Әкімдер есеп берді

Әкімдер есеп берді

Шымкент қаласына қа­расты 4 ауданның әкімдері ел алдындағы есебін берді. Жылдағы жыр. Сол баяғы есеп, сол баяғы сөздер. Өз­геріс тек цифрларында... Мәселен, Әл-Фараби ауданы­ның әкімі Ғабит Мәуленқұлов ауданда әлеуметтік көмек алған 2 249 отбасының өз кәсібін аш­қанын айтты. Оның 760-ы тігін цехын құрып, 550-і кондитерлік өнім шығаруда, ал 743 отбасы мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған.  128-і сұлулық сало­нын, 68-і ағаш өңдейтін цех пен егін шаруашылығымен шұғыл­дануды бастапты. Әкім аудандағы 14 елді ме­кен­нің 218 865  тұрғыны үшін күн­делікті қажетті инфрақұрылым мәселесі толық шешілгенін  атап өтті. Алайда кездесуге келген тұр­ғындар аудан әкіміне қала ішіндегі көлік қозғалысы, ретсіз сауда, ойын алаңшаларының жоқтығы, авто­тұрақтардың та­лап­­тарға сай келмейтіні жайлы айтып ша­ғымданды.

Ал кейіннен құрылған Қаратау ауданы әкімдігіне қаланың шеткі аймақтарындағы елді мекендер кіреді. Шаһарды миллионды қала жасамақ болып тұрғын са­нын қолдан көбейткен билік тұр­ғындарға түсер салмақты сара­ла­маса керек. Бүгінде халқы­ның саны 247 мыңды құрап отыр­­­ған аймақтың шаруасы да шаш етектен. Құжаттандыру жұмыстарын, тұрғын үйлерін заң­дастыруды айтпағанның өзін­де тұрғындарының біразы ауызсу­дың өзін тасымалдап ішеді. Енді біразына су кестемен, сағатпен беріледі. Есепті жиын кезінде жиналғандарға мәсе­ленің біртіндеп шешіліп келе жатқанын түсіндірмек болған Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловты тыңдағандар аз бол­ды. Тұрғындар қордаланып қалған мәселені үсті-үстіне бора­тып, билік өкілін сұрақтың ас­тына алды.  Сайрам тұрғын ала­бы мен Шапырашты, Өтеміс елді­ мекендерінің тұрғындары шал­ғай елді мекендердің инф­рақұрылымын дамыту, ауызсу және электр қуатымен қамту, көше­лерді жарықтандыру мен ойын алаң­дарын салып беру мәселелерін қозғады. Ал өте­міс­тіктерді ең алдымен тазалық мәсе­лесі мазалайды екен. «Қоқыс шы­ғаратын ком­пания тиісті жұ­мысын ат­қармай, жауапкер­ші­ліктен қа­шады, көшеде күл-қо­қыс айлар бойы алынбайды», – дейді ауыл тұрғыны Бердалы Райымбеков.  Ал Шапырашты тұрғын алабының тұрғыны Нұр­махан Бекбосыновты балалардың болашағы алаңдатады. Жас өс­кіндердің бос уақытын өткізетін жер жоқ.
Аудан әкімі  аумақ тұрғын­дарын сапалы электр жарығымен қамту үшін қазір қосалқы элек­тр стансасы салынып жат­қа­нын, аудан аумағындағы ор­талық маңызы бар 79 көшені жарық­тандыру шаралары жүріп жатқанын айтты. Шымкент қаласындағы тағы бір аудан ұлы Абайдың есімімен ата­лады. Аймақтағы негізгі мәсе­ле – заңсыз салынған үйлердің құ­­жат­тандырылуы. Жалпы, билік халықты 1 160 үйдің жер телімін өз бетінше иеленіп, тұрғын үй тұр­ғызып алған деп кінәлайды. Алайда қара халық әкімнің ше­шімінсіз қара жерге қазық қаға ал­майтыны белгілі. Кезінде оңды-солды таратылған жерге бе­­рілген шешімнің зардабын енді тұрғындар тартуда. Сонымен қатар мұндағы халықтың біраз бөлігі әлі күнге дейін көмір жа­­­ға­ды. Қалтасы көтергендер ғана табиғи газдың қызығын көруде. Аудан әкімі Ғалымжан Төлепов келешекте бұл мәселенің шешімін табатынын тілге тиек етті.  Сонымен қатар аудандағы 1 025 көшенің 596-ына ғана асфальт төселген. 103 көшенің топырағы шығып жатыр. Қыс­та батпақтың, жазда шаңның зар­дабын көретін көше тұрғындары әкімге қала статусына лайық емесін айтып  ренішін білдірді. Шымкент қаласының терри­ториясына қосылған қала маңын­дағы 41 елді мекеннің 15-і осы Еңбекші ауданында орналасқан. Әрі  халқы тығыз орналасқан бірден-бір аудан. 15 елді мекеннің әрқайсысында өзіндік проблема жетерлік. Сумен жабдықтау, кәріз және энергиямен қамтама­сыз етуде күрделі проб­лема бар. Қалыпты жолдар жоқ, мек­теп­тер жеткіліксіз, ар­найы жаб­дық­талған қоқыс полигон­дары да көрін­бейді. Мұның бәрі – шұ­ғыл түрде шешіліп, халықтың өмір сүру жағдайын қалалық стандарттарға жақындатуды талап ететін мәселе. Әсіресе, Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданынан қосылған Тоғыс елді мекені тұр­ғындарын мазалайтын мәселе көп. Оның бірі – ағынды судың  Бадам өзеніне құйылып жатуы. Сондай-ақ  үлкен жолдың бо­йын­­дағы мектептің айналасы ас­фа­льт­­талуы керек. Есепті жиында ардагерлер аудан әкімі Ғалымжан Ильясовтан осыны сұрады. Сонымен бірге электр қуатымен қамтамасыз ету де ойдағыдай емес. Тұрғындардың 88 пайызы тұрақты электр энергиясын алады. Тағы 7 пайызы жеке желілерді пайдаланғандықтан, мұндай элек­тр энергиясының құны қым­бат­­қа түседі. Салдарынан же­ліде кер­неудің жиі төмендеуі, желі­­лердің күшеюі байқалады. Халықтың шамамен  5 пайызы электр жарығынсыз өмір сүруге мәжбүр. Қала әкімінің тапсырмасымен биыл көпқабатты 64 үйдің ауласы абат­тандырылып, балаларға ойын алаң­шалары орнатылмақ. Жалпы, биыл абаттандырылған аулалар саны 90 пайызға жетпек. Жиында тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, абаттандыру, көпқабатты үйлердің ауласын жарық­тандыру мен ойын алаң­шаларын салу, қоғамдық көлік мәселелері көтерілді. Тұрғындарды көшелерге атау беру мен тақтайша ілу мәселесі де мазалайды екен.  Ал Жібек жолы көшесінің тұрғындары ауладағы бос жерге спорт алаңшасын салып беруді өтінді. Күншығыстардың қоғамдық көлік бағытына көңілі толмайды. Міне, осыдан 1,5 жыл бұрын республикалық маңызға ие қала болған үшінші мегаполистің бүгінгі сиқы. Осынау мәселесі шаш етектен болып отырған тұрғындарды қазіргі биліктің жиі-жиі ауысуы да, «мәдени астана» жылына орай ұйым­дас­тырылатын іс-шарасы да қы­зық­тырмайды. Оларға газ, су, жарық, сапалы жол және дұрыс ұйымдастырылатын қоғамдық көлік болса болғаны...  

PS.

Айта кетейік, биыл қаладағы әр ауданға 1 миллиард теңгеден бөлі­ніп отыр. Енді бұл қаржы бас­қа жаққа бағытталып кетпей, жа­қында тағайындалған қала әкімі М.Әйтенов осы қаржының мақсатты жұмсалуын қадағаласа екен дейміз...

    Назгүл НАЗАРБЕК