Тағы да ұшақ құлады
Тағы да ұшақ құлады

Алматы халықаралық әуежайы маңында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 6 кісі болған. Өкінішке қа­рай, оның төртеуі көз жұмып, екеуі ауыр жағ­дайда ау­ру­ханаға жеткізілді.

«Ұлттық қауіпсіздік коми­те­­тінің Нұр-Сұлтан – Алматы бағы­тымен ұшқан АН-26 ұшағы қону кезінде құлады. Сағат 17.20-да байланыс үзілді. Бірден дабыл қақтық. Біздің барлық қызметіміз оқиға орнына жетті. Ұшақ ұшу-қону жолағына жетпей құлаған» деп хабарлады Алматы әуе­жайы­ның баспасөз қызметі. Әлеуметтік желіде тараған бей­нетаспаларға қарағанда, әскери ұшақтың бір бүйіріне қарай қисая құлағаны байқалады. Құлаған ұшақта жарылыс болып, өрт шық­қан. Апат орнынан шыққан қою түтін ауаға тарап жатыр. Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің ай­­­туынша, өрт сөндірушілер ұшақ­тағы өртті сөндірген. Апаттан аман қалған екі адам №4 қалалық кли­никалық ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнында Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқар­­ма­сына қарасты жәдел жәрдемнің 10 реа­ни­­­мация бригадасы жұмыс істеген. Ұшақ апатынан майор Ғабит Барлықбаев (1984 жылы туған), капитан Досжан Баймұратов (1985 ж.т.), аға лейтенант Мұхтар Са­­ғымбаев (1994 ж.т.) және сержант Ев­гений Васильков (1985 ж.т.) қаза тапты. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген Артем Аширов (1987 ж.т.) пен Бақыт Исламов (1996 ж.т.) – қазір жансақтау бөлі­мінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, апат себеп­терін анықтау басталғанын мә­лімдеді. №4 клиникалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Руслан Тоқышевтің айтуынша, 1996 жылы туған науқастың бас сүйегі зақымданған, саусақтары сынған, денесі мен екі қолының 50 пайызы күйген, көкірек қуысы жа­­раланған. Ал 1987 жылы туған екін­­ші науқастың бас сүйегі за­қым­­данған, денесі мен екі қо­лы­ның 30 пайызы күйген, сол жақ жіліншігі, қабырғасы сынған, кеу­де қуысы зақымданған. Жан­сақтау бөлі­міндегі екі науқастың да жағ­дайы ауыр. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін барынша күресіп жатыр. Ел Үкіметі апаттың себебін анықтау үшін сараптау комис­сиясын құрды. Оның құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қор­ғаныс және Ішкі істер ми­нистр­ліктерінің өкілдері бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайтында «Қазір комиссия мүше­лері әуе кемесі құлаған жерде. Борт­­тық жазу құралы («Қара жә­шік») табылды. Оның ішіндегі мәліметтерді тексеру жұмысы жү­­­ріп жатыр. Нәтижесі алдағы уа­қытта хабарланады» деп жа­зылған. Қайтыс болғандардың туған­дарымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмек көр­сету үшін Алматы қаласында ор­наласқан комитет госпиталінің ма­мандары жұмылдырылған. Ев­гений Васильковтың ата-анасы арнайы бортпен Петропавл қа­ласынан Алматыға жеткізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаза болғандар мен зардап шеккен­дердің отбасы мен туған­дарына қажетті материалдық көмек көр­сетіп, жерлеу рәсімдерін өткізуге қолдау білдіріп жатқаны айтылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 25 жыл еңбек еткен, қазір от­ставкадағы полковник Арат Нар­манбетов ұшақ апатына көбіне адами фактор немесе ауа райының қолайсыздығы әсер ететінін айтты. «Бізде ұзақ уақыт пайдалануда жүрген ұшақтар жиі кездеседі. Олар ара-тұра күрделі жөндеуден өтеді. Әуе кемесінің апатқа неден ұшы­рағанын анықтау барысында «Ұшақ­­қа күрделі жөндеу қалай жүр­гізілді? Пайдалану мерзімі дұрыс қадағаланды ма?» деген се­кілді жайттарды ескеру қажет. Ұлт­тық қауіпсіздік комитетіне қарас­­­ты авиациялық техника пар­кінде АН-26 ұшақтары, тікұшақтар бар. Парк үлкен емес, олар не­гізінен Ұлттық қауіпсіздік ко­митетіне кі­ретін шекара қыз­ме­тімен бай­ланысты жұмыс жүр­гізеді», – деді ол. Арат Айнақұлұлының ай­туын­ша, әскери ұшақтар бәріне дайын, техникалық жағынан сақадай-сай болу керек. Онда әскери тәртіп бар, техникалық жағынан бақылау кү­шейтілген. Ол әскери ұшақ апат­тарының жиі болуы ең бірінші кезекте қызметіне қатысты екеніне тоқталды. Олар шұғыл тапсыр­ма­ларды орындауы тиіс. Тіпті, ауа райы­ның қолайсыздығына қара­майды, басын ұдайы қауіп-қатерге тігеді. АН-26 – «Антонов» конструк­торлық бюросында әзірленген Кеңес Одағының әскери-көлік ұша­ғы. Бұл – АН-24 моделінің жетілдірілген түрі. Жүк салғы­шы­ның аузы кең болғандықтан әрі ар­найы трап орнатылғандықтан жерден де, көліктен де жүк тиеуге ыңғайлы. АН-26 ұшағының АИ-24ВТ турбиналы-винтті екі дви­га­телі және бір қосымша реактивті двигателі бар. Ұшақта 40-50 орын бо­лады. Ол қатты алысқа ұшуға ар­налмаған, әскери қажеттіліктер үшін, жеке құрамды, жеңіл техни­ка­ларды тасымалдауға ыңғайлы.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ