Оқиға 21-шағынауданда бесінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерде болды. Сыйымдылығы 27 литр болатын газ баллоны жарылған.
Денсаулық сақтау басқармасы күйік шалған ер адамның денсаулығы туралы хабарлады.«16 наурызда сағат 00.45-те Қарағандыдағы 21-шағынауданда 5-қабаттағы бір бөлмелі пәтерде газ жарылды. 5 шаршы метр аумақ өртенді. Өрт орнынан 1994 жылы туған ер адам ауруханаға жеткізілді. Өрт 1 сағат 19 минутта сөндірілді. 25 адам (оның ішінде алты бала) эвакуацияланды. Оқиға орнына ТЖД-ның 40 қызметкері мен 11 техникасы жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, оттың шығуна 27 литрлік газ баллонның редукторынан газдың шығуы себеп болған», – деді Қарағанды облыстық ТЖД өкілі.
Жарылыс болған үйдегі жарық мәселесін «Қарағанды Жарық» мамандары ретке келтіретін болды.«16 наурызда 1994 жылы туған науқас Пришахтинскіден жедел жәрдем бригадасымен Мақажанов клиникасына шамамен 1 сағат 30 минутта жеткізілді. Науқастың жағдайы өте ауыр. Аяқ-қол, бет, мойын, арқаның 45%-і ІІІ B дәрежелі күйік жарақатымен жеткізілді. Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Денсаулығы нашар», – дейді мамандар.
Биыл Петропавлда да жатақханада газ баллоны жарылып, бірнеше адам қайтыс болған еді.