Алматы облысында жедел жәрдем қызметкері марқұмның ұлынан таяқ жеді
Алматы облысында жедел жәрдем қызметкері марқұмның ұлынан таяқ жеді
5,192
оқылды

Оқиға кеше Еңбекшіқазақ ауданында болған. Бұл туралы Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Сағат 16:17-де 23-бригаданың 22-қосалқы станциясының фельдшері С.Елекенов Есік қаласына қарасты «Саяжайға» шақырту бойынша шыққан. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бригада шақырылған жерге 16:32-де жеткен. Жедел жәрдем жеткенше науқас қайтыс болып кеткен. Фельдшер Елекенов пен жүргізуші Молдахметовтің айтуынша, жедел жәрдем келгенде оларды ер адам ашуланып қарсы алған. Науқасты тексерген фельдшер науқастың қайтыс болғанын мәлімдеген. Әкесінің қайтыс болғанын естіген ер адам пышақ алып, жедел жәрдем қызметкерлеріне қарай жүгірген», – дейді басқарма өкілі.

Марқұмның туыстары мәйітті көлікке күштеп салған. Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасына келген кезде марқұмның ұлы қызметкерлерді балағаттап, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Молдахметовтің бетінен ұрған. Ол жерге құлап, басы асфальтқа соғылған.

Таяқ жеген жүргізуші ауруханада емделіп жатыр. Полиция оқиғаға қатысты тергеуді бастады.