84 жастағы қарт адамды пышақпен қорқытып, тонап кеткен
84 жастағы қарт адамды пышақпен қорқытып, тонап кеткен
89
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жедел басқару орталығының «102» арнасына белгісіз тұлғаның қарт адамды пышақпен қорқытып, ірі сомадағы ақшасын ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. «Байқоңыр» ауданы ПБ қызметкерлері тергеп-тексеру барысында 84 жастағы елорда тұрғынының дәрі-дәрмек сатып алу үшін банктегі депозиттен 300 мың теңге ақшасын шешіп алғанын анықтады. Банктен шыққаннан кейін қарт кісі бұрын күзетші болып жұмыс істеген жерге барған. Үй-жайға кірген кезде артынан белгісіз ер адам кіріп келген. Зейнеткерді жерге құлатып, үстелдің үстіндегі пышақпен қорқытып, ақшасын алып кеткен.

Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол бірнеше рет сотталған 42 жастағы елорда тұрғыны болып шықты. Істің мән-жайын анықтау барысында күдікті банкте шоттан ақша шешіп алып жатқан қарт кісіні байқаған. Қазіргі кезде ұсталған адам жасаған іс-әрекетін мойындады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті УҰИ-ға қамауға алынды. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті азаматтарға мұқият болуды ескертеді. Қаскүнемдер көбінесе жасына байланысты қарсылық таныта алмайтын азаматтарды таңдайды.

Нұр-Сұлтан қ. ПД Баспасөз қызметі