Іс-шара «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесе отырып, Сукмён Қыздар университеті музейінің қолдауымен, сондай-ақ Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Кореяның Халықаралық мәдени алмасу қорының «Саяхат жасаған корей өнері – 2021» жобасы негізінде ұйымдастырылды.
–
Елбасы кітапханасы қазақстандықтарға шетелдің дәстүрі мен мәдениетін таныстыруды жалғастырып, бүгін «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесін назарларыңызға ұсынып отыр. Бірнеше жылдар бойы Корей мәдени орталығымен бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылды. Кезекті көрменің шымылдығын түре отырып, екі ел арасындағы достық байланысын бекіте түсетіндігіміз анық. Дәл осындай шаралардың шеңберінде елорда тұрғындары мен қонақтарына Корея Республикасының тарихи мұрасы мен бағалы өнерімен жақын танысуға мүмкіндік туады. «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі бізді дәстүрлі корей тұрмысымен таныстырады. Бүгінгі ұсынылған костюмдерден, керамика мен ағаштан жасалған үй керек-жарақтарынан корей халқының көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан ұлттық әдет-ғұрыптарының бояуын көре аламыз, – деді көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
– Бүгінгі көрмеге арнайы уақыттарын бөліп келген барлық қонақтарға алғысым шексіз. Сонымен қатар, Елбасы кітапханасына ерекше алғысымды білдіргім келеді. «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі біз үшін ерекше мәнге ие болып, жүрекке сәл жұбаныш сыйлайды деп үміттенемін. Пандемиядан қажыған жандар үшін Кореяның ерекше түстерін бейнелейтін түрлі киімдер, ұлттық әшекейлер және қолөнер туындыларымен танысуға тамаша мүмкіндік. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылы Қазақстан мен Корея азаматтары бір-бірін жақсырақ білуі үшін екі ел арасындағы мәдени байланысты кеңейтудің орны ерекше деп үміттенемін. Алдағы уақытта Корея Республикасының елшілігі мен мәдени орталығы қызықты, танымдық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр, – деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок.
Іс-шараға шетелдік елшілер, Мәжіліс депутаттары, оқу орындары мен мәдени мекемелерінің, ғылыми-зерттеу және ұлттық мәдени орталықтардың басшылары қатысты.
«Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесінің экспозициясында корейлердің дәстүрлі киім үлгілерінің артефактері мен репродукциялары саналатын жәдігерлер, кореялық дәстүрлі тұрмыстық заттарын ұсынған Корея авторларының, Сукмён әйелдер университеті түлектерінің заманауи жұмыстары ұсынылған. Көрме жәдігерлері «бес түс – бес негізгі бағыт» тұжырымдамасы негізінде дайындалды.
Көрмемен танысу үшін әлеуметтік қашықтықты сақтауға және экспозицияда еркін жүруге мүмкіндік беретін аудиогидтерді қолдануға болады. Аудиогидтер көмегімен көрме туралы ақпаратты мемлекеттік, орыс, ағылшын және корей тілдерінде тыңдауға болады.
Көрме басталғанға дейін корейлердің «хварот» дәстүрлі той көйлегін қағаздан жасау бойынша шеберлік-сынып өтті, оған Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының тәрбиеленушілері қатысты.
«Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі 16 мамырға дейін жалғасады.