Nur Otan: тұрғындарды толғандырған мәселе талқыланды

Nur Otan: тұрғындарды толғандырған мәселе талқыланды

Covid-19 коронавирус инфекциясының пандемиялық таралуын тоқтатудың ең тиімді тәсілі – қатаң карантиндік шаралар мен жаппай вакцина салу арқылы халықтың  жасанды иммунитетін қалыптастыру. Әлемдік ғалымдар осылай дейді. Алайда індетке қарсы жүргізіліп жатқан екпе бойынша халық арасында алып қашпа әңгімелер жиі айтылады. Одан бөлек, вакцинаны тасымалдау, сақтау, ағзаға әсері сынды  мәселелер тұрғындарды әлі де алаңдатып отыр. Осы және өзге де халықты алаңдатқан бірқатар мәселелер  Nur Otan  партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында талқыланды.  Алдымен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбитбек Пазылов баяндама жасап, өңірде осы бағытта  атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша облысқа ағымдағы жылдың 31 қаңтарында, ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы, 27 қаңтардағы  «ҚР халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының  алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» №3 қаулысы регламенті талаптарына сәйкес, "Спутник V" вакцинасының алғашқы 1000 дозасы қабылданып, 01-17 ақпан аралығында бұл вакциналар 100%-ға азаматтарға егілген. Олардың  939-ы медицина қызметкерлері болса, 61-і қала тұрғындары. Қазіргі таңда, осы вакцинаның екінші партиясы яғни – 3600 дозасы қабылданып, бүгінде 1571 медициналық қызметкерлер, 252 оқытушылар, 29 полиция қызметкерлері мен өзге де 107 азаматқа егілген.  Вакцина алған барлық тұрғындардың денсаулық жағдайлары аймақ дәрігерлерінің бақылауында, қолайсыз жағдайлар немесе асқыну жағдайлары әзірге тіркелмеген. Басқарма басшысы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес,  өңірге барлығы  80 000 доза вакцина кезең-кезеңімен жеткізілетінін айтып, егу жұмыстары  ағымдағы жылдың шілде айына дейін жоспарланып отырғандығын атап өтті. Жиында вакцинаны сақтау мәселесі де сөз болды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша препараттар минус 18°С төмен температурада, барлық деңгейлерде вакцинаны сақтау суықтық тізбегіне сәйкес тасымалданды. Тасымалдау, суық элементтері бар термоконтейнерлерінде, жабдықталған арнайы автокөлікте авторефрижератормен жүзеге асырылды. Вакциналарды қабылдау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен арнайы комиссия құрылған. Қабылдау кезінде комиссия мүшелері толықтай қатысып, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ережелерінің орындалуы қатаң қадағаланды. Вакцина авторефрижераторлардан түскен кезде экспедитор-жүргізуші бүкіл жол бойында температуралық тәртіптің сақталуын растайтын терморегистратордың деректерін ұсынды. Осы тәртіппен, вакциналар облыстағы 11 БМСК ұйымдарына жеткізілді. Оның 8-і аудандық, 3-і қалалық БМСК ұйымдары. Вакцина қабылданған барлық медициналық ұйымдардың  егу кабинеттері тоңазытқыштармен, басқа да сақтау және тасымалдауға арналған құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіліп, егу жұмыстары санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Вакцина бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлері, оқытушылар, студенттер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен  созылмалы аурулары бар тәуекел топтар өкілдеріне егілмек. Айта кеткен жөн, коронавирусқа қарсы екпе ерікті түрде, яғни вакцинация алуға азаматтар өз еркімен келісім беру арқылы жүргізіліп келеді.  

Н.ҚАЗБЕКОВ,

Қызылорда облысы