Милициядан полицияға дейін...
Милициядан полицияға дейін...
379
оқылды

Қазақстан милициясының тарихы қазақ халқының та­рихымен тығыз байланысты. 1917 жылдан бері халықпен бірге Совет билігін орнату үшін азаматтық соғыс майданында ұрыс салған кеңес милициясы одан соңғы ұжымдастыру жылдарында кулактардың бандаларымен шайқасқан болса, Ұлы Отан соғысы жылдары фашизммен күреске белсене қатысты. Соғыс біткен соң қираған шаруашылықты қалпына келтіруге, елдегі тыныштықты сақтауға атсалысты. Ал бүгінде соларға сабақтас полиция қызметі егеменді Қазақстан халқының конституциялық мүдделерін қорғап, демократиялық өзгерістердің күзетінде тұр.

Егемендіктің ерте таңында

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдар Қазақстан үшін үлкен қиындықтармен есте қалғаны рас. Экономикалық дағдарыспен қатар, криминалдық ахуал да ушығып сала берді. Атыс қаруын қолдану күрт артып, қылмыстар күрделі сипат ала түсті. Қылмыскерлер еркінсіп, қатыгез және ұйымшыл болды. Рэкет, адам ұрлау, бопсалау, қи­нау сияқты жантүршігерлік қылмыстар әдеткі жағдайға айналды. Бірқатар тапсырыспен адам өлтіру деректері де тіркелді. Тәуелсіздікпен бірге енген демократия, ашықтық деген ұғымдарды адамдар өзімбілемдік, анархия деп түсіне бастады. Көшеде рұқсат етілмеген митингтер, шерулер, пикет жасау жиіледі. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының қылмыспен күреске жаңаша әдіспен келу қажет екенін аңғартты. Бірақ дайын нұсқа жоқ еді. Сол себептен де барлығын да басынан бастап игеруге тура келді. Осы реттен келгенде жас мемлекет үшін 1992 жылдың 23 маусымы күні «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» заңның қабылдануы ырық бермей кеткен криминалды ауыздықтау үшін маңыз­ды болды. Осылайша, елімізде алғаш рет ішкі істер органдарының құқықтық мәртебесі, олардың құ­қықтары мен міндеттері, полиция қызметкерлерінің арнайы құралдар мен атыс қаруын қолданудың құ­қықтық негіздері, әлеуметтік қорғалуы заңнамалық деңгейде айқындалды. Осыдан соң азаматтардың қауіп­сіздігі мен құқықтық тәртіпті сақтап, мемлекеттік және жеке мен­шікті қорғау үшін Ішкі істер минис­трлігі республика бойынша қылмыспен күрестегі тактикалық әдіс­те­­рін ғана емес, стратегиялық мін­­­деттерін де өзгерте бастады. Ми­­нистрлер кабинетінің қаулысымен ұйымдасқан қылмыс пен корруп­­ция­ға қарсы күрес күшейіп, респуб­лика бойынша мұндай бөлімшелердің штат саны ұлғайтылды. Қылмыстық іздестіру басқармаларында аймақаралық бопсалауға қарсы күрес бөлімшелері құрылды. Міндет түрлері қайтадан бөліске түсіп, ішкі істер органдарының құ­ры­­лымдары мен штаттары жетілді­ріліп отырды. 1992 жылы ІІМ мен облыстардағы басқармалардың аппараты 13%-ға қысқартылып, босаған орындар аудандық, қалалық және желілік ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөлімшелеріне берілді. Ақтөбе, Өскемен, Ақмола, Шымкент, Орал, Қостанайда қалалық ішкі істер басқармалары, Қарағанды қаласында АІІБ құрылды. 1993 жылдың 23 маусымы күні «Ішкі істер органдары туралы» заңның қабылданғанына бір жыл толуына орай өткен салтанатты жиын­ға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзі қатысып, былтыр қабылданған заңның айырықша мәнге ие екенін атап өткен болатын. Сол күн­­­­­нен бастап еліміздің ішкі істер са­ласы төл тарихының ал­ғаш­қы па­рақшасын ашып, мемлеке­тіміздің мүддесі жолында аянбай қызмет етіп келеді.

Тәуелсіздік халықаралық аренаға жол ашты

Қазақстан ішкі істер саласының Тәуелсіздік тарихындағы тараулы бір тармағы – халықаралық аренадағы жолы. 1993 жылдың 4 қарашасы күні Сенегал астанасы Дакар қа­­­­ла­­­сында 61-інші Бас ассамблеяда Қазақстан милициясы іс жүзінде бірауыздан Интерполға қабылданды. Бізбен бірге бұл қоғамдық ұйым­­ға Украина, Эстония, Латвия, Ар­мения және Әзербайжан да мүше болды. Мүше­лік жарна көлемі 52 мың швейцария­лық франк болып белгіленді. Күрт артып келе жатқан қыл­­мыс­тық ахуалға қарсы бірыңғай әдіс жасап шығару мақсатында 1994 жыл­­­дың сәуір айында полиция қыз­меткерлерінің Бірінші халықаралық симпозиумы өтті. Бұл Қазақстан ми­­­лициясы үшін жетекші елдердің ішкі істер саласымен практикалық бай­ланыстарды жолға қоюдағы ал­ғашқы қадамы болды. Мұндай маңыз­­ды форумның жұмысына 78 елден, соның ішінде АҚШ пен Ұлы­британиядан да делегациялар қатыс­­ты. Содан бері ішкі істер саласы түр­­­­лі деңгейде және форматта әлемдегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп ке­­леді. Бүгінгі таңда ІІМ құқық қорғау қызметінің негізгі бағыттары бойынша 130-дан астам халықаралық келісімшарттың қатысушысы. Қазір сондай 50 шақты шарт жобасы дайындалуда. Әріптестердің ішінен Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы елдерін, Еуропа елдерін атап өтуге болады. Қытай, АҚШ сынды ал­пауыт елдердің құқық қор­­ғаушы­лары­мен кәсіби қарым-қатынас жолға қойылған бол­са, Таяу және Орта Шығыс елдерімен, Азия-Тынық мұхиты аумағы елдерінің құзыретті органдарымен байланыс орнатылуда. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД, Еуроодақ сынды халықаралық құры­­­лым­дар аясындағы әріптестік даму үс­т­інде. Достастық елдерімен жыл сайын­ғы Ішкі істер министрлерінің кеңесі отырысы форматында өзара тиімді әрекет ету тетіктері жолға қойыл­­ған. Ал қылмысқа бірігіп қар­сы тұру және прак­тикалық шаралар­ды жасап шығару үшін Ресей Федерация­сының Ішкі істер министрлігімен біріккен алқа құрылған.

Полиция – жаңа астанадағы жаңа атау

1998 жылы ел астанасы Сары­арқа төсіне көшкен кезде көптеген мемлекеттік ведомство да жаңа ас­та­наға маңдай түзеген болатын. Ал­ғашқы көшпен 21 тамыз күні Ақ­мола қаласына министрліктің 150 қызметкері келді. Көпшілігі от­басы мен дүние-мүлкін біржолата ала келген болатын. Оларға жаңа баспана беріліп, орналасып алу үшін қысқамерзімді еңбек демалысына жіберілді. Министрліктің қал­ған қызметкерлері жергілікті кадр­лардан алынды. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілді. Сондай-ақ осы жылдың желтоқсан айында милиция атауы ресми түрде полиция болып ауыстырылды. Осы­лайша, кеңес жүйесінің милитарлық-жазалаушы форматынан ба­тыстық полис-қорғаушы форматына ауысқан еліміздің ішкі істер саласы одан кейін де көптеген реформалық өзгерістерді бастан ке­шірді. Жаңа астанаға келіп, жаңа атау алған соң елорданың төрінен 1999-2000 жылдары министрліктің бас корпусы, «Алатау» спорт кешені, Жедел басқару орталығының (ЦОУ) жаңа ғимараты бой көтерді. Оңтүстік Кореяның атақты LG ком­­паниясымен арадағы келісімге сәйкес тұрғызылған ІІМ мен Астана қаласының Жедел басқару орталығы ТМД бойынша бірінші, әлем бойынша бесінші ЖБО еді. 1999 жылдың 23 желтоқсанында пайдалануға берілген нысанды сол кездегі Үкімет басшысы, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі салтанатты түрде ашқан болатын. Енді бүгінде мұндай орталықтар об­лыс орталықтарының барлығында бар. Алдағы уақытта криминалдық ахуалы күрделі 27 моноқала мен 8 шағын қалада ашу жоспарланып отыр. 2007 жылы 23 маусым – Қазақстан полициясы күні болып рес­­ми түрде кәсіби мереке ретінде бе­кітілсе, 2014 жылы Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа «Ішкі істер органдары туралы» заң дайындалып, қабылданды.

Өзгерістер мен іргелі істер

Тәуелсіздіктің 30 жылында Ішкі істер министрлігі – құрылымдық өзгеріске көп ұшыраған салалардың бірі. Бүгінгі таңға дейін полицияның аты ғана емес, заты да сан түр­лі өзгеріске ұшырап, еліміз қылмыс­қа қарсы лайықты тосқауыл қоя ала­тын нәтижелі жүйе жасақтап шыға алды. 90-жылдар соңында өрт қауіпсіздігін сақтау, қылмыс­тық-құқықтық статистика жасақтау, криминалдық өндіріс жүргізу, экономикалық қылмыстармен күрес, халықты құжаттау және тіркеу функ­циялары басқа мемлекеттік органдарға берілген болатын. Одан кейін де өздеріне тән емес көлік құралына мемлекеттік техникалық тексеріс жасау, ішінара күзет қызметі сынды қызметтер де алынып тасталды. Айықтырғыштар Денсаулық сақтау, жасөспірімдерді оңалту орталықтары Білім, қылмыс­тық-атқару жүйесі Әділет министрлігіне берілді. 2000 жылы Қазақстанда мектеп инспекторлары институты пайда болды. Әрбір мектепте мұ­ғалімдер мен ата-аналар комитетімен тығыз жұмыс істейтін бір-бір тәртіп сақшысын ұстау тәжірибесі жемісін беріп те жүр. Кешенді шаралардың нәтижесінде 90-жылдар басында елімізде 200 мыңға жуық қылмыс­­ болса, 2009 жылы 120 мыңға азайды. 2011 жылы Қылмыстық-атқару жүйесі ондағы түзеу мекемелеріндегі жедел-режимдік және тағы да басқа жағдайлардың ушығып бара жатқанына байланысты кейін ІІМ-ге қайтарылды. Осы жылы сондай-ақ, халықты құжаттандыру және тіркеу функциясы да Әділет министрлігінен қайта алынды. 2012 жылы қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды элек­­тронды түрде тіркеу технологиясы енгізілді. Бұл ақпараттар онлайн режимде прокуратура органдарына жібе­ріледі. Ал азаматтар қолдарына бе­рілген электронды талон-хабарлама бойынша про­куратураның интернет сайты, сall-орталықтары және SMS-сервистері арқылы оны қадағалап отыра алады. 2013 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес елі­мізде жол және патрульдік полиция біріктіріліп, әмбебап полиция қызметі құрылды. Мұндай өзгеріс, полиция қызметкерлері­­нің құзыретін кеңейтіп, бір маршрутта нарядтардың қабаттасып жүрмеуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде елді­мекеннің барлық аумағын қамтуға, оқиға орнына тез жетуге, қылмыстарды ізін суытпай ашуға жағдай туды. 2014 жылы Төтенше жағдай министрлігінің таратылуына байланысты ІІМ-ге комитет ретінде қосылған болатын. Ішкі істер құрылымында 6 жыл болған ТЖ саласы былтыр ғана өз алдына министрлік болып бөлек шықты. Реформалы өзгерістердің бірі – 2015 жылдың қаңтарынан бастап жаңа қылмыстық және қылмыс­тық-процессуалдық процестердің күшіне енгені. Қылмыстық процестті жеңілдете түсетін қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделі енгізілді, тергеуге дейінгі тексеру алынып тасталды. Енді барлық құқық­бұ­зушылық сотқа дейінгі тергеу ті­зіліміне (ЕРДР) тіркеледі. Одан кейін барып қана өндірістен қыс­қартылатындары, тоқтатылатындары, алынып тасталатындары түсіп қалады. Осы жылға тіркелген 330 мың қылмыс санының көп болуы, нақты жедел ахуалмен емес, заң­намадағы тіркеу тәртібінің өзгеруімен байланысты. Сондай-ақ осы жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның қабылдануына байланысты ведомство бойынша консультативті-кеңесші органдар құрылып, жұмысын бастады. 2016 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес барлық өңірлерде Жергілікті полиция қызметі құрылды. Ол өз аясына учаскелік инспекторларды, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғат қорғау поли­­ция­ларын және тағы басқа қызметтерді біріктірді. Қазір ІІМ мемлекеттік қызмет түрінің 41 түрін көрсетеді. Оның басым бөлігі электронды түрге кө­шірілген.

Басты көрсеткіш – халық сенімі

Полиция қызметкері болу – үлкен қажыр мен берік ұстанымды талап ететін өте күрделі де қауіпті қызмет. Күні-түні жел өтінде, жер шетінде қылмысқа қарсы күрес жүргізу оңай емес. Олар кез келген сәтте басын қатерге тігіп, азаматтардың амандығы үшін жанын қиюға да әзір. Олардың бұл ерліктері уақытында бағаланып та жүр. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мыңнан ас­там ішкі істер органы қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскерилері мемлекеттік наградалармен марапатталған болса, олардың 130-ы өкінішке қарай өмірін қиылғаннан кейін марапатталды. Кейінгі 30 жыл­да елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде 797 полиция қызметкері қаза тапқан болса, олардың 80-і қылмыскерді құрықтау кезінде мерт болғандар. Ал қызмет бабында 2 604 қызметкер ауыр дене жарақатын алған. Ішкі істер саласын әлі де болса үлкен бетбұрыстар күтіп тұр. Әйтсе де, бұл жолда олар қандай да өзгеріс­­терге сақадай сай. Қазір бұрынғыдай қылмыс саны ішкі істер органдарының жұмыс көрсеткіші болып саналмайды. Олардың жұмыс көрсеткіші халық сенімі болып қала бермек.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ