Азық-түлік бағасы шарықтап барады
Азық-түлік бағасы шарықтап барады
347
оқылды

Азық-түлік бағасы тағы да қымбаттады. Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері 2,8 пайызға өскен. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы мен Шымкентте баға тіпті шарықтап бара жатыр. Бұл аймақтарда азық-түлік құны 3,3 пайызға қымбаттап кеткен. Онсыз да жалақысының жартысын тамаққа шығындайтын халық баға өскен сайын бар тапқанын ішіп-жеуге ғана жұмсауға мәжбүр бола бере ме? Бұған не себеп?

2021 жылдан бері азық-түлік бағасының қымбаттап жатқаны туралы Сауда және интеграция министрлігі бірнеше рет ақпарат таратқан. Бірде 2,2 пайызға, енді бірде 2,4 пайызға өскені ха­барланған. Ал соңғы мәлімет бойынша, елде жағдай шектен шығып кеткенін байқадық. Яғни, орта есеппен Қазақстанда азық-түлік бағасы 2,8 пайызға өскен. Сала министрі Бақыт Сұлтанов бәрін бақылауда ұс­тайтынына уәде бергенімен, мына ахуалдың шынында қиын екенін мойын­дағандай болды. Олай етпеске тағы амал жоқ. Себебі соңғы бес жылда болмаған рекорд орнап отыр. Шекті баға бекіту мәселесі де бұл жолы еріксіз қолға алы­натынға ұқсайды. Азық-түлік бағасының сонша шарықтап кетуіне не себеп болды? Сауда және интеграция министрінің ай­туынша, өндіруші де, екі ортадағы делдал да, сатушы да пайда көріп қалуды көздегендіктен, осылай «аспандап» шыға келіп отыр-мыс. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жергілікті атқарушы органдарға тез арада бұл мәселені қолға алып, шешу тапсырылған. Олар тауар өндірушілермен бірлесіп, бағаны тұрақтандыруы тиіс. Бірақ шекті баға қойды екен деп дүкен сө­ресінен тауардың жоқ болып кетпеуін де ойластыру маңызды. Естеріңізге сала кетейік, Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге бағаны тұрақтандыру бойынша Жол картасын әзірлеген еді. Бұл туралы 2021 жылғы 11 наурыздағы Үкімет отырысында Сауда және ин­те­грация министрі Бақыт Сұлтанов мәлім еткен. 44 іс-шарадан тұра­тын құжатты осы айдан бастап қолға алып, іске асыру жоспар­ланған. Ал енді көбіне қандай тауар­лардың қымбаттағаны туралы айтсақ. Ведомство ақпараты бойынша, бағасы өскен тауардың басым бөлігі импортқа тәуелді, экспорттық сұранысы жоғары екен. Сонымен бірге осы уақытта дәстүрлі түрде қымбаттайтын кө­көністер де бар. Бұған дейін талай жазылған «жұмыртқа жырын» да атап өту керек. Өйткені өндіріс көлемінің 8,4 пайызға қысқарып, жемнің 25 пайызға қымбаттап, оған қоса құс тұмауының ұшқы­нына байланысты бағасы біршама өзгерді. Ал күнбағыс майы мен қанттың қымбаттауына әлемдік ба­ғаның шарықтауы себеп бо­лыпты.

Тұрақтандыру қоры тиімсіз механизм бе?

Осыған дейінгі бір отырыста Бақыт Тұрлыханұлы  тұрақтандыру қорларындағы қор көлемі жет­кілік­сіз екенін айтқан. Яғни, 3,7 мил­лиард теңгеге 25,4 мың тонна ұйым­дастырылған. Олардың интервен­циясы жалпы тұтыну көлемінің 0,2-1,4 пайызын ғана құрайды екен. Яғни, бағаға қандай да бір әсерін тигізуі екіталай. Сонымен бірге тұрақтандыру қорларының қоры да тиімсіз жұмыс істейтін сыңайлы. Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қант – 5,9 пайызға, қара­құ­мық жармасы – 40 пайызға, күнба­ғыс майы – 31,1 пайызға, жұмыртқа 17,5 пайызға қымбаттаған. Ал қор­лар жыл бойы аса қымбаттай қойма­ған көкөністерді сатып алған деседі. Демек, қорлардың жұмысын ұйым­дастыру жағын да пысықтау артық болмайды. Бұл ретте қор жұмысының қалай іске асатынына азырақ тоқталсақ. Тауарлар мен азық-түлік бағасы ар­зан­дау болған кезде қорлар қор жи­нап алады. Сөйтіп, баға шарық­тайтын кезде шығарады. Былайша айтқанда, бағаны ұстап тұрудың амалы. Сондай-ақ бәсеке десе де болады. Бағаны тұрақтандыру үшін қолданылатын тағы бір механи- зм – жеңілдетілген қарыз беру. Сауда желілері мен әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері бағаны «ұстап тұруды» мойнына алады. Соның есесіне  оларға 0,01 пайызбен кредит беріледі. Яғни, өте төмен, тіпті пайызсыз қарыз бір жылға беріледі. Бұл да – бір әдіс. Дегенмен аталған механизм ірі қалаларда жақсырақ жүзеге асады. Келісім бұзылса, айыппұл арқалайды. азық-түлік Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірушілердің бағаны қаншалықты дәлелді көтергені де бақылауда. 2021 жылдың басынан бері монополияға қарсы орган екі нан өндіруші, 2 күнбағасы майын өндіруші, екі сауда желісіне қатысты алты тергеу ісін бастаған. Сондай-ақ 12 жұмыртқа өндіруші, 7 күнбағыс майын өндіруші, 3 қарақұмық жармасын көтерме жеткізушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жолданған. Өйткені 2 ай ішінде осы тауарлардың бағасы 3 пайыздан 11 пайызға қымбаттаған. Жалпы баға­сы 3 пайыздан артық өскені бай­қалса, ақпарат сұрала бастайды.

 53 тиыннан 152 теңгеге дейін

Қолда бар статистика бойынша, 2015 жылдың желтоқсаны мен 2020 жылдың тамызы аралығында азық-түлік бағасының 44,8 пайызға өске­нін байқадық. Айталық, бірінші сұрыптағы ұннан пісірілетін нанның бағасы 2015 жылы 103 теңгеден деп бағаланса, былтыр тамызда 152 тең­геден болған. Бұл ретте нан бағасын есептегенде, бір келіден есепке алатынын ескеру керек. Ал біздің алып жүрген «кірпіш» нанымыз ша­мамен жарты келідей болады. Де­мек, нан бағасы шамамен – 76 тең­гедей. Бір қызығы, егемендік алған тұстан бері нан бағасы 200-ден астам рет өзгерген. 1993 жылы 53 тиынға ала­тын нанды 2000 жылдары 38 тең­геден сатқан. Ал бүгінгі баға бар­шамызға белгілі. Сонымен қатар ет те қымбаттаған тауарлар қатарында. Мәселен, 2015 жылы жамбас не төс еттің бір келісін 1 177 теңгеге алуға болатын болса, 2020 жылы орташа баға 1 909 теңгеден бір-ақ шыққан. Сары май алты жыл бұрын 1 439 теңгеден са­тылса, былтырғы баға – 2 612 теңге. Қарақұмық жармасы 285 теңгеден 403 теңгеге қымбаттаған. Күнбағыс майы бағасындағы өзгеріс: 393 теңгеден 447 теңгеге өскен. Сондай-ақ алманың келісі де 2015 жылы 322 теңге, 2020 жылы бағасы 536 теңге болған. Бұл ретте аталған статис­тиканың орташа екенін, сорты мен түріне қарай бағаның құбылатынын да ескеру керек. Биылғы ақпан айымен салыс­тыр­ғанда бір жыл ішінде бағаның қалай өзгергеніне келсек. Қазір күнбағыс майының орташа бағасы 625 теңге, бір жыл ішінде 44,5 тең­геге қымбаттаған. Ал ұнтақ қант 39,5 теңгеге өсіп, бір келісіне 258 тең­геден бағаланады. Жұмыртқаның он данасын қазір орта есеппен 411 тең­геге алуға болады. Былтырмен са­лыс­тырғанда 37,5 теңгеге қымбат­тапты. Картоптың келісі – 123 теңге (+24,4 теңге), апельсин – 780 теңге (+23,4 теңге), қой еті сүйегімен – 2107 теңге (+20,9 теңге), лимон – 953 теңге (+23,7 теңге), қияр – 808 теңге (+21,3 теңге), бірінші сұрыпты ұн – 243 теңге (+20,2 теңге).

Жалақының жартысын жалмайды

Есіңізде болса, 2020 жылдың со­ңында қазақстандықтар жалақысы­ның жартысын тамаққа жұмсайтыны туралы қызу талқы болған. Респуб­ликамыз айлық ақының тамаққа жұмсалатын бөлігі жайлы Еуропа елдері арасында жасалған рейтингте соңғы орын алған. Негізі, отбасының азық-түлікке кететін шығынының үлесі негатив көрсеткіш саналады. АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Аустралия, Аустрия сынды елдерде азық-түлік себеті барлық шығынның 10 пайызынан да аз. Бұдан байқай­тыны­мыз, ел неғұрлым дамып, ба­йы­ған сайын шығынының тамаққа кететін үлесі азая береді. Ал біздегі ахуал бұдан мүлдем басқаша. Себебі бір айда тапқан табысының жарты­сынан астамын тамаққа жұмсауға мәжбүр болып отыр. Бұл дегеніміз – соның кесірінен ақша жинауға, кәсіп ашуға кедергі келтіреді. Қазақстандықтар табысының 2,4 пайызын – ішімдік пен шы­лымға, 2,9 пайызын –  кафе, мей­рамхана, қонақүйлерге, 1,7 пайызын демалысқа шығындайды екен. Үлесі өте аз. Ал көп бөлігі – бүгінгі айтып отырған мәселеміздің еншісінде. Ұлттық статистика бюросының мә­лім­етінше, былтыр жыл соңында елдегі орташа айлық жалақы 211 033 тең­ге болыпты. Ал тамаққа бір от­басы орта есеппен 104 250 теңге шы­ғындайды екен. Оның үстіне, 5 064 теңгеге ішімдік пен шылым ала­ды, 6 120 теңгеге кафеге барады. 3 587 теңгеге демалады. Сонымен бай­қағанымыздай, ахуал жақсы емес. Мұны өзгерту үшін бағаны тұ­рақтандыру, қорға жинау, жеңіл­детілген қарыз беру сынды іс-шара жеткілікті ме? Жыл сайын кезіге бе­ретін бұл мәселені жауапты ми­нистрлік қалай шешер екен? Қалай десек те, жағдайдың шектен шық­қанынан олар да хабардар отыр. Ендеше әліптің артын бағамыз.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР