Жаза басқан футболшылар
Жаза басқан футболшылар

Байлық пен атаққа мас­танған талай ойыншы түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, заңды белден басқаны үшін абақтыға қамалды. Олардың арасында шартты мерзімде жазасын өтегендері, қомақ­ты көлемде айыппұл төле­ген­­дері, спорттан біраз уа­қытқа шеттетілгендері де бар. Біз сол аяқдопшы­лар­дың бірқатарын еске түсіріп көрмекпіз.

Таяуда ғана футболдан Бра­зилия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Робиньо топтасып қыз зорлағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға Миланда 2013 жылдың 22 қаңтарында болды. 2017 жылдың 23 қарашасында Милан соты 33 жастағы футболшы мен тағы 5 адамды кінәлі деп тапқан бола­тын. Сол кезде Робиньо өзінің кінәсін мойындамай, сот үкіміне қарсы шағымданды. Тергеу амал­дары 2020 жылдың желтоқ­санын­да аяқталды, бірақ айып­талу­шы­лардың адвокаты апел­ляциялық шағым түсіріп, ол сот­ты мұның бәрі жәбірлену­шінің келісімімен болғанына сендіруге тырысты. Алайда апел­ляциялық шағым негізсіз деп танылды. Енді фут­бол­шы жазасын абақтыда өтемек. Бұл бас бостандығынан айырыл­ған алғашқы танымал футболшы емес. Бұған дейін де футбол та­рихында бірнеше футболшы қа­таң  жазаланды. Пандемия басталған тұста Робиньоның отандасы Ронал­диньо да бір айға жуық уақыт Парагвай түрмесінде отырып шыққанын спорттық басылым­дар жарыса жазды. Ол ағасымен бірге елге кірерде шекара ба­қылауынан жалған парагвайлық төлқұжат арқылы өткен. Кейін прокуратура қызметкерлері футболшы орналасқан қонақ үйге келіп, спортшыны тергеуге алады. 8 сағатқа созылған тер­геуден соң Роналдиньоны қа­мау­­ға алу туралы шешім қабыл­дана­ды. Ал 6 қыркүйекте спорт­шы жа­задан толық босатылды. Тірі кезінде әлем футболы­ның аңызы, марқұм Диего Мара­дона­ның да басы бірнеше рет дауға қалғанын көпшілігі жақсы біледі. Ол 1991 жылы стресті жеңілдету үшін есірткі қолданып 15 айға фут­болдан шеттетілген еді. Ота­нына орал­ған Диего Армандо жер­гілікті полицияның қолына тү­сіп «есірткі сақтады» деген айып­пен қамауға алынды. Фут­болшы­ның үйінен 36 грамм ко­каин табыл­ған. Спортшы поли­ция бөлім­ше­сіндегі темір тордың ар жа­ғын­да 4 күн түнеп, қомақты ақша төлегеннен кейін ғана бос­тандыққа шықты. Кейіннен сот оны 1,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Жазаға тартылған спортшы­лар, әсіресе футболшылар тура­лы деректер ғаламтор желісінде өте көп. Біз тек солардың ішін­дегі ең негізгілерін іріктеп ал­дық. Оның ішінде италиялық фут­бол­шы Паоло Россидің 1979 жылы букмекерлік кеңселермен келіс­сөз жүргізгені спорт әле­мін­де көп­ке дейін талқыланды. Ол сол әрекеті үшін бірнеше ай түрмеде отырды. Футболшы өзінің ко­ман­дасы «Перуджа» мен «Авел­лино» клубы ара­сын­дағы кезде­су­де букмекерлік орта­лықтармен тең ойын үшін келіссөз жүргізіп, футбол заңына қайшы әрекетке барған. «Ньюкасл» коман­дасы­ның бұ­рынғы ойыншысы Джои Бартон да кафелердің бірінде жас­өспірімдермен араздасып, біреуін ауыр жарақаттап, қыл­мыс­­тық жауапкершілікке тар­тыл­ды. Сот отырысынан соң ойын­­шы жарты жылға абақтыға қа­малды. Бірақ ол тәртібі үшін жазадан 2 ай бұрын босатылып шыққан. Ал адам өліміне қатысы бар деген күдікпен «Фламенгоның» бұрынғы қақпашысы Бруно Фер­нандес ди Соза тұтқынға алынып, 2013 жылы футболшы­ның ісі сот­та қаралды. Тергеу нәти­жесін­де 2010 жылы Элиза Самидионың өлімін ұйымдас­тырды деген айыппен қақпашы 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 23 жастағы футболшы 7 жыл қамауда болып, абақтыдан уақытынан бұрын босатылады. 2016 жылы Англия құрамасының бұрынғы ойын­шы­сы, «Сандер­ленд» коман­дасы­ның 28 жастағы жартылай қорғаушысы Джонсон да 15 жастағы жанкүйерін зор­лады де­ген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Фут­болшы әлі күнге дейін абақтыда жазасын өтеуде. Жаза басып, абақтыға қамал­ған футболшылар біздің елде де бар. Солардың бірі – Саят Сари­ев. «Жетісу» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Алматы об­лысында адам өлтіргені үшін сотталды. Кезінде «Қайратта» ойнаған Юрий Севидов та көлік­пен адам қағып, темірторға қа­мал­ған болатын. Бостандыққа шық­қаннан кейін «Мир» тене­каналында Достастық кубогын, Қазақстан жастар құрамасының ойындарын жүргізді. Танымал футболшы Дмитрий Бяковтың да 300 доллар тұратын Пионер маг­ни­тофонын ұрлап Сауд Арабия­сының түрмесінде отырғанын бірі білсе, бірі білмейді. Осы әрекеті үшін футболшы бір айға абақтыға қамалды. Бұл іске Қазақстан елшілігі араласып, көп өтпей оны құтқарып алды. Бір кездері «Тараз» футбол клубының шабуылшысы болған Ануар Анарметов те жалған құжаттар­мен ұрланған автокөлік сатып ұсталды. Жалпы, әлем бойынша футболшылар арасында мұндай оқыс оқиғалар әр жылдары белең алып тұрады. Солардың дені еуропалық клубтарда өнер көрсететін қалталы ойыншылар. Көпшілігі заңға қайшы әрекетке барған.  Осылайша, танымал­ды­ғын асыра пайдаланғысы келген біраз аяқдопшының бір-ақ сәтте «аяғы аспаннан келді».

Абылайхан ЖҰМАШ