетекшілік еткен Қуаныш Сұлтанов сол кезді былайша еске алады: «Үкіметтегілерге халықтың барлық дерлік мәселесімен айналысуға тура келді. Президенттің 18 басты міндеті деген болды, оған елдегі тұрақтылық та, қоғамдағы тағат-толеранттылық та кіретін, біз соны шешумен шұғылдандық. Президент пен Министрлер кабинетінің аппаратында, облыстық, қалалық және аудандық әкімшіліктерде құрылымдық жаңарулар жүргізуге күш салдық. Мысалы, ішкі саясат бөлімдерін құрдық. Рас, тоталитарлық идеология заманы келмеске кетті. Дегенмен мемаппарат жүйесінде мемлекеттік саясатты жүргізетін, халықпен сөйлесетін, осы салада білікті жұмыс жүргізуге қабілетті және уәкілетті болатын кәсіби мемлекеттік қызметшілер, жауапты органдар мен бөлімшелер бәрібір болуы тиіс еді. Өйткені бізге жүгінген халық: «Сонда біздің қазіргі идеологиямыз қандай?» деп сұрайтын. Біз: «Халыққа арналған мемлекет құру жолында реформа жүргізу! Тәуелсіздігімізді сақтап қалу және нығайту! Халықтың әл-ауқатын көтеру» деп сенімді жауап беретінбіз. Негізі, бүкілхалықтық келісім және қоғамдағы тұрақтылық болмаса, мемлекеттілік мәңгілік, реформалар табысты бола алмайды», – дейді. Азаттықтың алғышқы күнінен бері ел басшылығы мемлекет пен оның өңірлерін басқарудың тиімді үлгі-моделін табу бағытындағы ізденістерін тоқтатқан емес, үздіксіз жүргізіп келеді. Бұл бағытта озық дамыған елдердің тағылымды тәжі­рибелерін зерделеп, біздің жағ­дайымыз­ға жарайтынын, жағымды ықпалын тигізетінін енгізуге тырысуда. Елбасы тұсында әкімдердің тек Президент пен мәслихат алдында ғана емес, сонымен бірге халық алдында есеп беруі енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев екінші Жол­дауында биыл ауыл әкімде­рінің тікелей сайлауын өткізуді тапсыр­ды. Демек, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру шаралары жалғаса бермек. Басты мақсаттар– мемлеке­тімізді дамыту үшін ауыл-аймақтың әлеуетін барынша жүзеге асыру, ел мен жердің бүтіндігін сақ­тау, сепаратизмге жол бермеу, халықтың әл-ауқатын арттыру – өзге­ріссіз қала бермек.

Айхан ШӘРІП