Тағы да су баспай ма?
Тағы да су баспай ма?
108
оқылды

Әр көктем сайын еріген қар мен жауын-шашынның әсерінен көше, сай-саласын су алатын қалалар же­­терлік. Мұндай жағдайда бас­қаны қоя тұрып, елорда тұр­­­ғын­­­да­ры да су кешіп кететіні жасырын емес. Сол үшін мың­даған техника жұмыл­дырады. Әйткенмен әдет­тегідей себебімен емес, сал­да­­ры­­­мен күре­­сетіндей. Қала ішінде суа­­ғар­лар да жолға қойыл­маған тәрізді. Ал жуырда қар еритінін ойласақ, «қай­­тадан қала­да су ке­­шіп кетпей­міз бе?» деген күмән болары хақ.

Келген әкімді жауын-шашын шаршатады

Қала ішінде жол салғаннан кейін оның жиегін қуалай суағар арықтар салынуы тиіс екені қарапайым адамға да түсінікті. Содан соң кәріз жүйесі іспетті арықтағы су қала сыртына айдалуы қажет. Дегенмен мұндай қарапайым жүйе ел астанасында толық қарастырылмаған секілді. Бір көшенің жиегінде суағар болса, екінші көшеде мүлде жоқ болып шығады. Соның әсері ме, тізеден деп асыра сілтемейік, тұрғындар қар еріп, нөсер құйған сайын тобықтан су кешеді. Әсіресе Тұран, Б.Момышұлы даңғылдары мұндай дауға жиі ілігеді. Ондағы кәріз жүйесі жөнді жұмыс істемейтіні талай жылдан бері айтылып келе жатыр. Сәйкесінше, әкімдік те неше жылдан бері нендей жұмыс істеп жатқандарын айтып әлек. Бір қызығы, жауын суын тартып алатын арықтардың басым бөлігі бас қаламызда соңғы рет 40 жылдан аса уақыт бұрын қазылған екен. 2019 жылы елордада жаңбыр суын тазартатын 13 құрылғы мен 3 су жинайтын тоған, 18 мың құдық пен 400 шақырым кәріз жүйесі бары айтылды. Әйтсе де, жауын-шашын мен қар суына келгенде мұның бәрі түк емес. Тап осы мәселені шеше алмай елордаға әкім болып келіп-кеткендердің мазасы қашқан-ды. 2017 жылы сол кездегі елорда әкімі Әсет Исекешевтің тұсында Есіл өзенінің жағалауында нөсер суын жинап, тазартатын кәріз нысаны салынған еді. Нысан тәулігіне 19 590 текше метр (4 мың бассейн суы) суды сүзгілей алатын. Проблема мұнымен бітпеді. Одан кейін әкім болып тұрған шағында Бақыт Сұлтанов та осы түйткілді айтып, жауаптыларды біраз сынаған. Қазіргі әкім Алтай Көлгіновтің тұсында да халық нөсер суын кешіп үлгерді. Жалпы, қала бойынша су жиналып қала беретін 32 орын бар екен. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов нөсер суының кәріз жүйесін толық шешу үшін кемі 2-3 жыл керегін айтқан болатын. Тек нөсер суын тазартуға байланысты жобаның өзіне 3 млрд теңге қарастырылған. Биыл қар былтырғыдай болмаса да, аз жауған жоқ. Қазірдің өзінде әкімдік күн жылыса ери кететін қарды қала сыртына тасу үшін жұмысшы мен техника жұмылдырып әлек. Кей күндері 40 мың текше метрге дейін қар шығарылып жатыр. Демек, әкімдік қол қусырып отыр деп айып таға алмаймыз. Аз да болса су кешпестің қамын жасауда. – 1 200 техника мен 2 мың жұмысшы қар тазалау үшін жұмыс істеп жүр. Қар мөлшері көбейген сайын бірінші кезекте жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер, яғни алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар қардан тазартылады. Ондай кезде жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс істейді, – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Кәріз жүйесі жаңартуды қажет етеді

Жауыннан кейін су кешіп жүрген тек елорда жұртшылығы емес екені анық. Мұның өзі басқа өңірлерде де суағар мәселесінің өзекті екенін көрсетеді. Әрі бұл тек қалалардың емес, ауылдар мен шағын елді мекендердің де мәселесі. Бір сөзбен айтқанда, суағар мәселесіне кешенді көзқарас жоқ бізде. Кейде қар мен жауын көп жауа қоймайтын қалалардың өзінде бір мезет нөсер құя қалса тұрғындарының су кешіп кететінін білеміз. Дайындық болмаған соң техника мен жұмыс күші де қауқарсыз қалады. Жыл басында Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа отырысында халық қоныстанған 300-ге жуық мекенді еріген қар суы басуы мүмкін екені айтылды. Оның ішінде шағын қалалар да бар екен. Анығы бір нәрсе – өңірлерде кәріз жүйесін жолға қоймай, суағарды ретке келтірмейінше қарды сыртқа тасу шығын мен бейнеттің өзі ғана. Мұндайда еріксіз ойымызға дамыған елдердің тәжірибесі оралады. Австрияның Вена қаласы нөсер суын тиімді пайдалану бойынша әлемде алғашқылардың бірі. Бұл елде жаңбыр суы тазартылып, оның 50 пайызы тұрмыстық қажеттілікке жұмсалса, қалған 50 пайызы тиімді пайдалану үшін кәсіпорындарға жіберіледі. Ал Германияда жаңбыр суын канализацияға емес, жасыл желек пен егінді алқаптарды суару үшін жинауға мүмкіндік жасалғаны тіптен қызық. Осылайша, біз «табиғи зардап» деп таңбалап тастаған дүниені өзге елдер пайдаға айналдырып отыр. Сөз соңында нөсер суын канализация арқылы айдауға қарағанда, біз айтып өткен Австрия мен Германия тәжірибесі еліміз үшін қолайлы болатынын жеткізгіміз келеді. Оның үстіне, Қазақстан соңғы кезде ауыл шаруашылығына баса назар аударып отыр. Мұны да жауын-шашын суынан қор жинау арқылы аздап өтеуге болатын тәрізді. Өйткені бұл мәселеде қарекетсіз қалсақ, әкімдіктер қанша есеп бергенімен, көктемде толарсақтан су кешкен қала жұртының наразы­лығы таусылмасы белгілі.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ