Жамбылда азық-түлік бағасы аспандап тұр
Жамбылда азық-түлік бағасы аспандап тұр
169
оқылды

Жамбыл облысында азық-түлік бағасы байлауға көнбей, өсіп барады. Бір жетіде 12 түрлі тауардың ба­­ғасы бірден шарықтаған. Бұқара­ның қал­­тасына салмақ салған қым­бат­­шы­лықтың себебін анықтауда ат­қа­мінерлер аянып жатқан жоқ. Алай­да одан шығып жатқан нәтиже бар ма?

19 тауардың 12-і қымбаттаған

Ең әуелі әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау арқылы тө­мен­детеді делінген «Тараз» әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорациясы» акционерлік қо­ғамының «Өңірлік әлеуметтік тұ­рақ­тан­дыру қорының» жұмысы жүрісінен жаңыл­ғандай. Олай дейтініміз – әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 12-інің бағасы ша­рықтап тұр. Облыстық Статистика де­партаментінің мәліметіне сүйенсек, атал­ған тауарлардың ішінде қарақұмық жар­масының бағасы – 6,9 пайызға, күнбағыс майы – 8,6, қырыққабат – 9, картоп – 8,2 жә­не жұмыртқа 10,1 пайызға артқан. Же­келей айтсақ, Тараз қаласында 5 тауардың, Бай­зақта – 6, Жамбылда – 3, Жуалыда – 11, Меркіде – 3, Т.Рысқұловта – 3, Қор­дай­да – 4, Шуда – 5, Мойынқұмда – 6, Та­лас­та – 7 және Сарысу ауданында 2 тауар­дың бағасы өскен. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиын­да көтеріліп, бірқатар жайт бүкпесіз айтылды. Мәселен, облыс әкімінің орын­басары Берік Нығмашевтың айтуына қара­ғанда, өңірде былтыр пияздың көлемі қо­мақты болғанымен, жыл басынан бері пияз 62 пайызға қымбаттап кеткен.

Сырттан келетін тауарға қашанғы тәуелді боламыз?

Шынында, былтыр пияз өнімін жинау бойын­ша рекордтық көрсеткішке жетіп, аталған өнімді өңірдің брендіне айнал­ды­рамыз деп жүргенде  оның бағасы 62 пайыз­ға қымбаттауы санаға сыймайды. Ал об­лыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, бағаның бұлқынуы сырттан ке­летін тауарларға тікелей байланысты кө­рінеді. – Алматы қаласы мен басқа да өңір­лер­дегі құс тұмауының салдары өндірістің тө­­мендеуіне әсер етті. Облыс минималды сұра­ныстың 25 пайызын аталған өңірлер ар­қылы шешіп отырғандықтан,  өнім өн­діру­шілер бағаны жем және дәрі бағасымен байланыстырып өсірді. Әйтсе де, алдағы мамыр айында жағдай реттеледі деген болжам бар. Өсімдік майының қымбаттауына өт­кен жылдың тамызынан бастап шикізаттың ба­ғасы 110 теңгеден 235 теңгеге көтерілуі сеп болған. Бұл Алматы және Шығыс Қа­зақ­стан облысынан келетін өнімнің баға­сы­на әсер етті. «Шедевр», «Маслозавод» өнімдері орташа есеппен 620 теңгеден жет­­кізіліп жатса, бөлшек сауда орын­да­рын­да бұл 650 теңгеден саудалануда. Күн­бағыс майының бағасын өсірмеу шаралары әлеу­меттік дүкендер мен негізгі 6 сауда же­лілері арқылы жүргізіліп, баға айыр­ма­сына байланысты қордағы 420 теңгенің майына тұрғындар тарапынан сұраныс арт­қан. Жыл басынан бері өсімдік майы­ның 42 тоннасы өткеріліп, қазір қорда екі аптаға ғана жететін 9 тонна өсімдік майы қа­лып отыр. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру жос­парына ұсыныстар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына 12 ақпанда жолданғанымен, жауап әлі күнге келмеді. Корпорация қоры жеткілікті картоп, қант, сәбіз, пияз, нан жет­кізу көлемін арттыру, ал қоры жеткі­лік­сіз жұмыртқа, күнбағыс майын, қарақұ­мық­ты және тағы басқа тауарларды қосым­ша сатып алу жөнінде берілген тапсырмаға сай жұмыс істемей отыр, – дейді Қайрат Тілеубайұлы.

Қазынадан қаралған қаржының қайтарымы қайда?

Бұдан бөлек, аудандарға қажетті тауар­ды айналым жүйесі бойынша босатылатын өнім есебінен тікелей өткеру жөнінде «Та­раз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­ция­сы­н­а» тапсырма берілгенімен, бұған қа­тыс­ты да жүйелі жұмыс жүргізілмеген. Тіп­ті, корпорация  нақты мәлімет беруге де құлық танытпаған. Осыған орай, бас­қарма басшысы корпорацияның орын­даушылық тәртібін қатаң бақылау қажетін ұсын­ды. Бұған негіз де жоқ емес. Олай дейтініміз бүгінге дейін «Тараз» әлеуметтік-кә­сіпкерлік корпорациясына» басқарма тарапынан 11 хат жолданғанымен, бірде-біреуіне жауап берілмеген. Ал ағымдағы жылы тұрақтандыру қорындағы 632 мил­лион теңге 14 субъектіге берілгенімен, кә­­сіп­керлер белгілеген сауда орындарын­да­ғы бағаны тұрақтандыру, өткеру көлемін қамту шараларын жүйесіз ұйымдастырған. Тіпті, картопты сату жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Мәселен, «Көкжиек» ЖШС қаңтар-ақпан аралығына белгіленген 25 миллион теңге өнімінің тек 5,6 миллион теңгелік өнімін ғана өткерген. Дәл сондай «БМК» ЖШС берілген 26 миллион тең­генің тек 7,6 миллион теңгесінің қайтары­мы болған. Картоп өндірушілерге берілген 127 миллион теңге несиенің есебі болса мүл­де жасалмаған. азық-түлік бағасы – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациясында» әр тоқсанға бекітілген өнім­дерді өткізу көлемі расталмаған. Се­бебі дәлелді есептілікті ұсыну жұмыстары олардың тарапынан ұйымдастырылмаған. Яғни, сатылған тауардың орнын, көлемін, бағасын растау құжаттары жоқ. Қазынадан қаралған қаражаттың мақсатты жұмсалуын және бекітілген талаптарды орындамаған кәсіпкерлік субъектілерінің әрекетін заңға сәйкес тексеру қажет. Жұмысына жауапсыз қараған субъектілерге айыппұл салып, қаржыны қайтаруды талап ету керек, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Аманов. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы» акционерлік қоғамының ат­қару­шы директоры Заңғар Кемелев ай­тыл­ған сын, тағылған мінді мойындамай отыр. Оның сөзіне сүйенсек, қор есебінде картоп өнімі жеткілікті екен. Олар өнім бұзылып, жеу­ге жарамсыз болып қалмас үшін серік­тестіктердің қоймасынан картопты шеті­нен алдырып отырған көрінеді. Сондай-ақ атқарушы директор барлық сауда орын­дарына өнімді тек бір ғана көлік жет­кізе­тінін алға тартып, ақталып бақты. Еліміздің Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің облыс бойынша де­партаменті бағаны тұрақтандыруға барын са­лып жатыр. – Өсімдік майын өңірге жеткізумен ай­налысатын алматылық екі ірі компа­ния­ның бірі өнімді 8,8 пайызға, бірі 14 пайызға өсір­гені анықталды. Қазір ол компа­ния­лар­дың әрекеті тексерілуде. Осы тектес жұ­мыртқаны да бізге мол көлемде Ақмола облысынан екі жеке кәсіпкер жеткізіп отыр. Олардың бағаны көтеру себебін сол өңірдегі әріптестер арқылы анықтау үстін­деміз. Сол секілді қанттың бағасын өсірген «Та­раз» қант зауытының әрекетіне де тал­дау жүргізіліп жатыр, – дейді Жандос Қуат­бекұлы.

Жауаптылар қызметінде қалғып отырса, баға қалай байлауға көнеді?

Иә, мәселенің себебімен емес, салда­ры­мен күресуге бүгінде етіміз үйренді. Ба­ғаны басынан бақылауға алмай, әбден ша­рықтаған кезде кінәліні іздеп, алаөкпе боламыз. Ал бағаның қымбаттауының бас­ты себебі – сырттан келетін тауарларға бай­ланысты болып тұрғанын әркімнің іші бі­ліп тұр. Былтыр мол көлемде пияз өн­дірген едік, оны да сыртқа жіберіп, енді көк­темде қайта қымбатқа сатып алып жа­тыр­мыз. Сонда «пияз шаруашылығы бойын­ша республика көлемінде көш бас­тадық» деп «бөркімізді аспанға атып» қуан­ғанымыздан не пайда? Негізі, жамбылдық шаруалар дала жұ­мыстарын дер кезінде бастап, қолдан келгенше өнім өндіруде. Алайда оны сақтайтын облыста қойма болмай тұрған секілді. Олай дейтініміз – өз өнімімізді сырт­қа саудалап, көктемде өзге өңірлерден қым­батқа тауар  сатып алып жатқанымызды қа­лай түсіндіруге болады. Оған қоса, баға­ны бақылауда ұстайды деген «Тараз» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясының» қоры да сенімді ақтамауда. Ал аталған ме­­­­­кеменің басшысы Олжас Қаржауов жуыр­­да Жуалы ауданына әкім болып та­ғайын­далғанын ел жақсы біледі. Демек, оның орнына келген адамға корпорация­дағы келеңсіздіктерді қалпына келтіріп, алдыңғы басшының жаза басқан тұстарын жуып-шаюға тура келеді деген сөз. Ал мұн­дай тірлік ешкімге абырой әкелмейтіні бел­гілі. Ең бастысы, әлемдік пандемия кезінде азық-түлік бағасы бұқараның қалтасына сал­мақ салмай, жауапты мамандар қыз­ме­тінде қалқымаса игі.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы