Газдың арзандығы желіге сор...
Газдың арзандығы желіге сор...

Оңтүстік өңірдегі ұзындығы 2 500 шақырым газ құбырын игеріп отырған мамандармен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме саланың жай-күйі туралы өрбіп, өте ауқымды инфра­құры­лымның кей нысандарын да аралап көрдік.

Қысқаша айтқанда, кеңестік дәуірден қалған газ тасымалы инфрақұрылымын жамап-жасқап жүрген мамандар саланың жағдайы ауыр екенін айтып отыр. Шымкент қаласы мен Түр­кістан облысы аумағына табиғи газды магистральдік тасымалдау жұмыстарын «Шымкент» ма­­­гис­­тральді газ құбырлары басқармасы жүзеге асырады. «Бұқара газды ауданы – Бішкек–Ташкент–Алматы», «Газли–Шымкент», «Қазақстан–Қытай», «Бейнеу–Бозой–Шымкент» және ұзындығы 97 км шақырым ГТС-тегі газ құ­бырлары газ мамандарының қа­рауында. Оған 21 газ айдау агре­гаттарының паркі бар компрес­сорлық стансалары мен Шымкент қаласында 4, Түркістан облысы бойынша 25 газ тарату стансасы кіреді. Алайда стансалардағы құрыл­ғылар өткен ғасырдың 60-жыл­дарында салынғанын біреу білсе, біреу белмейді. Үлкен қы­сыммен жұмыс істейтін газ тарату құ­быр­ларының, газды бөлетін же­лілердің және жерасты газ сақтау қойма­сын­дағы агрегаттардың тоз-тозы шығып бара жатқанын көзбен көрдік. Мамандардың өз ісіне жаны күйгендіктен дабыл қаға бастағанына көз жетті. Яғни, газға қатысты ескі желілер күн өткен сайын техногендік апатқа қарай бет алды десек, артық айтқандық емес. газ Газ саласы ардагерлер кеңесінің облыстық филиал директоры По­лат Құнанбаев өткенді еске ала отырып әңгіме сабақтады. «Каз­трансгаз» компаниясы 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына кірген кезде газ желілері мен он­дағы жабдықтар тозып, кейбі­­реулері жұмыс істемей тұрған. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде Мақтаарал өңіріндегі барлық ауылға табиғи газ жеткізіліп тұратын. Алайда 2000 жылға қарай орталығы жетісайлықтар ғана көгілдір отынға қол жеткізіп, ал газ желілерінің нашарлауына байла­­нысты аудан ауылдарында газ ажы­ратылды. Оның үстіне жыл сайын тұтынушылар саны артып, жүйеге түскен жүктеме де көбейген. Өн­дірістен әлдеқашан шығарылған қосалқы бөлшектер, газ құбы­­­рындағы ескірген жабдықтарды қалыпты жұмыс режиміне қосу үшін қолдан келгеннің бәрі жа­салып жатыр. Бірақ ендігі жерде толығымен қайтадан жаңартпасақ хал мүшкіл», – дейді сала ардагері. Маманның сөзінше, жабдықтар тек ескіріп қойған жоқ, жарамсыз десе де болады. «Магистральдік және тарату желілерінің тозуы, сондай-ақ табиғи газды тұтыну­­­шылардың артуы форс-мажорлық жағдайға әкелуі мүмкін. Жалпы, аймақтағы газ саласын түбегейлі жаңғырту үшін мемлекет тара­пынан үлкен қолдау қажет», – дейді Полат Бегайдарұлы. Тағы бір мысал. Сарыағаш ауданы аумағында орналасқан «Полторацкое» жерасты газ сақтау қоймасының компрессорлық стан­­­­­­­­сасы посткеңестік кеңістіктегі ең көне газ тасымалдау жүйелерінің бірі. Пайдалану мерзімі талап бойынша 30 жыл болса, дәл қазір 20 жыл артығымен жұмыс істеп тұр екен. Ыңыранып тұрған даусына қарап-ақ түңілгендей болдық. газ Стратегиялық нысан өзінің екінші ресурсын орындап жатса, магистральдық газ құбырлары ны­сандарының басым бөлігіндегі жағдай да осы шамалас екен. «Облыс даму үстінде. Оның газға деген өсіп жатқан сұранысын өтеуге әзірге бізде мүмкіндік те қа­ражат та жоқ. Біздің нысандар ар­қылы көршілес Жамбыл, Алматы облыстары, сондай-ақ Өзбек­стан­ның шекаралас өнеркәсіптік ау­­дандары да газбен жабдықталып отыр. Газ тасымалдау жүйесі объек­тілерінің ағымдағы техникалық жай-күйі, олардың қатты тозуы істен шығу қаупін тудырып, тө­тенше жағдайға апаруы мүмкін. Әсіресе, жылыту маусымы ке­­зеңінде газ тасымалдау көлемі ар­тып, құбырлары мол жүктемемен жұмыс істеген кезде адам шығыны, ғимараттардың қирауы және ст­ратегиялық энергетикалық объек­тілердің толық тоқтап қа­луының салдары ауқымды болады. Мә­селен, ұңғымалары 50 жылдан аса пайдаланылып келе жатқан «Пол­торацкое» газ қоймасындағы объектілері елді мекендерге тікелей жақын орналасқан. Батыс күм­безінің ГТП-1 Жібек жолы кентінің жанында орналасқан және Өзбек­станмен мемлекеттік шекараға жапсарлас тұр. Коммуни­­­­ка­ция­лар­дағы қысым 90 кгс/см2-ден асатынын ескерсек, бұл ха­лыққа  үлкен қауіп төндіреді», – дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» ӨМГ директорының бірінші орынбасары Абай Бай­құлов. Магистральді газ құбырының 530 шақырым учаскесі «Жібек Жолы» (Қазығұрт) кеден бекетінің астында жатыр. Талап бойынша нысандар учаскеден 300 шақырым қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда мұндағы дүкендер мен айырбастау пункттері 1 метр қа­шықтықта ғана орналасқан. Ал ке­ден бекетіне жиналған адамдар мен автокөліктердің көптігінде шек жоқ. Аса қауіп төндіретін қысымы жоғары магистральді газ құбыры үшін басқарма тарапынан жоба жасалыныпты. Абай Мұхтарұлы осынша ны­санды толығымен бұзуға жібере алмайтынын, сондықтан газ құ­бырларын кеден бекетін айналып өтетіндей салуды жоспарлап қой­ғанын, дегенмен оған да қыруар қаржы керек екенін айтады. газ Абай Мұхтарұлының айтуынша, бір ғана Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағының газ құбырларын толығымен жаңарту үшін кететін шығын миллиардтаған сома болды. Дәл қазіргі Ұлттық оператор тарапынан бөлініп жат­қан қаржы осынау қон­дыр­ғыларды саланың қазіргі деңгейін ұстап тұ­руға ғана жетеді. Шымкент қаласындағы 5 ау­маққа газ жіберетін ГРС-4 1970 жылдары салыныпты. Мұнда да үлкен проблема бар. Құбырларда мұз қатып қалған, егер бұдан да қатты суық болып, құбыр ішіне мұз қатса бүкіл қала табиғи газсыз қал­мақ. Басқарма басшылығы әр 5 жыл сайын құбырішілік диаг­ностика жасалуы тиіс екенін, ол да үлкен қаржыны қажет ететінін ай­тады. Алдағы үшжылдық, ары кеткенде бесжылдықта осынау проб­­лемалы инфрақұрылым түгел жаңартылуы тиіс. Байқағанымыздай, газ сала­сының түйткілі тым ауқымды. Стратегиялық маңызды саланың болашағына алаңдасақ шапшаң қимыл керек. Сөз соңында түйгеніміз, осы газ бағасын әлем бойынша ең арзан, ең төмен деңгейде ұстап тұрамыз деп жүріп, қолдағы бардың күйін нашарлатып алған жоқпыз ба осы?

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы