БҚО-да мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
БҚО-да мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
БҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, Батыс Қазақстан және көршілес Атырау облысы аудандарында мал ұрлығымен айналысқан топ ұзақ уақыт бойы жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 13 наурыз күні қолға түскен. БҚО-ның үш тұрғыны қамауға алынып, басқа да ашылмаған мал ұрлығына қатыстылығы тексерілуде. Қылмыстық топ малдың етін ғана алып, басы мен ішек-қарнын оқиға орнында қалдырып кетіп отырған. Тайпақ полиция бөлімінің қызметкерлері малдың терісі, басы мен ішек-қарнын тапқан. Екі облыс тұрғындарынан түскен арыз нәтижесінде мал иелері табылды. Олар Атырау облысы Индер ауданының тұрғындары болып шықты.
«Қазіргі кезде Атырау облысының үш, сондай-ақ, Батыс Қазақстанның бірнеше тұрғыны жәбірленуші ретінде тіркелді. Барлық арыздар бойынша мал еркін жайылып жүрген жерінен ұрланған. Арнайы жедел тергеу тобы құрылып, жұмыс істеуде. Толық ақпарат тергеу аяқталғаннан кейін берілетін болады», – деді Е.Арыстанов.
Биылғы екі айда облыс аумағында 38 (2020 жылы осы мерзімде – 70 (45,7 пайызға аз), мал ұрлығы тіркеліп, соның 21-і ашылған.