Шабан интернеттің «шабысы» баяу
Шабан интернеттің «шабысы» баяу

Қазақстан мобильді интернеттің жылдамдығы жөнінен әлемдік рейтингте 3 тұғырға жоғарылапты. Еліміз рейтингте ілгерілеу жөнінен үздік көрсеткіш көрсете алған 25 елдің қатарына кірді. Дегенмен жалпы тізімдегі орны бәрібір мақтанарлықтай емес: дүниежүзінде, тіпті жүздікке де қосыла алмады, 103-орынды місе тұтты. Халықтың шағымы осы бағаның дұрыстығын растайды.

Тұрмыс тіні – интернет

Интернеттің тұрмыс пен жұ­мыс үшін өте маңызды екенін коронавирус пандемиясы паш етті. Интернеті жылдам елдер қа­шықтан жұмыс істеудің пай­дасын жете түсінді: компаниялар қыз­меткерлері үшін бірнеше қабатты не тұтас ғимаратты жайлап жата­тын кең кеңселерді жалдау, жұмыс орындарын техникамен, жиһаз­бен, басқа да қажеттіліктермен жабдықтау, кеңсе тауарларын, ішетін суды, өзгесін сатып алу се­кілді қаптаған шығыннан құ­тылды, қыруар ақша үнемдеді. Өнімділік те артқан. Қашықтан жұмыс қаншама инновацияға серпін берді. Яғни, пандемия нә­ти­жесінде дамыған елдер өр­кен­деудің жаңа сатысына кө­те­рілуде. Ал интернеті шабан елдер пандемия кесірінен ары қарай құлдырай түсті, алға басқан қа­дамы кері кетті. Кәсіпорындары жаппай жабылып, экономикасы рецессияға ұшырады. Жұмыс бе­рушілер қызметкерлерімен, пе­дагогтер шәкірттерімен лайықты коммуникацияны жолға қоя алмады. Мысалы, оқушылар мен студенттер ұялы телефонымен интернетке қосылу үшін шатырға шығып, төбе-құз жағалап кетті. Содан карантин бітпей жатып, билік оқушыларды мектепке оралтуға мәжбүр. Speedtest Global Index жаһандық рей­тингіне жүгінсек, биыл мобильді интер­неттің жылдамдығы бойынша Біріккен Араб Әмірліктері бірінші орында тұр: онда интернеттің ұшқырлығы секундына 183,03 мегабит болған. Бестікке сондай-ақ Оң­түстік Корея (171,26), Қатар (170,65), Қы­тай (149,68) және Сауд Арабиясы (115,84) кірді. Рейтинг дерегінше, Қазақстанда ұялы телефондардағы интернеттің жылдамдығы бір жыл ішінде 6,6%-ға артыпты. Осы­лайша, секундына 20,15 мегабитке дейін жеткен (2020 жылдың басында 18,9 мегабит болыпты). Іргедегі Қырғыз Республикасы бізден кейінгі орынға жайғасты. Бұл салада Қазақстан – Орталық Азияның көш­басшысы. Қазақстанда ғаламторға шыға алатын ұялы байланыс абоненттерінің саны 16 миллионға жетті. Сөйтіп, бір жыл бұрын­ғыдан 6,8%-ға көбейген. Ресми дерекке сенсек, ұялы байланысты пайдаланатын қазақстандықтардың 66,2%-ы интернеті бар тариф топтамасын сатып алады. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 35% болған. Бұл өсімге ұялы операторлар жүргізген саясат ықпал етсе керек: елімізде мобильді телефонмен жай сөйлесу тарифіне қара­ғанда, құрамына желі ішінде тегін тілдесу, өзге операторлар абоненттерімен шектеулі уақыт бойы ақысыз сөйлесу, sms-хабар­ламалар және бірнеше мегабайт интернет кіретін тариф анағұрлым арзанға түседі. Бүгінде абоненттерінің саны жөнінен Beeline алдына қара салмай келеді: ком­пания шамамен 9,7 миллион абонентке қызмет көрсетеді. Алпауыт «Қазақ­телекомның» құрамына кірген Kcell екінші орынды қанағат етіп келеді: 8,1 млн або­ненті бар. Ал Tele2 мен Altel абоненттерінің саны 7 миллионға да жетпейді.

Тұтынушы неге тұнжырайды?

Бір ескерер жайт, Speedtest Global Index рейтингіндегі көрсеткіш-меже шартты саналады: ол құбылып тұрады. Мысалы, дәл осы ұйымның сайтында көрсетілгендей, қазір Қазақстанда мобильді интернетте фотолар мен суреттер, видеолар және басқа құжаттар орта есеппен небәрі 10,04 Мбит/с жылдамдықпен ғана жүктеледі. Салыстыру үшін келтірсек, оптикалық-талшықты байланыс желісінің, яғни сыммен келетін интернеттің орташа жыл­дамдығы елімізде 52,95 Мбит/с болған. Сым­ды интернет жөнінен әлемде 68-орын­дамыз. Салдарынан смартфондағы интернет ғаламторды «суда жүзген балықтай» кезуге мүмкіндік бермей, шабандығымен шашты ағартады. Мысалы, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Жусансай ауылы­ның тұрғыны Назарәлі Мамадиярұлы ауыл­дардың күні дәл осы мобильді интер­нет­ке қарап отырғанын жеткізді: «Қазақ­телеком» тұтынушылар санын азсынып, оларға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартқысы келмейді. «Бізде және көршілес орналасқан Аққойлы, Сарытоғай елді мекендерінде мобильді байланыс сапасы өте нашар. Activ байланыс желісінің тарату бағаны Жусансай ауылында орнатылған. Бірақ бізге сатып отырған тарифтерінде көрсе­тілген көрсеткіштер ұялы байланыс сапа­сына мүлдем сай келмейді. Осы 3 ауыл тұр­ғын­дарының мектепте оқитын бала­лары Жусансай ауылына келеді. Сарытоғай және Аққойлы ауылдарынан қатынап оқитын оқушылар қашықтан білім ала алар еді, ата-аналар интернеттің нашарлығы бұған мүмкіндік бермейтінін айтады. Менің балаларым да карантинде қашықтан оқи алмады. Себебі интернет жылдамдығы өте-мөте төмен. Осы мәселеге мемлекет назар аударып, көмек көрсетсе екен дейміз», – дейді ол. Қалтафондағы интернет қалаларда да жылдам болып тұрғаны шамалы. Ақтөбе тұрғыны Заманбек Қайратұлы өзі тұратын «Қарғалы» тұрғын үй алабында Altel интер­неті дұрыс ұстамайтынына шағымданады. «Компания ресми сайтында қамту аймақ­тары туралы жалған ақпарат тарата­ды. Мәліметі шындыққа сәйкеспейді. Сайтында көрсетілген жылдамдықтағы интернет жоқ. Біз жылдамдығын үнемі SpeedTest сервисі арқылы тексереміз. Оның нәтижесін, сәйкеспеушілікті дәлел­дейтін ақпараттарды компанияға жолда­дық. Altel шара қолданар емес. Алдында жөндеу басталғанын және ол 3 айға со­зылатынын мәлімдеген. 2019 жылдан бері қаншама «3 ай» өтті», – деп қынжылады ол. Бұған жауап ретінде компания «қиын­дық келтіргеніне өкініш білдіріп», тағы да күте тұруды сұрапты.

Сапаның соры – сараңдық

Tele2 абоненті Ринат Атамырзаның байламынша, ұялы операторлардың қыз­мет сапасы жыл өткен сайын құлдырауда. «Мобильді интернет сапасы еш сын көтермейді. Операторлардың байланыс орталықтарына қоңырау шалудан шарша­дым. Боттар жауап қатады. Тірі маманына шықсақ, бәрінің жауабы бір: «Бүгін біздің желіге үлкен салмақ түсуде, салдарынан интернет жылдамдығы төмендеді», – дейді. Айқасып жүріп анықтағаным, біздің ауданда базалық стансаны оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ол былтырғы желтоқсанда басталған, 2021 жылдың 28 сәуіріне дейін жалғаспақ. Осы уақыт бойы тұтынушылар, тіпті Google парақшасын да жүктей алмайтын интер­нетке қарап қалды. Нашар қызметін тарифті түсіріп те өтемейді. Біз кейде WhatsАpp мессенджерімен хабарлама жібере алмай қиналамыз. Сорақысы сол, оператор жыл сайын базалық стансалар­дағы жөндеу жұмыстарына сілтеумен келеді», – дейді ол. «Өкінішке қарай, бірқатар базалық стансаларда жүктеменің артуы бақылануда. Бұл қызметтер сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Сапалы қызмет ұсыну үшін біз желіде оңтайландыру жұмыстарын жос­парладық. Ақауды жоюдың жоспарлы мерзімі – 3 ай. Біз өз қызметіміз баршаға қол­жетімді болуы үшін тырысудамыз, дегенмен кейде өзімізге тәуелді емес себеп­тер кесірінен бұл мүмкін болмай жатады», – деп жауап қайырды Tele2 операторы. Мамандардың түсіндіруінше, елімізде мобильді интернеттің сапасы артуы үшін ұялы операторлар біріншіден, ескірген жабдықтарын толық ауыстырып шығуы, екіншіден, абоненттер санының артуына байланысты өндірістік қуаттылықтарды да кеңейтуі тиіс. Үшіншіден, жаңа техно­логия­ларды ендіргені, төртіншіден, еліміз­дің шалғай аудандарын жерсеріктері көме­гімен мейлінше толық қамтығаны жөн. Алайда олар ескі жабдықтарын көп жаңарт­пай-ақ абоненттер санын еселеп арттыруға әуестеніп алды. Мысалы, 2020 жылы еліміздегі барлық ұялы байланыс операторлары салаға 140,9 млрд теңге (шамамен 361 млн доллар) инвестиция салған. Бұл алдыңғы жылғыдан 37,2%-ға көп. Әйтсе де, Қазақстанда әрбір тұрғынға (іс басындағы немесе болашақ абонентке) шаққанда бар-жоғы 19 доллар­дан ғана келеді. Салыстыра кетсек, дамы­ған елдерде: Германияда бұл көрсеткіш әрбір тұрғынға шаққанда 72 еуродан, Ұлы­британияда – 196 фунттан, ал АҚШ-та шамамен 300 доллардан келеді. Басқаша айтқанда, отандық ұялы байланыс нарығының ойыншылары клиентінен екі-үш айда алатын ақысын ғана инвестиция ретінде салаға қайтарады. Операторлар жомарт бола түспесе, шабан интернет жұрттың жүйкесін құртып, экономиканы құлдырата бермек.

Елдос СЕНБАЙ