Несиесін төлей алмаған тұрғындар көп
Несиесін төлей алмаған тұрғындар көп
127
оқылды

«Nur Otan» партиясы Қызыл­орда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде сот орындаушылар мен коллекторлардың қызметтеріне қатысты тұрғындардан келетін шағымдар бойынша қабылдау өтті.

Қабылдауға алдын ала жа­зылған, әлеуметтік желілер арқылы хабардар болған азаматтар келіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Алғаш­қылардың бірі болып жуырда ғана жолдасынан айырылған көпбалалы ана партиялықтардан көмек сұрады. Ол банк алдында жолдасының қарызы бар екенін және оны банк өзінен өндіруді талап етіп отырғанын айтты. Аталған мәселе бойынша тиісті сала өкілдері тұрғынға жолдасының мұрагерлігі туралы құжат беріл­мейінше оның несиесін төлеуге еш негіз жоқ екенін және жолдасының зейнетақы қорындағы қаражаты берілген жағдайда банк алдындағы қарызды толық өтеу құқы бар еке­нін түсіндірді. Ал келесі бір азаматша 3 түрлі банктен онлайн несие алып, каран­тин кезінде оны өтей алмағандықтан, құжаттары коллекторлық қызметке өтіп кеткенін және соның салда­рынан барлық есепшоты бұғат­таулы тұрғанын айтып, несиені жағдайы келгенше төлейтіндей етіп, төлем кестесін жасап берсе деген өтініш білдірді. Мәселені зерделеу ба­рысында өтініш иесі құжаттары қандай коллекторлық мекемеге өткізілгенінен де бейхабар екені анықталды. – Бүгінде облыс бойынша 150-ге жуық коллекторлық мекемелер тір­келген. Олардың қайда орна­лас­қанын іздеп табу да сізге қиын­дық туғызады. Алдымен коллек­торлық ком­панияны анықтап, олардың электронды ме­кенжайына мәсе­ле­ңізді жазбаша өтініш ретінде жазуыңыз қажет, – деді Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агент­тігінің облыстағы басқарма өкілі Мұрат Салманов. Жалпы, қабылдауға несие алып, кейін оны төлей алмағандықтан ең­бекақы, жәрдемақы алатын есеп­шоттарының бұғатталып қалғанына шағымданып бірнеше тұрғын келді. Әрине, заң баршаға ортақ. Сол себепті де азаматтардың барлығына тек заңнамалық тұрғыда кеңестер беріліп, оларды шешудің нақты жолдары түсіндірілді.

Әбілмансұр ЖАСАН