Қызылордада газ баллоны жарылып, 4 адам қайтыс болды. Жантүршігерлік жағдай дүйсенбіде, сағат 12.30 шамасында Қармақшы ауданы Жосалы кентінде болған.
«Үй әп-сәтте қызыл жалынға оранды. Аудандық бөлімнің 14 қызметкері 3 көлікпен оқиға орнына барды. Газ баллонының жарылуынан баспананың бір қабырғасы құлап, толығымен жанып жатқан. 4 адамның денесі үйінділер астында қалып қойған. Көршісінің миына зақым келіп, аудандық ауруханаға түскені анықталды», – деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев. Марқұмдардың туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, Сыр елі жұртшылығы атынан облыс әкімі көңіл айтты. «Бұл ешкімге оңай тиген жоқ. Осы мәсе-ле – менің тікелей бақылауымда. Өрттен, судан, басқа да апаттан аман болайық, жерлестер!» – деді Гүлшара Әбдіқалықова Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында. Осы сияқты оқиға 9 наурыз күні түнде Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» саяжайында тіркелді. Құтқарушылар оған пештегі ақау әсер етуі мүмкін деп отыр. Анық-қанығын сараптама қорытындысы көрсетеді. Әйтеуір, адам аман. Үйді паналап келген отбасының «далада қаламыз ба?» деген қорқынышы сейілгендей. Жергілікті билік қолдан келген көмекті жасап, жарымжан көңілге жалау болды. Қыс – өрт өршитін уақыт. Жұрт жаппай пеш жағып, газ қолданғасын қайғылы жағдай жиі болады. Сондайда қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін ескермейтіні өкінішті. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алғашқы екі айда өрт салдарынан 9 адам зардап шегіп, 5 адам көмірқышқыл газына уланды. Мәселен, жаңа жылдың алғашқы аптасы қызылордалық құтқарушылар үшін қауырт болды. 1 қаңтарда қаланың «СПМК-70» шағынауданында аулада тұрған темір тұлпар өртенді. Сонымен қатар «Сәулет» шағынауданында үй отқа оранды. Қызыл жалын сол маңда ішімдік ішкен екеудің ерегесінен туған көрінеді. Дәл сол күні түн жарымында облыс орталығының саяжай бөлігінде газ баллоны жарылып, уақытша құрылыс нысанын шарпыды. Төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнынан 3 адамның мәйітін тапты. Олардың 2-і – жасөспірім, туыстарына қонаққа келсе керек. Үшіншісі – 53 жастағы қара жұмысшы. «Үй иелері газ баллонын толтырған. Оны даладан жылы жерге кіргізгесін қысымы көтерілген. Қайғылы жағдайға осы әсер етуі мүмкін. Оның үстіне, бізге хабар кеш түсті. Барған кезімізде уақытша тұрғын үй толық жанып кеткен еді. Тұрғындар қауіпсіздік талабын көп елеп-ескере бермейді. Мұндай оқыс оқиғалар пеш мұржасын дұрыс тазалатпағаннан, электр желісінің қысқаша тұйықталуынан, газ қондырғыларындағы ақаудан жиі кездеседі. Кейде ауладағы қоқысты немесе қураған шөпті бақылаусыз өртеп, жел күшейгенде ол сарайға, көлікке, гаражға, ең әрісі үйге тиіп жатады. Сондай-ақ көпшіліктен баланы үйде қараусыз қалдырмауды сұраймын. Бала отпен ойнап, бүтін бір отбасы опық жеген жағдай бар», – дейді департаменттің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Әбділда Баякеев. Құрылым қызметкерлері үй-үйді аралап, осының бәрін құлаққа құюының кемі жоқ. Көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғыны орнату жұмысы да қарқынды жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін сатып алынған 3 838 датчиктің 3 723-і көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйіне орнатылды. Соның арқасында 3 отбасы қайғылы жағдайдан аман қалғанын айтуға тиіспіз. Төтеншеліктердің аяғына оратылатын кедергі аз емес. Мысалы, кейбір аулалар мен үйлердің кіреберістерінде темір плита, бетон қоршау тұр. Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үйлердің аулаларында су көздері жоқ. Көше бойында өрт гидранттары болғанымен, іске алғысыз. Шын мәнінде, өрт – материалдық шығыны жоғары тілсіз жау екенін ескерсек, оның салдарымен күрескеннен гөрі алдын алу әлдеқайда тиімді.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы