2021 жылдан бастап елімізде Балық шаруашылығы комитеті өз жұмысын қайта жандандырып, 2020-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығының даму бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама бойынша, елдің табиғи суқоймаларында жылына балық өнімдерін 600 мың тоннаға дейін, 300 мың тоннаға дейін балық экспортын ұлғайту мүмкіндігі қарастырылуда. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылып, қолданыстағы 323 шаруашылық толық қуатты жұмысқа көшіп, аквамәдениетті дамытуға жаңа жағдайлар жасалмақ. Алайда қазір балық шаруашылығы саласында талапты студент пен білікті маман санаулы.
Балық шаруашылығы саласына білікті маман даярлауға қазақтың қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессор - оқытушылар құрамы 2000 жылдан бері үздіксіз өз үлесін қосып келеді. Университетте «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша шәкірттер үш деңгеймен (бакалавриат, магистратура, PhD) дайындалады. Кафедра түлектері елімізде және шетелдерде ғылыми институттар мен балық шаруашылықтарында, жоғарғы оқу орындарында, жеке меншік бизнесте қызмет атқаруда. Қазіргі таңда кафедра түлектері жылдар өте жұмыс берушілер санатына ауысқан. Олардың арасында Тұрсынәлі Марлен – «MG» ЖШС, «Балық – мектеп» ЖШС кәсіпорындарының бас директорын, «Қазақ балық шаруашылығы» институтының «Гидробиология» зертханасының меңгерушісі Мажибаева Жанарды, Қожабаева Элеонораны, Пазылбек Мейрамбекті, аталған институттың Арал қаласындағы филиалының директоры Тынысбек Барақбаевты өз істерінің үздіктері деп атауға болады. Аталған азаматтар біздің түлектерімізді өндірістік тәжірибе орындарымен қамтамасыз етіп, жұмысқа алып, қарқынды қызмет етуде. Қазақ ұлттық университетінің магистрлері «балық шаруашылығы» мамандығының түлектері Динара Беккожаева, Асхан Шаметов АҚШ пен Чехияның жоғарғы оқу орындарында өз білімін жалғастырып жатыр. Ванина Татьяна мен Иментай Айман Чехияда PhD диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Жоғарыда айтылған Тұрсынәлі Марлен биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының оқытушыларымен бірігіп, «Балық – мектеп» ЖШС оқытушы орталығында Қазақстанның әр өңірінен өз жерінде жеке балық өсірумен айналысқысы келетін жандарға балық өсірудің негіздерін, бизнес бастаудың қыр-сырларына үйретіп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факульетінде Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессор – оқытушылар құрамы отандық балық шаруашылығына білікті мамандар дайындауда аянбай еңбек етіп келеді.Н.САПАРҒАЛИЕВА, Г.КЕГЕНОВА, Н.ШАМИЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультеті биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының оқытушылары