Бүгін ішкі істер министрлігі Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бес полицейдің жарақат алғанын хабарлады. Олардың ішінде үшеуіне оқ тиген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің айтуынша, оқ тиген үш полицей бытырадан жарақат алды. Төртіншісін тас тисе, бесіншісі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жеңіл жарақат алған.
"Оқ тиген полицейлердің жарақаты ауыр емес. Олар ауруханаға жатудан бас тартты. Біреуіне ота жасалды. Себебі бытыра көздің маңайына тиген. Қалған екеуінің де бытырасын шығарып алды", - деді Калайчиди журналистерге берген сұхбатында.Оның сөзіне қарағанда, бүгінде екі аңшы мылтығы тәркіленді. Бұдан бөлек, бір травматикалық және бір пневматикалық тапанша бар. "Осы қаруды ұстаған адамдар ұсталды. Үш тәуліктің ішінде тиісті шешім шығарылады", - деп атап көрсетті Калайчиди.