Президент Жарлығынан соң іле-шала Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында жаңа ауданның құрылуына орай алғашқы тарихи салтанатты шара өтті. 12 ауыл округі бойынша 100 мыңнан астам адам Сауран ауданының тұрғыны атанғанын жария еткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шорнақта жергілікті тұрғындарымен кездесіп, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бастау алған игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты. Жаңа аудан орталығында алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи Жарлығынан соң қасиетті Түркістан төңірегінде мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі өте ауқымды жұмыс басталған еді. Үш жылға жуық уақыт ішінде Түркістан қаласының өзінде қаншама құрылыс нысаны бой көтеріп, қыруар жұмыс жалғасуда. Енді сол игілікті бастаманың шарапаты облыстағы аудандар мен қалаларға да тиіп отыр. Атап айтсақ, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылып жатқан ауданын ерекше атауға болады.
Тарих бетінде іргетасы қаланып жатқан ауданның жаңа тіршілігі басталды.
Ақорда хандығының астанасы болып, іргелі елге пана болған ортағасырлық Сауран қаласы бір заманда тіршілігі жанданған сәулетті қала болған. Енді, араға сан ғасырды артқа тастап, тарихи сананың жаңғыруы нәтижесінде үйіндіге айнала жаздаған ортағасырлық қала қайта жаңғыруға бет алды. Атап айтқанда, бағзы замандарда өзінің ерекше өркениетімен, елді қорғау бағытындағы қиян-кескі соғыстарда қорған болған және сәулеті ерекше алып мұнараларымен әлемді таңғалдырған еді. Сауран енді басқаша бағытта дамымақ. Яғни, алыс-жақын елдерден келген туристерді тамсандырып қана қоймай, жаңғырған тарихи атауымен іргесінде құрылып жатқан жаңа ауданның экономикалық дамуына да өз үлесін қосатын болады. Түркі жұрты кие санаған Түркістан мен Сауранның қайта дамып, түлеп жатқанынан үмітті ел мұны үйлесімін тапқан іске балап, қуанып отыр.
Өйткені Сауран ауданы тек туризммен ғана емес, ауылшаруашылық және өндіріс орындарымен де қатар дамитын болады.
Жиналған жұрттың алдында сөз алған облыс әкімі Ө.Шөкеев барша халықты құттықтап, жаңа ауданның келешегіне тоқталды.
«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақорданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға деп білемін», – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Жаңа Сауран ауданының әкімшілік орталығы Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округі шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шараның жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.
Облыс әкімі өз сөзінде жаңа ауданның даму жоспары жайлы бөлісті. Шорнақ ауылы аудан орталығы ретінде дамиды. Жаңа ауданды құру арқылы аудан құрамына енетін елді мекендердегі мемлекеттік қызметтерді алу сапасын көтеруге жол ашылады. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдық беріледі. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады.
Қолданыстағы заңдарға сәйкес, Мемлекет басшысының ауданды құру туралы Жарлығын орындау мақсатында әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше, мәслихат келісімімен аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.
Облыс әкімі атап өткендей, алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Әзірге бұл мемлекеттік органдар мен аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмысын жүргізеді.
Жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады. Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округінің жалпы көлемі – 650 мың гектар.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы