"Жолды бөлісе алмаған" Қордайдағы қақтығыс 5 ақпанда басталған
"Жолды бөлісе алмаған" Қордайдағы қақтығыс 5 ақпанда басталған
© Сурет ғаламтордан
Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылындағы тұрғындар арасындағы жаппай төбелестің нақты себебін айтты. Оның айтуынша, Масанчи ауылындағы тұрғындар арасындағы жанжал 5 ақпанда басталған. "5 ақпанда Масанчи ауылының тұрғындары арасында тұрмыстық жанжал туындады. Уақыты нақты есімде жоқ. Оған қатысы бар бір күдікті қамауға алынды. Қалғандары "ешқайда кетпейміз деген" қолхатпен үйлеріне жіберілді", - деді ол журналистерге орталық коммуникациялар қызметінің кулуарында. Кейін министрдің орынбасары қайғылы оқиғаның нақты себебіне тоқталды. "Тұрғындар жолды бөлісе алмаған. Ауылда 3 адам бір көлікте кетіп бара жатқан. Тағы 3 адам жүк көлігінде отырған. Олар ауылдағы жолға шықпақшы болыпты. Кейін қос тарап жолды бөлісе алмаған. Салдарынан олар сөзге келіп, оқиға орнында бір-біріне қол көтерген", - дейді Алексей Калайчиди. Оның айтуынша, кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, мәселені шешкен. Алайда әлеуметтік желідегі ақпараттар жағдайды ушықтырып жіберіпті. Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Оқиға салдарынан 8 адам қаза тапты. Медициналық мекемелерге 137 адам көмек сұрап келді.